Медицина • 21 Маусым, 2022

МӘМС: Сақтандырылған пациенттің сағы сынбауға тиіс

212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандастарымыздың денсаулығын сақтау мәселесі күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе екені анық. Әсіресе жаһанды жайлап алған COVID-19 инфекциясы кезінде бұл салаға ерекше мән берудің маңызы артты. Алайда әбігерге салған індетті әупірімдеп жүріп еңсеріп, аурудың беті бері қараған шақта да ақ желеңді азаматтардың иығында тұрған жауапкершілік жүгі бір мысқал кеміген жоқ. Кемігені былай тұрсын, атқарылар жұмыстың ауқымы кеңейді. Бұған еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қолға алынып жатқан қыруар жұмыс дәлел бола алады.

МӘМС: Сақтандырылған пациенттің сағы сынбауға тиіс

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өскелең ұрпақтың амандығына алаңдайды

Жастар денсаулық орталықтары міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру аясында жұмыс істе­геннен бері оған жүгінушілер саны да айтар­лықтай артты. Мәселен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері медициналық қызметтер үшін 2,2 млрд теңгеге шарт жасалды. Өткен 5 айда 182 мыңнан аса қызмет көрсетіліп, оған 431 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бүгінде Жастар денсаулық орталықтары жас буынның денсаулығын сақтау мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Тиісінше, орталық қызметтеріне деген сұраныс артып келеді. Міндетті түрде құпиялылықты сақтау әдісімен жастарға арналған қызметтер ұсынылады.

– Пациенттердің медициналық көрсеткіштеріне қарай кешенді диаг­нос­тикалау, емдеу, кеңестік, профи­лактикалық, медициналық, әлеуметтік, зертханалық зерттеулер және оңалту шараларына жолдама беріледі. Қабыл­дауды білікті мамандар жүргізеді. Олардың қатарында акушер-гинеколог, психолог, уролог-андролог, психотерапевт, психиатр, дерматовенеролог, әлеуметтік қызметкер және фельдшер бар, – деді Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қорының заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаменті дирек­торының орынбасары Жанар Ботагарина.

Орталықтарда 12-17 жас аралы­ғын­дағы жасөспірімдерге және 18-29 жас аралығындағы жастарға қызмет көрсетіледі. Олардың ерекшеліктеріне қарай кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек беріледі. Бүгінде ел аумағында қалалық, аудан­дық емханалар мен жекеменшік клиникаларда барлығы 218 орталық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұмыс істейді.

– Жастар денсаулық орталықтары кәмелетке толмағандарға медицина­лық-психологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне айналды. Басты мақсат – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, соның ішінде ерте жыныстық белсенділік пен ерте жүктіліктің алдын алу, жүктіліктен сақтандыру дәрілерін (контрацептивтерді) қолдану, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру, – деді Ж.Ботагарина.

Сақтандыру жүйесі жауапкершілік жүктейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі меди­циналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мә­селесіне тоқталып, «2020 жылғы
­1 қаң­­тардан бастап Қазақстанда міндетті әлеу­меттік медициналық сақтанды­ру жүйесі іске қосылады. Әрқайсысы­ңыз­ға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 трлн-нан астам теңге бөліне­ді. Міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандырудың жүзеге асырылуы меди­циналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту­ға бағытталған. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамы­туға қосымша 2,3 трлн-нан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінің беде­ліне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауап­кершілікпен қарауы қажет. Біздің қателесуге құқымыз жоқ», деген еді.

Осылайша, Жолдауда айтылған сақ­тандыру жүйесінің жұмыс істеп келе жат­қанына да міне, екі жарым жыл­дан астам уақыт өтті. Осы уақыт ара­лығында аталған жүйенің қоржынына ауыз толтырып айтуға болатын қомақты қаражат түскені анық. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру­ға жарналар мен аударымдар ретінде 2022 жылдың І тоқсанында шамамен 229,4 млрд теңге түсті. Бұл қаражат Ұлт­тық банктегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады. Биылғы үш айдың қорытындысы бо­йынша, 229,4 млрд теңгенің едәуір бөлігі, яғни 90,4 млрд теңге – халықтың жеңілдікті санаттары үшін төленген мем­лекеттің жарналарын құрады. Олар­дың тізіміне 18 жасқа дейінгі бала­­лар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмысс­ыз­дар ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар және тағы басқалар кіреді.

Жасөспірім шақ – албырт сезім алабұртатын, сенімді серік іздейтін кезең. Ата-ана баласы қабылдаған ше­шім­дерді түсінбесе, қолдамаса, тіпті балаға мүлде көңіл бөлмесе жас ұрпақ психикалық өзгерістерге ұшырауы бек мүмкін. Бұл болмағанның өзінде, бала өзін толғандырған жағдайды өзге адамға айтуға жасқанатын, қорқасоқтай­тын жағдайға тап болады. Жастар денсау­лық орталығында мамандар өскелең ұрпаққа мектеп қабырғасындағы алалау, қудалау, буллинг әрекеттері, ересектер немесе құрдастар тарапы­нан жыныстық қол сұғушылық, зорлық-зомбылық құрбаны болу, өне бойы­нан жыныс­тық жолмен берілетін ауру белгіле­рін анықтау немесе ерте жүк­­ті болу секілді түрлі мәселелерге қатыс­ты жа­ғымсыз жағдайлардың басын ашу­ға және оның оң шешімін табуға кө­мектеседі. Дегенмен, әрбір жас аза­мат өз денсаулығы үшін басты жауап­кершілікті өзі сезінгені дұрыс. Бұл ретте, ата-ана тәрбиесінің де маңызы зор.

Азаматтар сапалы көмек күтеді

Медицина саласында, әсі­ресе осы міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақ­тандыру жүйесінде шеші­мін таппай келе жатқан маңызды мәсе­­лелер баршы­лық. Мәселен, күні кеше Мәжі­лістің жалпы отырысын­да депу­тат Гүлдара Нұрымова Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутат­тық сауал жолдады. Бұған медицина­лық қызметтер­дің тарифтерін көтеруде ­2022 жылы қаражаттың толық бөлінбеуі себеп болды. Оның айтуынша, қаржы жет­кіліксіздігі, медициналық қызмет көр­сетуде халықтың қолжетімділігінің төмендеуі нәтижесінде түрлі шағымдар туындауда. Бұл ретте медициналық қызметкерлер күрделі жағдайда қа­лып отыр. Яғни бір жағынан, сақтан­ды­рылған азаматтар, заңды түрде сапалы көмек көрсетуді талап етсе, екін­ші жағынан, Әлеуметтік медициналық сақ­­тандыру қоры, қаржыландыру жос­парынан аспауды міндеттейді.

«Сонымен қатар ӘМСҚ белгіленген жоспардан тыс түскен ақшаны арты­­ғымен орындау ретінде алып, ұйым­­дардың онсыз да жеткіліксіз бюд­жетін орындалмаған сомаға қысқар­тады. Бұған қоса, КТ, МРТ, УДЗ, зертха­налық талдау­лар, бейінді мамандар­дың консультациялары және тағы басқалар сияқты маңызды тексерулер кіретін барлық КДҚ ішінен тек стоматологиялық қызметтер ғана БМСК дәрігерінің жолдамасынсыз, өз бетінше жүгінуі бойынша жүргізіледі. Бұл отбасылық дәрігер қағидатын бұзады», деді депутат.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің еңбек­ақысының орта есеппен 30%-ға өсуіне байланысты базалық тариф тек 9,8%-ға, жан басына шаққандағы норматив 12%-ға ұлғайды. Бұл дәрілік заттарды сатып алу жөніндегі кәсіпорындар­дың, МӨ, коммуналдық қызметтердің шығыс­тарын және жалақыға арналған шығыстарын да толық өтемейді.

«Мысалы, IV санаттағы жедел жәр­дем тарифтері төмен. Яғни бір тұр­ғынға 39-44,8 теңге. Бұл іс жүзінде шығыстарды тек 30%-ға жабады. Иық буынының рентгенографиясының тарифы – 880 теңге. Хирургтің кеңесі – 2 068 теңге. Медициналық қызметтердің барлық басқа тарифтерінде де осындай ұқсас жағдай. Бұл проблемалар Павлодар, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде бар. Сонымен қатар 2021 жылғы мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі – 7,4 млрд теңгені және МӘМС қоры – 2,3 млрд теңгені игермеген», деді Г.Нұрымова.

Оның айтуынша, қор көбіне негізсіз айыппұл санкцияларын қолданады. Бірақ қор қызметкерлеріне бонустар мен сыйақылар шкаласы кеңінен пайдаланылады.

«Медициналық қызметтер тариф­терін көтеруге қаражаттың толық бө­лін­беуі және осының салдарынан қар­жыландырудың жеткіліксіздігі кре­­диторлық берешектің пайда бо­луына, халыққа медициналық қыз­мет көрсетудің қолжетімділігінің төмен­деуіне, шағымдардың туындауына және жалпы әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келеді. Бұл ұйымның қызмет етуінің мақсатқа сай екендігіне қатысты, оған жүктелген міндеттерді қаншалықты ақтағандығына қатысты сұрақтар туындайды», деді спикер.