Қазақстан • 21 Маусым, 2022

Ұлы мүмкіндіктер уақыты

1321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстан құру міндетінің ауқымына кіретін мәселелер өте көп. Бұл орайда сыбайлас жемқорлықтан мүлде ада ел ретінде танылу Жаңа Қазақстанның бас­ты белгісі болуға тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді.

Ұлы мүмкіндіктер уақыты

Аталған міндетті күн тәртібіне шығара алудың өзі үлкен мүмкіндік. Ендеше, осы мүм­кіндікті өз орнымен пайдалана білу – елді­гі­міздің белгісі. Әгәрәки, мұны өз дең­гейін­де пайдамызға асыра алмасақ осындай сәт­ті кезең бұдан кейін маңдайымызға қайта бұйы­ра ма, бұйырмай ма, оны бір Тәңірі біледі.

Қазіргі таңда халықтың басым бөлігі біздің Жаңа Қазақстан құра алатынымызға бек сенімді. Ал екіншілерінің күдігі басым. Қазақстанның жаңа дәуірі басталғанына сенетін азаматтар қазіргі атқарушы биліктің оң қадамдарын айтып, көңіліңді көтеріп тас­тайды. Ал Жаңа Қазақстан құру идеясының орындалуына сенімі төмен қауымның уәжін тыңдасаң, шынында, айтарға сөз тап­пай қала­сың. Олардың пікірлеріне бас шұл­ғып келісу­ден өзге лажың да қалмайды. Бұл топ­тағы­лардың пікірлерінің ішіндегі басқасын айтпа­ғанда, жемқорлыққа қатысты ойлары кімде де болса әрі-сәрі күй кештірмей қоймайды.

Шын мәнінде, бүгінде сыбайлас жемқор­лыққа қатысты деректер, сандар, әсіресе мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлық қоғамдағы көңіл күйдің еңсесін зілдей басып тұр. Осындай кеселден еңсесі езілген ел қашан құтылады? Егер одан құтыла алмаса Жаңа Қазақстан құру идеясы «боза үстіндегі бос әңгіме» болып қалатыны сөзсіз. Тағы да сөзі мен ісінің арасы тым алшақ қоғамда өмір сүруге мәжбүр боламыз.

Біздің қоғамда бұрыннан мемлекеттік қызмет саласы сыбайлас жемқорлықтың мызғымас ордасына айналған. Бұл осы салада жауапты мемлекеттік қызметін өзінің жеке «патшалығындай» көріп, оны жеке басының қызығына пайдаланатындар дәуірінің ұзаққа созылғанын, әлі де жалғасып отырғанын айғақтайды. Лауазымды тұлғаларға жауапты қызметті халық ресми түрде сеніп тапсырмағаны аталған мәселенің туындауына жол ашып беруде. Өйткені әлгі лауазымды мемқызметкерге ел алдындағы жауапкершіліктен гөрі өзін тағайындаған «қожайынының» көңіліне қарап жалпақтау маңызды. Жаңа Қазақстан құру жолында осы мәселені әділ сайлау тетігі арқылы шешу көзделгенімен, мақсатқа толық жете аламыз ба? Бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалуда. Егер осы сауалға өз дәрежесінде жауап тауып бере алмасақ, мемлекеттік қызмет саласындағы «бармақ басты, көз қысты» әдет, жағымпаздық, жең ұшынан байланысу, тағы басқалар тоқтамайды.

Бүгінде елімізде лауазымды тұлғалардың, түрлі деңгейдегі шенеуніктердің жемқор­лық­пен айыпталуының тым жиілеп кетуі, ра­сында, біздің «Жаңа Қазақстан құра аламыз ба, жоқ па?» деген сыңайлы күдігімізді көкейімізде семірте түсуде. Күмән араласқан жерде сенімге орын жоқ. Ал халық сенімі жоқ жерде ешқандай іс өнбейді: жөнді не жөнсіз шеру, орынды не орынсыз пікірлер ішкі егес арнасында бұлқына береді. Бұл бұлқыныс ернеуден асқанда барлық игі идеялар утопияға айналуы бек мүмкін.

Халық өзінің қазынасына заңсыз қол сұққанды немесе сеніп тапсырылған қыз­меттік өкілеттігін көлденең табыс көзіне айналдырғанды кешірмейді. Кінәсі нақты дәлелденсе, оны қалай жазаласа да қой демей­ді. Өйткені халық бұл тақырып бүгін­нің тағдыры мен келешектің кемел болуы жөнінде екенін жақсы түсінеді.

Бүгінде лауазымды қызметке жайғассам, содан талайларға «көке» болсам, еңбекақыдан бөлек көлденең табысқа кенелсем деген ниеттегі жас буын өкілі аз емес. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың бүгін-ертең жолы кесіле қалмайтынын ұқтырады. Рас, Ислам дінінен хабары мол, ненің адал, ненің харам екенін ажырата алатын, ақыретін ойлайтын ұрпақ та жетіліп келеді. Бір өкініштісі, олар мемлекеттік қызмет саласын былыққа батқан орта деп бағалап, оған барғысы келмейді. Тәуекел деп барғандарының бір бөлігі ниеті бұзықтармен мәжбүрлі түрде жемтіктес болып кете барады, ал екінші бөлігі ат-тонын тастай сала тұра қашып, құтылады. Осы қашып құтылғандардан жөн сұрасаң, айтатындары: «Былыққа батып тоқ жүргенше, арымды адал ұстап аш жүргенім артық». Демек иманды жастарымыздың мемлекеттік қызмет саласына әзірге жаппай бара қоюы екіталай дүние.

Қорыта айтқанда, еліміздің жаңа дәуіріне сыбайлас жемқорлық деген жегі құртты енгізбейік. Қазақстан – жаңа дәуірге, биік белеске бет түзеген ниеті таза ел, ал сыбайлас жемқорлық – батырашпиғылды қаскөйлердің қолындағы айбалта. Елімізге Құлагердің тағдырын кештірмейік.