Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жариялаған есебіне сәйкес, Қазақстан желілік дайындық индексі бойынша 148 елдің ішінде 38-ші орынға ие болды. 2013 жылмен салыстырғанда рейтингтік көрсеткіште 5 сатыға жоғарылап, ТМД мемлекеттері арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Қазақстанның алдында 37-ші орынға Кипр мемлекеті, ал 39-шы орынға Латвия мемлекеті орналасқан. Ресей болса аталған көрсеткіш бойынша 50-ші орынға тұрақтады. 2014 жылғы ДЭФ рейтингісінде Финляндия, Сингапур, Швеция мемлекеттері көш бастап тұр.
Желілік дайындық индексі елдегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың (АКТ) даму деңгейіне байланысты анықталады және бірнеше көрсеткіштерден құралады.
Көрсеткіштерге келер болсақ, Қазақстан ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша 3-ші орынды иеленсе, кең жолақты Интернет желісіне қолжетімділік бойынша 8-ші орында. Ал, ұялы байланыс тарифінің көрсеткіші жөнінен 17-ші орында.
«Егемен-ақпарат».