Мамандардың айтуына қарағанда, еліміздің аумағында палеолит дәуіріне тән артефактілер көп емес. Бұған дейін Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз болып келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгір анықталған. Оның сыртында, соңғы жылдары Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай тауындағы Тұттыбұлақ үңгіріне заманауи технологияларды пайдаланып жүргізілген сканерлеу жұмыстары нәтижесінде, бұл нүктеде осыдан 41 мың жыл бұрын, яғни орта тас дәуірінде тұрақ болғаны анықталыпты.
Ал бұл реткі, қазақ-неміс бірлескен экспедициясы халықаралық жоба аясында, мамыр айынан бастап Алматы облысы Кербұлақ және Еңбекшіқазақ аудандарында зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысуда. Нәтижесінде, жоғарыда атап өткеніміздей, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Тікенекті-2» нысанының мәдени қабатынан орта тас дәуірі, кейінгі палеолит және неолит дәуірлеріне жататын артефактілер анықталды. Сонымен қатар қазба жұмыстары барысында табылған жануарлар сүйектері мен көмір қалдықтарын зертханалық сараптамаға жіберу жайы да қарастырылуда екен.
«Археологиялық қазба жұмыстары халықаралық жоба болғандықтан мұнда Ұлттық музей қызметкерлерімен қатар Испания, Грекия, Германия, АҚШ елдерінің зерттеушілері, сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де белсене атсалысуда. Екі шәкіртіміз палеолит дәуіріне қатысты докторлық диссертациясын шетелде қорғайды», дейді бірлескен жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Қожахметұлы.
Айта кетейік, аталған бірлескен экспедиция келесі кезекте Қазақстан аумағынан палеолит дәуіріне тән ескерткіштерді іздестіру мақсатында, алдағы күндері жұмысын Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыс аумағында жалғастырмақ.