Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, отандық компанияларда сапалы білім алған, жаңаша ойлайтын, цифрландыру, заманауи технологиялар, экосақтау секілді салаларды жақсы меңгерген мамандарға үлкен қажеттілік туындап отыр.
– Қазақстанда шикізат емес, кадр тапшы. Сондықтан ғылым мен бизнестің өзара байланысын арттыратын жаңа тәсілдер мен жаңа орта қажет, – дейді Н.Радостовец.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлының мәліметінше, еліміздегі 37 жоғары оқу орнында өндірістік өңдеу саласына қажетті кадрлар даярланады. Олар 22 мыңға жуық адамды оқытады. Білім беру бағдарламалары аясында кадрлар даярлауға қатысты мемлекеттік тапсырыс келесі бағыттарды қамтиды: тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру, металлургия, тау-кен инженериясы және металлургиялық инженерия. 2021-2022 оқу жылында 2 050 грант бөлініпті.
– 2018 жылы «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілген кезде жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық еркіндігі кеңейтілгені мәлім. Академиялық еркіндік аясында жоғары оқу орындары еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді һәм жаңартады. Сонымен қатар өндірістік өңдеу саласы бойынша 62 білім беру бағдарламасы енгізілген арнайы тізілім бар. Оның 7-і инновациялық бағытты қамтиды, – дейді Е.Әмірбекұлы.
2022 жылы тау-кен металлургия кешені секторы бойынша 2 099 адам жоғары оқу орнын аяқтады. Оның 1 690-ы немесе 80 пайызы жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 830 адам жоғары оқу орнын тәмамдады. Реформалардан колледждер де сырт қалған емес. Ондағы техникалық және кәсіптік білім модульдік-құзыреттілік тәсілге қарай ойысып келеді.
Жастарды жұмысқа орналастыру үшін министрлік арнайы портал құрыпты. Онда түлектердің түйіндемелері орналастырылады. Жоғары оқу орындарында оларды жұмысқа орналастырумен айналысатын арнайы орталықтар жұмыс істейді.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының бірінші орынбасары Төлеген Мұқановтың пікірінше, нақты өндіріс пен білім беру бағдарламаларының арасындағы алшақтық жер мен көктей.
– Сол себепті студенттер алып жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Осының салдарынан қолында дипломы бар түлектер көп жағдайда жұмысқа орналаса алмай жатады. Оның үстіне жұмыс берушілер жоғары оқу орнын енді бітірген түлектің тәжірибесінің жоқтығын алға тартып, жұмысқа қабылдамайды. Қабылдаған күннің өзінде еңбекақысы төмен орынды ұсынады. Жастарды мұндай орын қызықтырмайды, әлбетте. Сондықтан олар коммерциялық құрылымдарды таңдайды. Сөйтіп, меңгерген мамандығына сай емес салада еңбек етуге мәжбүр. Студенттердің өндірістік практикадан өтуі, оларға тәлімгерлерді бекіту де көп проблеманың бірі, – дейді Т.Мұқанов.
Министрлік өкілі Е.Әмірбекұлы білім беру бағдарламалары қайта қарауды қажет ететінін мойындап отыр. Бірақ бұл жерде де мәселе бар. Мәселе – тау-кен металлургия кешенінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби стандарттардың жоқтығында. Сондықтан оларды әзірлеуге жұмыс берушілер, оқу орындары тегіс қатысуға тиіс. Жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғанын ескерсек, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табуы мүмкін.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, адам ресурстарының қаншалықты маңызды екені пандемия кезінде ерекше байқалған.
– Біз білікті кадрлардың жекелеген кәсіпорындардың ғана емес, тұтас мемлекет табысының кепілі екенін анық түсінгендей болдық. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда адамдардың көбі экономист, қаржыгер, заңгер секілді дәстүрлі мамандықтарды таңдады. Соның салдарынан құзыретті техникалық кадрлардың тапшылығы пайда болды. Сол себепті тау-кен металлургия саласындағы кәсіпорындардың көбі шетелден техникалық мамандарды іздеуге мәжбүр, – дейді Т.Жолмағамбетов.
Аталған проблеманы шешу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәсіпорындардың инженерлік-техникалық персоналының шамамен 1 мың өкілін оқыту және тағылымдамадан өткізу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру үшін заңнамалық түзетулер әзірледі. Бұған жұмсалатын шығынның 80 пайызын мемлекет көтереді де, қалған 20 пайызы кәсіпорындардың есебінен өтелмек.
Т.Жолмағамбетовтің пікіріне сүйенсек, салада тағы бір жүйелік мәселе бар.
– Жастардың көбі орта техникалық мамандықтарға барғысы келмейді. Ал кәсіпорындарда оларға деген сұраныс жоғары. Сондықтан мемлекет бизнеспен бірлесіп, жастарды тарту үшін ынталандыру шараларын әзірлеуі қажет. Сонда жастар жұмыссыздығы, сондай-ақ кәсіпорындардағы кадрлар тапшылығы мәселесі шешіледі, – дейді Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары.
Жуырда елордада өткен Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысқан Мәскеудегі «МИСИС» ұлттық зерттеу технологиялық университетіне қарасты Тау-кен институтының директоры Александр Мясков салаға кадр даярлау ісіндегі сын-қатерлерді атап көрсетті.
– Жастар тау-кен металлургия саласын таңдағысы келмейді. Демек, бұл мамандықтың жастар арасындағы беделі төмен. Бұл – бір. Екіншіден, қазір дәстүрлі салаларда трансформация жүріп жатыр. Бұған цифрландыру және басқа да өзгерістер жатады. Үшіншіден, салалық мамандарға деген сұраныс азаюда. Бұл тұтас әлемді шарпып отырған үрдіс. Төртіншіден, әлемдегі тау-кен металлургияға қатысты ғылым нашарлап кетті. Бесіншіден, білім беру форматы өзгеруде және еңбек нарығында да өзгеріс көп, – дейді А.Мясков.
Оның пікіріне қарағанда, қазір демографиялық сын-тегеуріндерге байланысты өндіру мен өндірістің өсуі, шикізаттық және өнеркәсіптік аймақтардың оқшаулануы, өндіру технологиялары мен тұтыну технологияларының өзгеруі, баламалы энергетиканы дамыту, роботтарды, жасанды интеллект пен цифрлы теңсіздіктерді пайдалану, жұмыскерлердің қысқаруы мен трансформациясы, өндірістің терең экологизациясы жаһандық трендке айналып отыр.
– Болашақта жоғары еңбекақы төленетін 30 кәсіптің ішіне инженер-механиктерді, химик-инженерлерді, тау-кен және геологиялық инженерлерді, эколог-инженерлерді қосар едім. Аса қажетті мамандықтарға жүргізілген зерттеу көрсеткендей, барлық сұраныс жұмысшының кәсібімен тікелей байланысты. Сондықтан университеттер қажет пе, олар өнеркәсіптің сұранысы бойынша қанша тау-кен инженерін дайындай алады деген сұрақ туындайды. Біліктілікке қатысты мәселе әлем бойынша тым тереңдеп кетті. Мәселе мынада. Инженерлік мамандықты меңгергендер жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс істей береді. Өйткені онда ұсыныстар көп. Ал жұмыс беруші жоғары білімі бар тау-кен инженерін таңдайды. Екеуінің жалақысында үлкен айырмашылық бар, – дейді А.Мясков.
Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, еңбек нарығында жұмыс істейтін әрбір үшінші қызметкердің құзыреті тым артық не олар орындайтын қызмет үшін жеткіліксіз. Соның салдарынан біліктілікке қатысты мәселе қалыптасады. Бұл жағдай жұмыс берушілерге әсер етеді. Әсіресе пандемия кезінде қатты байқалды. Мәселен, жаһандық еңбек ресурстарының 85 пайызы төмен және орташа білікті қызметкерлерден тұрады. Автоматтандыру мен цифрландыруға байланысты 2030 жылға қарай кәсіптердің үштен бір бөлігі өзгереді. Міндеттердің 14 пайызы қазірдің өзінде автоматтандырылуы мүмкін. Ал 2025 жылға қарай қызметтің жаңа түрлерінің үлесі 27 пайызды құрамақ. Бұл ретте техникалық дағдылар 3-5 жыл ішінде ескіріп, жұмыс берушілердің 45 пайызы талап етілетін біліктілігі бар қызметкерлерді іздестіруде қиындықтарға тап болады деген болжам бар.
Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Бақыт Манасбаеваның айтуынша, кадрлық мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыстар жүрізіліп жатыр. Мәселен, қауымдастық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, бос жұмыс орындарына арналған онлайн-жәрмеңкелер өткізуді қолға алмақ.
– Осы жылдың 27-29 маусымында министрлікке қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп электронды еңбек биржасы базасында алғашқы республикалық бос жұмыс орындарына арналған онлайн жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда ERG, Kaz Minerals, «Алтыналмас», «Полиметалл», «АрселорМиттал Теміртау», KSP Steel сияқты қала құраушы ірі кәсіпорындар өз қызметін таныстырып, еңбек жағдайлары мен бос жұмыс орындарына қатысты ақпарат береді. Ол жерде ZOOM арқылы онлайн-сұхбатқа қатысуға мүмкіндік бар. Жәрмеңке қатысушылары үшін жұмыс берушілердің электронды еңбек биржасында немесе меншікті HR-платформаларында орналастырылған бос жұмыс орындарының сілтемелері қолжетімді болады, – дейді Б.Манасбаева.