Экономика • 22 Маусым, 2022

Есепсіз рубльден қалай құтыламыз?

224 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздің ең басты сауда серіктесі – Ресей. Әлбетте, сатарымыздан сатып аларымыз көп. Яғни сауда қатынасы біз үшін теріс сальдоға ие. Сосын да рубльдің мысы басым. Ол асқақтаса асқақтап, құлдыраса, бірге жер сүземіз.

Есепсіз рубльден қалай құтыламыз?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстанда 50 млрд рубль жатыр

Соңғы 5 ай көлемінде Ресейге жаппай санкция жарияланғалы бері аталған елдің азаматтары елімізге көптеп ағылды. Өздерімен бірге буда-буда рубль ала келді. Оны теңгеге айырбас­тады. Сөйтіп, бір-ақ күнде арзан әрі мол дүниеге ие болып, «мынау бір жердегі жұмақ екен-ау» десті.

«Банк ЦентрКредит» басқарма төр­ағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, Қазақстанға келіп жатқан қуатты рубль ағынына байланысты банктер мил­лиард­таған теңгеден айырылып жатыр.

«Кез келген шектеу теңсіздікке әкеліп соқтырады, ақырында тарап­тардың бірі зардап шеге бастайды. Қазір қолма-қол рубль бойынша тең­сіздік туындады. Сәуір айында Қазақ­станда қолма-қол валютаны алып шығуға шектеу қойылды. Шектеу тең­геден өзге валютаның бәріне қатыс­ты. Ресей де сондай шектеу енгіз­ді. Салдарынан Қазақстанға қарай ре­сейлік рубльдің ағыны басталды», деді «Банк ЦентрКредит» басқарма төр­ағасы Ғалым Құсайынов.

БЦК басшысының сөзінше, ресей­лік­тер өз елінде аса көп емес көлемде рубльді шешіп алып, Қазақстанға келіп, 10 мыңға дейін доллар мен еуро сатып алып, әртүрлі тауар алып, қайта кетіп қалады. Осы қолма-қол ақшаның бәрі банктерге беріледі. Банктер қолма-қол рубльді қабылдап алып, қолма-қол доллар мен теңге береді.

«Менің бағалауым бойынша қазір Қазақстанда 50 млрд-тан астам қолма-қол рубль бар. Қазіргі курс бойынша 350 млрд теңгеден астам қаржы. Бұл сома банк жүйесіне ай сайын 4,4-5,8 млрд теңге шығын келтіріп отыр. Қолма-қол рубль экономикада жұмыс істемейтіндіктен, ешқандай пайда әкелмейді. Осыған байланысты банктер қолма-қол ақшамен жұмыс істеуге тыйым салудан бастап, қолма-қол ақшаны қабылдау комиссияларына дейін және қолма-қол ақшаны сатуға теріс спрэдтерді белгілеуден бастап қорғаныс тетіктерін құруда. Бұл проблеманы шешпесек онда теңсіздік әрі қарай тереңдей береді. Ресей карталарының Қазақстанда жұмыс істемейтінін ескерсек, көлеңкелі нарық секілді рубль ағыны да арта бермек. Шын мәнінде, қолма-қол және қолма-қол ақшасыз рубль бойынша қосарланған курсты және рубль бо­йынша әртүрлі схеманың бар екенін байқауға болады», дейді ол.

Рубль Қырғызстаннан да келеді

Экономист Рүстем Жансейітовтың айтуынша, ресейліктер рублін теңгеге айырбастап, арзан өнімге қарық болып жатыр. Қазір 1 рубль 8,04 теңгеге тең. Бұл сірә, тарихи максимум. 

«Тіпті біразы жылжымайтын мүлік алып қалуға тырысып жатыр. Егер жаппай доллар әкеліп жатса, бұл біз үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Рубльді жинап жатырмыз, жинап жатырмыз, сосын оны қайда апарып жұмсаймыз? Енді бірнеше айдан соң бұл біз үшін проблема тудырады. Бізде рубль курсы биржалық сауда арқылы емес, директивті тәсілмен бекітіледі. Өйткені айырбасталатын теңгені айырбасталмайтын рубльге ауыстыру тиімсіз, оған бір жерден бірдеңе сатып алу қиынға соғады. Егер теңгеге қатысты рубль курсы әрі қарай өсе берсе, онда бізге Ресейден кез келген тауарды сатып алу қиынға соғады. Қаржылық реттеуші теңгені рубльге сатуға қатысты қандай да бір шектеу енгізеді деп ойлаймын», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстанның мұндай қадамы (әрине, сондай қадамға бара алса) Ресейге ұнамайды. «Бірақ қалай болғанда да мұның мәжбүрлі шара екенін түсіндіруіміз керек. Ал Ресейдің қайтадан жаһандық нарықтың қалыпты қатысушысы атана қоюы екіталай», дейді Р.Жансейітов.

Экономист Эльдар Шамсутдинов еліміздің екінші деңгейлі банктерінде 400 млн рубльден астам ақша жиналып қалған деген дерек айтады.

«Рубль Қырғызстаннан келді. Ол жақта пешті жылытатындай көлемде рубль бар. Қазақстаннан рубльді алып шығу мүмкін емес. Өйткені нау­рыздағы Президент Жарлығына сәйкес 10 мың доллар эквивалентінен асатын сомадағы валютаны елден алып шығуға болмайды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің рубльді, оның ішінде ескі валютаны әкетуге рұқсат беру туралы өтінішін қабыл алған жоқ», дейді Э.Шамсутдинов.

Ұлттық банк рубльді шығаруға рұқсат берді

Сарапшы бұл пікірін мамырда айтқан. Бәлкім, көптің үніне құлақ асты, Ұлттық банк 2022 жылдың 15 шілде – 31 тамызы аралығында екінші деңгейлі банктердің респуб­лика аумағынан ресейлік валютаны бір реттік негізде шығаруына рұқсат бермек. Қаулы жобасында қолма-қол рубль көлемі нарықтық сұраныстан асып түсті деп мәлімдейді.

«Қазір екінші деңгейлі банк­тер­де ішкі валюта нарығындағы сұра­ныстан асатын көлемде қолма-қол Ресей рублінің жинақталып қал­ғаны бай­қалады. Бұл Қазақстан Рес­пуб­ли­касынан қолма-қол шетел валютасын әкету бойынша қолданыстағы шектеулерге байланыс­ты. Жобада 2022 жылғы 15 шілдеден бастап 2022 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта екінші деңгейлі банктердің қолма-қол Ресей рублін бір реттік тәртіппен әкетуге рұқсаты көзделген. Бұл ретте сома 2022 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша кассалардағы қалдық шегінде болу­ға тиіс. Рұқсат қолма-қол рубльдерді қолма-қол ақшасыз формаға айырбастау үшін және банктердің корреспондент­тік шоттарын толықтыру мақсатын­да енгізіледі», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Алайда Ғалым Құсайынов рубльді елден шығару бір реттік емес, тұрақты негізде жүзеге асырылуы керек деп санайды.

«Рубльді шығаруға арналған бір реттік әрекет қолма-қол ақша мәселесін шешпейді. Сондықтан банктердің қолма-қол рубльді қабылдағаны үшін комиссияларды алып тастауы екіталай. Себебі Ресейде тауар тапшылығы енді күшейіп жатыр. Бізге келетін қолма-қол ақша ағыны тек күшейе береді. Банктер қолма-қол рубльді сатып алу және сату теңесетіндей етіп комиссия белгілейтін болады», дейді банкир.

Комиссияны көтере беру керек

Ғ.Құсайынов айтып отырған сөздің мәні былай. Отандық банктер рубль қабылдағаны үшін үлкен көлемде комиссия ұстап қалады. Мәселен, «Банк ЦентрКредит» шотқа немесе депозитке салынған соманың 20 пайызын комиссия ретінде ұстайды. Jusan мен Forte-де комиссия – 10 пайыз, Halyk-та – 5 пайыз.

«Банктер рубль массасына қызмет көрсетпеуі үшін осындай шараларды қолға алып отыр. Бұл негізінде бөгет болуға арналған комиссия. Қазір мен өз шотыма рубль салар болсам, менен 20 пайызын ұстайды. Бұл әрине, қымбат. Оған қарамай салсам, банктер еш кедергісіз қабылдайды, есесіне біраз ақшалы болады», дейді экономист Арман Бейсембаев.

Телеграмдағы Risk Takers каналы­ның жазуынша, банктер рубльді қабылдай отырып теңге мен рубльдің құбылмалы болуына байланысты өзіне өте үлкен нарықтық тәуекелді алады.

«Банктер рубльді ала отырып бір­неше жағымсыз эффектіге тап болады. Бұл – валютаны қайта бағалаудың жағым­сыздығы, резервтеудің қосым­ша коэф­фициенті және тұрақты қор­лан­дыру коэф­фи­циентінің төмен­деуі. Рубль «тұза­ғына» түспес үшін банк­тер комиссия­ны көтеруге мәжбүр», деп жазды канал.

Шұғыл түрде басқа дос табу керек пе?

Депутат Аманжан Жамалов соңғы үш айда теңгеге қатысты рубль курсы 50 пайызға қымбаттап, еліміздің рубльдік инфляцияға тап болып жат­қанын айтады. Осының салдарынан экономика мен халық биыл екінші ауыр соққыны алды. Оның айтуынша, бірінші соққы теңгеге қатысты доллар бағамы 520-ға шығып кеткен кезде болды. «Сол кезде долларлық импорт 20 пайызға қымбаттаған. Қазір ресейлік импорттың 50 пайызға қымбаттауын көріп отырмыз. Ұлттық банктің мұндай саясаты кезінде инфляцияны ауыздықтау туралы айтудың өзі қисынсыз», дейді депутат.

«Рубльдің артынан салпаңдай беру теңгені бір күні жарға жығары анық. Сол үшін тез арада Ресейдің экономикалық ықпалынан босап шығудың амалдары қажет. Импортты әртараптандыру, Қытай, Түркия, Үндістан, Иран, Өзбекстансыз мүмкін емес. Сондықтан жалғыз Ресейге қарай бермей, басқа көршілеріміздің де бар екенін ұмытпайық», дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Экономист Алмас Чукин де осындай пікірде. Сарапшы енді Ресейден тауар сатып алуды азайтып, Қытаймен сауда қатынасын күшейту керек деп есептейді.

«Қытаймен сауда серіктестігін күшейту – экономиканы әртараптан­дырудың маңызды бағыты. Бірақ тауар айналымының күрт өсуі логисти­калық проблема тудырмас үшін екі ел арасындағы темір жол қатынасын кеңейтуге тура келеді. Қытай қазір бәрін өндіреді. Жақында жұмысқа А4 қағазын әкелді. Ресейлік емес, тайван­дық өндірістікі екен. Сапасы да ресей­ліктен әлдеқайда тәуір. Қытаймен сауда қатынасына бизнес тез бейімделеді. Ал біздің өнімдердің Қытайда сатылуы біршама қиындау. Бұл үшін бәсекеге қабілетті өнімдер жасап, соны сата алуымыз керек. Бірақ әзірге Қытайға шикізат қана жіберіп жатырмыз. Біртіндеп балмұздақты қосқанда кондитерлік өнімдер де сата бастадық. Экспорт ақырындап өсіп келеді», деп оптимистік көзқарас танытады.

Шешім?

Рубль – күшті валюта. Қазір солай болып тұр. 1 рубль – 8,04 теңге. 1 доллар – 55,53 рубль. Сарапшылар мұның саяси шешімдер нәтижесінде мүмкін болып отырғанын, көп ұзамай қайта құлдырау басталатынын айта­ды. Қалай болғанда да рубль болаша­ғы­­ның баянсыз болатынын байқа­й­ды. Кеше 1 доллар 447 теңге болып, қайта әл­сі­­ре­ді. Бәлкім, рубльдің алдағы әлсі­­­реуі­не біздің валюта ертерек дайын­­да­лып жатыр... Шешім көп емес. Со­ның нақ­тысы – ел аумағынан рубльді барын­ша тезірек шығару. Басқа елдермен қуат­ты сауда қатынасын құру. Шикізат емес, дайын өнімдер есебінен экспорттық түсімді арттыру.