21 Мамыр, 2010

Ерболат ТӨЛЕПБАЙ: ҚАЗАҚТАН ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ ДЕ, ПИКАССО ДА ШЫҒАТЫНЫНА СЕНЕМІН

1383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елордадағы Президенттік мә­дениет орталы­ғын­да Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, әлемге аты кеңінен танымал, кескіндеме өнерінің айтулы өкілі Ерболат Төлепбайдың көрмесі өтті. Көрмені орталықтың директоры Мырзатай Жолдасбеков ашып, қыл­­қалам шебері туралы айта келіп, оның Рембрандт, Эль-Греко, Ве­лас­­кес, Сезанн секілді ерекше дарын иесі болып қалыптасып келе жат­қанын, Сальвадор Далидың Ота­ны­мыздағы ізбасары болып сана­ла­тынын, осы ұлы суретшінің 100 жыл­дығына орай Парижде көрме өткізгенін, сол көрмеде туынды­лары қатар тұрғанын тілге тиек етті. Ал Қазақстанның халық жазу­шы­сы, КСРО Мемлекеттік сый­лы­ғы­ның лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейі­сов Ерболат Төлепбайдың таланты­на көптен бері тәнті екенін, оның туындылары өнер әлеміндегі құбы­лыс болып саналатынын алға тартты. Францияның Қазақ еліндегі Төтенше және өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ мырза Төлеп­­­бай­дың екі рет Парижде көрме өткіз­генін, бір қарағанда суреттері ішкі құпиясын ашпайтынына, оны түсі­ніп, түйсінуі үшін ойлы көз, ояу кө­ңілмен зерделеу қажеттігіне дә­лел, дәйектер келтірді. Академик Жа­байхан Әбділдин сурет өне­ріндегі Ерболат Төлепбай шыққан биіктерді талдай келіп, әр дүниенің астарында терең философия жата­тынын, ол Жер-Анамен, таби­ғат­пен, аспан әлемімен ұштасып кететінін назарға салды. Қырық жылға таяу уақыттан бері қылқалам қуатымен төрткүл дүниені өзіне қаратқан Ерболат Тө­лепбай көрменің ашылу рәсімінен кейін жиылған жұртқа, қаумалаған халыққа алғысын білдіріп, жүрек­жарды рахметін айтты. Бір басына жетер атақ-абы­рой­дан кенде емес кемел суреткер осы уақытқа дейін дүниежүзінің 38 елінде, нақтылай түссек, АҚШ, Белгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция, Жапония және қазақ суретшілер арасында алғаш рет Эрмитажда көрмесін өткізіпті. Әлемнің даңқты мұражайларында туындылары Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Пикассо еңбектерімен қатар тұрға­нын да айта кеткеніміз ләзім. Су­рет­ші өз елімізде соңғы 15 жылдың көлемінде көрме өткізе қоймаған екен. Қылқалам шеберінің бұл көр­месі сол олқылықтың орнын тол­­тыру мақсатында ұйымдасты­ры­лып­ты. Оның көрмеге қойылған әр картиналарынан көшпелілерге, қа­заққа тән дүниетанымды байқап қа­на қоймай, жоғалтып алған жау­һа­рымен қайта табысқандай боласың. – Менің бұл көрмеме ұйытқы болған қазақ зиялыларының бірі – Мырзатай Жолдасбеков. Ол кісі сырт мемлекеттерде өткізіп жүрген көрмеңді елордада ұйымдасты­ра­лық, өйткені, Астана шенеунік­тер­дің қаласы емес, өнердің де алтын діңгегі болуы керек деген еді. Аға алдынан шығып көрмеген ата дәс­түр бойынша бұл игілікті іске 3 жыл дайындалдым. 5 жылда жа­са­ған 90-ға тарта туындыла­рымды қойып отырмын. Мынау дүниедегі құстың ұясынан бастап, нәріміз болып отырған нанның да тамыры бар. Ол жерден қуат алады. Ал адам­дар да сол секілді. Біріміз қа­лада, біріміз ауылда, біріміз көп қа­батты үйде тұрамыз. Соның бәрін көтеріп тұрған – Жер-Ана. Бар байлығың да сол Жер-Ананың қой­науында жатыр. Мен үшін құдірет саналатын бір ғана ұғым бар. Ол қарапайым адам өмірі. Сол қара­пай­ым адам өмірін суреттерімде сөй­летіп келемін. Жарқырағанға, жал­тырағанға құмар емеспін. Осы күнгі бір жағымсыз жайт мені ойға қалдыра береді. Ол қарапайым адамды көзге ілмей, басшыны көр­сек, не қалтасы қалыңды байқап қал­сақ, өзімізді өзіміз ұмытып кете­тініміз бар. Күн шықса ай көрінбей қалады деген секілді. Аспанда небір алып жұлдыздар бар. Ол мына жеріңізден 300 есе үлкен. Бірақ ол көрінбейді. Сол секілді кейде қа­рапайым адамның күлкісі естілмей­ді, тірлігі еленбейді. Тіпті, оның уайымы бізге жетпейді. Қарапайым отбасы таза еңбегімен күн көреді, тер төгеді. Ұрпақ өсіреді, үлкен же­тістіктерге тек еңбегімен жетеді. Жер-Ана бойындағы қуатын қалай сыйласа, қарапайым адам да жер секілді. Менің көңілімде сол қа­ра­пайым адам биікте тұрады. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, біз қазір есту, көру қабілетінен адасып жүрген­дейміз. Бұл арада мен біреуге ақыл айтайын, жөн сілтейін деп отырған жоқпын. Қысқа өмірде бір-бірімізге жанашыр, қамқор болайық дегім келеді. Осы көрмеде тұрған “Сыр­най­шы” деген сурет бар. Ол сурет бала кезімізде бірге өскен Түймебай деген азаматқа арналған. Қағылез еді. Бірақ, құлақтан ерте айырылып қалды. Ішкі қасіретін сырнай тарту арқылы шығаратын. Біз оның әдемі әуенін еститінбіз. Артынан кеуде­міз­ді көтеріп, кемістігін пайда­ла­нып анда-мұнда жұмсайтынбыз. Өзіңнен төмен санап, қыр көрсету өзін зор санайтын үлкендердің арасында қазір де жойылмай келеді ғой. Түймебайдың жан дүниесін кейін түсініп, әлемге танытуды мақ­сат еттім. Соның нәтижесінде аталмыш сурет өмірге келді. Бір жылы АҚШ-тың бұрынғы прези­ден­ті Билл Клинтонның інісі Род­жер Алматыға келіп, әлгі суретті атан түйедей қалап алып кетті. Қа­зір бұрынғы президенттің вилла­сы­ның төрінде тұр. Сөйтіп, қарапай­ым Түймебайдың бейнесі мұхит асты. Өмірді таза күйінде көрсет­сек, ол көшірме болып шығады. Мен қазір өзім үшін есепсіз өнер жолында жүрмін. Есеппен салатын яғни, тапсырыспен салатын сурет­терім сирек, – деген ол бұл өнерге жастарды баулуды балабақшадан, мектептен бастау керек екенін алға тартып, қазақтың эталонына ай­нал­ған Алтын адам туралы әңгіме өрбіткен. Біз кедей ел емеспіз. Бас­қаны былай қойғанда, тонна-тонна алтындарымыз жетіп артылады. Бірақ, сол алтындардың құны Ал­тын адамнан әлдеқайда аз. Себебі, Алтын адам тек қана алтын емес, ол өнер туындысы. Біздің ата-бабаларымыздың зергерлігін, білімі мен білігін көрсететін дүние. Қар­ныңды қампайту үшін тауып алған ат басындай алтынды сатып жібер­сең, оны ешкім білмейді. Ал бел­гісіз аталарымыздың қолынан шық­­­­­қан өнер туындысын олай істей алмайсың. Онда бүкіл ұлттың рухы жатыр. Алтын қолды атала­рымыздың бүкіл болмысы жатыр. Айтайын дегенім де, өнердің өл­мей­­тіндігін меңзеу. Ендеше, өнерге деген көзқарас өзгеруі тиіс. Біз кейде дамыған елдердің суретшілері өз күнін өзі көреді деп жатамыз. Шындығына келсек, олар біздің күйімізді осыдан 500 жыл бұрын кеш­кен. Қазір олардың музей­ле­рін­де өнер туындысын қоятын орын жоқ. Олардың ауқаттылары әлем­дегі атақты мұражайларды арнайы барып көруді үрдіске айналдырған. Сондай күнге біз де жетуге ұмты­луымыз керек. Кейде олар қайда, біз қайда дейтініміз бар. Данышпан Абай “Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз” демейтін бе еді. Мен табандап отырып шәкірт­тер дайындадым. Біздің ата-баба­ла­рымыздан қалған суретшілік өнер 5-6 ғасыр үзілістен кейін қайта жалғасын табуда. Оны келер күнге апаратын толқын-толқын ұрпақ. Мен сол толқын-толқын ұрпақтың іші­нен бір кездері Леонардо да Вин­чи мен Пикассоны көрсек дей­мін. Сонда дәл бүгінгідей эконо­ми­калық жетістігіміз секілді ұлтымыз­дың руханиятымен де төрткүл дүниеге танылар едік, – деп атақты суретші терең ой байламының бір ұштығына түйін жасады. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген автор.