Қоғам • 23 Маусым, 2022

500-ге жуық шомылу орны белгіленді

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда шомылуға рұқсат етілген 497 орын белгіленіп, оның ішінде 142-сі – коммуналдық, 341-і – жеке жағажай және 14 орынның иелерін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтты.

500-ге жуық шомылу орны белгіленді

Жауапты ведомствоның өкілі айт­қандай, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері республикалық деңгейде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында, сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссияларда қаралып, нақты міндеттері мен шаралары айқындалған.

«Халық ең көп жүретін 125 су айдынында Төтенше жағдайлар министр­лігінің 493 құтқарушысы тәуліктік кезекшілікті атқарып жатыр. Биыл су айдындарында бақылауды күшейту мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін шомылу маусымы баста­лы­сымен су қоймаларының қауіпті және күзетілмейтін бөліктерінде ми­нистрліктің қосымша 55 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа әкімдіктермен және су ма­ңындағы демалыс орындарының иелерімен, министрліктің жедел-құт­­қару жасақтарында даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушылар есебі­нен 377 нысандық құтқару бекеті жаб­дықталған. Зардап шеккендерге алғаш­қы медициналық көмек көрсету үшін коммуналдық және жеке жағажайларда 162 медициналық пункттің қызметі жолға қойылды», деді Б.Сыздықов.

Коммуналдық жағажайларда балалар үшін қауіпсіз арнайы орындар қарастырылыпты. Оның саны – 148. Мұнда құтқарушылар балаларға жүзу дағдыларын үйретеді.

«Республиканың аумағында 271 орнықты (стационарлы) және 161 тіректі-модульді бассейн бар. Қазір су көздерінің маңында 64 балалар лагері жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері аталған бассейндерде 50 мыңға жуық бала жүзу дағдыларын үйренді», деді Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы.

Бұған қоса 2GIS қосымшасында, Алматы облысын қоспағанда шомы­луға тыйым салынған (4 458) және рұқсат етілген (486) орындар туралы мәліметтер қамтылыпты.

Шомылу маусымы басталғалы жауапты орган Ішкі істер министрлігі, әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп 9 мыңнан астам патрульді бақылау мен рейд жүргізіп, бұған 25 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Заңды бұзған 537 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.

Арнайы жұмыстардың нәтижесінде биыл еліміздің су қоймаларында 50 адам құтқарылды. Оның ішінде 10 бала бар. Бұл орайда оқиға куәгерлері­нің көмегі септескенін айта кеткен орынды.

«Алайда қайғылы оқиға­лар да бар. Өкінішке қарай, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адамдар қаза болып жатқан жағдайлар тіркеліп жатыр. Атап айтқанда, 81 адам қаза тапты, оның ішінде 32-сі – бала. Былтыр 125 адам суға кетсе, оның 64-і бала болған. Адамдардың қаза болуы 35%-ға, балалардың қаза болуы 2 есе азайды. Шомылу маусымы басталысымен 36 адам суға кетсе, оның ішінде 19-ы – бала», деді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.

Қайғылы фактінің негізгі себепте­рі ретінде жабдықталмаған жерлерде шомылу мен балаларды қараусыз қалдыруы айтылып отыр. Министрлік өкілдері судағы қауіпсіздікті бұзған азаматтар Әкімшілік кодекске сәйкес жауапқа тартылатынын жеткізді.

«Азаматтарға айыппұл салынатынын ескерткіміз келеді. Ешқандай да ескерту жасалмайды, бірден 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады – 21 мың теңгеден жоғары. Полиция 364-ші және 440-баптарға сәйкес жеке және заңды тұлғаларды жауапқа тартатынын айта кету керек. Осындай 530-дан астам құқық бұзушылық тіркел­ді. Өңірлерде мәслихаттар бекіткен ортақ су пайдалану ережелерін бұзған азаматтарға айыппұл салынады», деді Б.Сыздықов.

Бірінші жағдайда ұсталған тұлға ескертумен құтылғанымен жыл ішінде заң бұзушылықты қайталаса – 2 АЕК көлеміндегі айыппұлды төлеуге тура келеді. Құзырлы орган мамандары су айдынында мас күйінде жүргендерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салу қарас­тырылғанын жеткізді. Суда жүретін жылжымалы техникаға қорғаныс күр­те­шесіз отыру, сондай-ақ жүзу құра­лының техникалық ақаулығы үшін де осы көлемде айыппұл салынады.