25 Сәуір, 2014

Мал өсіруге мүмкіндік мол

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Қазақстан-2050» Страте­гия­сында Елбасымыз ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауылшаруашылық өніміне өсіп отырған жаһандық сұра­ныс жағдайында ауқымды жаңғыртулар қажет деп атап көрс­етті. Соның нәтижесінде агро­өнеркәсіптік кешеннің эколо­гиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болуы керек екендігі де баса айтылды. Біз секілді шағын шаруа қожалығымен айналысатын кәсіпкерлерге 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесін 5 есеге арттыру керектігін тапсырды. Сонымен бірге Елбасымыз экспортқа шығаратын мал етінің мөлшерін 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Әрине, бұл өзекті міндетті орындау үшін ең алдымен жеке шаруа қожа­лық­тарының санын арттыру керек екендігі түсінікті. Жеке шаруа қожалықтары аудан көлемінде көптеп құрылған жағдайда, халық тұрмысы жақсарумен бірге халықтың еңбекпен қамтамасыз етілетіндігі де айдан анық. Бұл ел болып жұмылатын өте маңызды шаруа. Біз 15 отбасы ҚХР-дан Ақмола облысы Шортанды ауданы Новокубанка ауылына көшіп келгенімізге он жылға таяды. Бәріміз дерлік Қазақстан Республикасының азаматтығын алдық. Қазіргі күнде қолымыздағы малдың барлығын жинақтап көрсеткенде 100 басқа тарта сиыр, 300 тұяқтан астам қой, бес тұяқ жылқы малы бар. Ал осы отбасыларымыздағы 36 адам жазда қалаға барып, жұмыс істеп, өз нәпақаларын айырып жүрген болатын. 2013 жылы біз ойласа келе ағамыз Бекқожа Жылқыбекұлының ұйымдастыруымен шаруа қожалығын құруды жоспарға алдық. Сөйтіп жеңгем Әлімқожақызы Қосынгүл екеуміздің атымыздан «Ақмола облысының ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың директоры Ғалия Оспанованың тікелей жанашырлықпен қолдап-қуаттауының арқасында 6 миллион теңге несиелік қаражат алып, 28 бас сиыр сатып алдық. Былтырғы қысқа 70 тонна шөп, 80 тоннаға жуық сабан, 50 тоннадай жем әзірледік. Ауылымыздағы 6 азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Малды қолда ұстап бағып-баптау, жемшөп, тағы басқа да мәселелер былтырғы жылы ауыл әкімі Рахат Мардан мен «Новокубанка» шаруа қожалығының атқарушы директоры Я.Бельц мырзаның көмегімен және аудандық әкімдіктің қолдап-қуаттауымен шешімін тапқан болатын. Біз алдағы жоспарымызда жайылымдық жер мәселесі шешімін тауып, бізге жайылымдық жер мен шабындық жер берілетін болса, қолда бар малымызды отарлатып бағып, ауылымызда мал санын көбейіп, ауыл маңында жайылым жетіспеу мәселесін шешуді ойластырып отырмыз. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыздарбекұлы мырза мен шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Талғат Едігенов ағамыз бұл мәселенің оңтайлы шешім табуына қол ұшын бергелі отырғандығы бізді қуантып отыр. Біз сол арқылы болашақта «Сыбаға» бағдарламасы сынды ірі бағдарлама есебінен іргелі шаруа қожалықтардың біріне айналуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс өз ырғағымен біртін­деп жүзеге асып келе жатқан дәл осындай мамыражай кезеңде бәрі де өзіміздің құлшына еңбек етуімізге байланысты екендігі айдан анық. Қазір ынтасы бар адамға жұмыс жеткілікті. Шектеу қойып отырған ешкім жоқ. Қайта бізді барлық әкімшілік органдар мен қаржылық бөлімшелер қолдап-қуаттап отыр. Сәулетті Астанамыз іргемізде тұрғанда, Елбасымыздың тиімді саясаты қолдап-қуаттап отырғанда мал шаруашылығын еркін дамытуға болады деп есептеймін. Сұлтания ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ. Ақмола облысы.
Соңғы жаңалықтар