Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі Астанада электр пойыздары жүйесін құру жобасын қаржыландыруға уағдаласты. Бұл жоба астаналықтардың өмір сапасын арттыруға және қалаішілік қозғалысты жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде елордамызда Smart Astana(«Ақылды қала») жобасы іске асырыла бастады. Бұл заманауи технология бойынша жүзеге асатын жобаның алғашқы кезеңінде екі бағыт – «Қауіпсіз қала» және «Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы қолға алынады. Ал, 2017 жылға дейін «Ақылды қала» жүйесі толығымен іске асырылады.
Smart Astana жобасы еуропалық «ақылды қалалардың» үлгісі бойынша әзірленді. Жоба нәтижесінде қалада өмір сапасы артып, инфрақұрылым жақсарады, қоғамдық қауіпсіздік оң шешімін табады. Айталық, «Интеллектуалдық көлік жүйесі» аясында «ақылды бағдаршамдар» пайда болады. Бұл жүйе жолдарда көлік кептелісін болдырмайды. 2014 жылдың өзінде осындай 42 бағдаршам Сарыарқа, Тұран, Қонаев, Достық, Сарайшық, Сығанақ көшелерінде орналастырылады. Жоба бойынша әсіресе, қоғамдық көлік құрылымын дамытуға айрықша назар аударылады.
Қалада жеңіл рельстік көлік жүйесі құрылысы басталып, арнайы үлкен автобустар іске қосылады. Олар бейнебақылау, жүргізушіні қадағалау басқа да сақтық құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Көшелердегі жол қозғалысы сурет-бейне тәркілеу жүйелерімен жасақталып, қозғалыс ережесін сақтау автоматты түрде бақыланатын болады. Барлық ақпараттар нақты уақыт режімінде арнайы жедел басқару орталығына түседі. Көшелерде орталық операторларымен шұғыл байланыс және анықтамалық ақпараттар алу терминалдары орнатылады.
Жедел басқару орталығының құрылысын 2014 жылы салу жоспарланған. Ғимарат алаңы 5300 шаршы метрді құрайды, төбесіне ғимаратты жарықтандыратын жалпы алаңы 600 «шаршылық» күн сәулесінен нәр алатын құрылғы қойылады. Орталыққа деректерді табыстау желісі арқылы онлайн режімінде қоғамдық қауіпсіздік, коммуникациялар, қалалық қызмет көрсету, көліктік кептелістер, кәсіпорындар жұмысы туралы ақпараттар түсіп тұрады. Онда 200-ге жуық адам жұмысқа тартылмақ, олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық беріледі.
Электр пойыздары жүйесі – Астана әуежайынан қала орталығына дейінгі 14 шақырымдық аралық; қала орталығынан Астананың солтүстік бөлігіне және орталық теміржол вокзалына дейінгі 8 ден 10 шақырымға дейінгі қашықтық; жолды орталықта түйістіретін 18 шақырымдық аралық бағыттарын қамтиды. Негізінен электр пойыздары желісі қалаішілік қозғалысты жылдамдатуға жол ашатын заманауи трамвайлардан тұрады.
Азия даму банкі Қазақстан Үкіметінің шақыруы бойынша жобаның дайындығын қамтамасыз ету және кешенді тексеру жұмыстарын жүргізу үшін техникалық көмек көрсететін болады. Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыру үшін Азия даму банкі қажетті қаражат бөлді. Халықаралық кеңесшілер аталған жүйенің құрылысы кезінде қандай да бір қателікке жол бермеуге қолғабыс етеді, ал, Банктің ұзақ мерзімге берліген қаржысы жобаны қысқа уақыт ішінде, нақтырақ айтсақ, 2017-ші жылға дейін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Егемен-ақпарат».