Қазақстан • 23 Маусым, 2022

Бес күндегі үш сапар

388 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бес күнде үш мемлекетке ресми сапармен барды. Соның екеуінде экономикалық форумға қатысты. Ресми сапарлар мемлекетіміз үшін нәтижелі болды. Әсіресе экономикалық тұрғыдан. Қазіргідей алмағайып кезеңде елге тиімді байланыстардың көбейгені де, кеңейгені де құптарлық.

Бес күндегі үш сапар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Петербург форумы – тиімді алаң

Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусымда Ресей Президенті Владимир Путиннің арнайы шақыруымен Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысты. Форумға дейін Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен және Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен кездесу өткізді. Ресей құрамындағы екі республика да Қазақстан үшін маңызды серіктес саналады. Екі республикамен де сауда, экономика салаларында берік байланыс орнаған. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға да басымдық берілген.

Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 423 млн долларды құрады. Биылғы төрт айдың ішінде көрсеткіш 143 млн долларға жетті. Бұл ретте машина жасау саласындағы ірі жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Отандық компаниялардың Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруі тиімді жол. Мұны қос тарап та жақсы біледі. Сондықтан бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Ал Қазақстан мен Башқұртстан сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді. Башқұртстанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Оны одан әрі нығайту маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан тарапынан индустриялық әлеуеті жоғары бірлескен жобалар ұсынылса, қолдауға әзір екенін жеткізді.

Петербург халықаралық экономи­ка­лық форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар­дың назарын біршама маңызды мәселеге аударды. Әсіресе­ Еуразиялық эконо­ми­ка­­лық одақтың әлеуетін арттыру өзек­ті екенін алға тартты. Шынында да, қазір одаққа мүше барлық елдің эконо­ми­ка­сының жиынтық көлемі 2 трлн доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Пандемия мен дағ­да­рысқа қарамастан, одақ аясындағы ын­ты­­мақтастық дәйекті түрде нығайып келе­ді. Былтыр өзара сауда-саттық көле­мі Еуразиялық экономикалық одақ құ­рыл­ған уақыттан бергі ең жоғары дең­гейге жетіп, 73 млрд доллар болды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен үш­тен бір есе көп. Атап өтерлігі, одақ ая­сын­дағы Қазақстанның сауда-экономика са­ла­сындағы басты серіктесі Ресеймен өзара сауда айналымы былтыр үштен бір­ге артып, 24 млрд долларға жетті. Қазақ­стан үшін бұл – рекорд. Биыл аталған бағыттағы оң қарқын сақталып отыр.

Саяси шолушы Никита Шаталовтың айтуынша, Петербургтегі экономика­лық форум Қазақстан үшін тиімді алаң болды. Себебі мұндай форум Ресей Федерациясымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауға таптырмас жер.

– Украинадағы соғыс қимылдарына қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысқаны дұрыс болды. Өйткені Владимир Путин Қазақстан басшысын аталған форумға геосаяси жағдай шиеленіспей тұрып шақырған болатын. Егер Мемлекет басшысы бұл форумға қатыспағанда, өңірдегі негізгі серіктесіміз мұны біржақты бағалар еді. Тиісінше, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа да сызат түсер еді. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына жуырда берген сұхбатында Ресей турбулентті жағдайға қарамастан, Қазақстан үшін стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтты. Тереңге тартқан тарихи байланыстар мен географиялық жағдайдың өзі екі мемлекетті осыған жетелеп отыр, – дейді Н.Шаталов.

Сарапшының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында логистика және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтеруі орынды. Өйткені коронавирус пандемиясы мен геосаяси жағдай әлемдік логистикалық байланыстардың тізбегін бұзды. Осының салдарынан әлемдік инфляция өсті. Өкініштісі, атал­ған факторлар әлем үшін азық-түлік дағ­да­ры­сын туындатып отыр. Ал кей­бір өңір­лер аштықпен бетпе-бет келуі мүмкін.

– Қазақстан Президенті Петербург фору­мын Ресей Федерациясының субъек­тілерімен өңірлік өзара іс-қимыл­ды күшейту үшін тиімді пайдалан­ды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баш­құртстан және Татарстан прези­денттерімен кездесуі соның дәлелі. Ресей тек Санкт-Петербург пен Мәскеуден ғана тұрмайды. Путинмен де шектелмейтінін түсінуіміз керек. Әсіресе бұл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту тұр­ғысынан өте маңызды. Өйткені қолай­сыз инвестициялық ахуалға байланысты аталған өңірлердің инвестор­лары Қазақстанды өте әлеуетті алаң ретінде қарастырады. Форумға халықаралық журналистер қатысқанын ескерсек, біз бұл алаң арқылы батыстық серіктестеріміз­ге санкциялар режімін сақтау туралы сигнал бергендей болдық. Әрине, Ресей шектеулерді айналып өтуге көмек­тескенімізді қалайды. Бірақ біздің ұста­нымымыз әртүрлі деңгейде бірнеше рет келісілген. Яғни біз қайталама санкциялар салынатын салалар бойынша өзара әрекеттеспейміз, – деп толықтырды ол.

Н.Шаталовтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Петербургтегі форум алдында «Россия-24» телеарнасы­на сұх­бат беруі, халықаралық экономи­калық фо­румға қатысуы, жиында қойыл­ған өзек­ті сұрақтарға егжей-тегжей­ жауап беруі әлем назарын Қазақ­станға және оның Президентіне аударт­ты. Беделімізді де өсіре түсті. Ат аунаған­ша ақыл тауып ке­тетін парасатты Прези­денттің форум­дағы сөздерінен көп ой түюге болатындай.

Иран – Еуропаға ашылған қақпа

19 маусымда Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасына ресми сапар­мен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елге Президент Ибрахим Раисидің ар­­найы шақыруымен келді. Олар алды­мен шағын құрамда кездесу өткізді. Кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Иран – Каспий жағасындағы жақын көршіміз, сенімді серіктесіміз. Жан-жақты байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Сауда-экономикалық ынты­мақтастық кедергілерге қарамастан, бай­ланыс жылдан-жылға нығайып келе­ді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-сат­тық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қар­қынды тоқтатпай, барынша көбейту.

Сапар барысында ел Президенті Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат берілетінін айтты. Бұл түрлі саладағы ынтымақ­тастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристер­дің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіп­керлері осы жеңілдікті кеңінен қолданбақ ниетте.

Экономикалық зерттеулер институ­тының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-сәуірінде 253,2 млн долларды құрады. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 43,3 пайызға жоғары. Төрт айда Қазақстанның Иран бағытындағы экспорты 44 пайызға өсіп, 175,7 млн долларды құрады. Экспорттың өсуі бидай, пек және пек коксы, зығыр тұқымы, өңделмеген алюминий секілді тауарларды жеткізу көлемінің артуымен байланысты. Сонымен қатар арпа, рапс тұқымы, рапс майы секілді тауарлардың экспорттық жеткізілімі төмендеген.

Ираннан келетін импорттың көлемі де өскен (+41,7 пайыз, 77,6 млн доллар). Импорттың өсуі бұрыш, баклажан, стирол полимерлері, қоюландырылған және құрғақ сүт пен кілегей, сирек металдардың кендері мен концентраттары, пластмассадан жасалған тақталар мен табақтар, топырақты сұрыптауға және майдалауға арналған жабдықтар, жылтыратылмаған керамикалық плиткалар секілді тауарларды жеткізу көлемінің ұлғаюымен негізделіп отыр. Сондай-ақ пісте, кептірілген жүзім, алма, картоп секілді тауарлардың импорттық жеткізілімі төмендеген.

Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси Қазақстаннан Иран арқылы Түркияға баратын алғашқы контейнерлік пойызды жөнелту рәсіміне қатысты. Павлодардан шыққан жүк по­йызы Түрікменстан аумағы арқылы өтіп, бірнеше күннен кейін Тегеранға келді. Рәсім барысында мемлекеттер басшылары пойыздың ары қарай Түркияға жөнелтілуіне белгі берді. KTZ Express компаниясы ұйымдастырған пилоттық контейнерлік пойыздың құрамында әрқайсысының салмағы 20 фут болатын 48 тіркеме бар. Пойыз 12 күнде 6 336 шақырым жолды басып өтеді. Жүкті ауыстырып тиеуді қажет етпейтін жаңа трансұлттық қатынастың іске қосылуы балама бағдарларды әртараптандыруға және Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сарапшы Айбар Олжаевтың пікірін­ше, Қазақстан тарапы Иранмен және Түрікменстанмен дұрыс келісу арқылы құрлықтан оңтүстік дәліз ашпақ.

– Бұған дейін біз Ресейді Еуропаға шығатын есік деп санап, бар күшімізді солтүстік дәлізге салдық. Енді сол есіктің жабылып қалғанын көріп отырмыз. Егер ұтымды қимылдай алсақ, Түрікменстан-Иран-Түркия оңтүстік дәлізі арқылы құрлықпен бір транзиттік жол, Әзербайжан-Түркия-Еуропа Транскаспий теңіз дәлізін аша аламыз. Қазір Қытайдың да Ресей арқылы өтетін транзитіне балама іздеп отырғанын, «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға мүдделі екенін ескерсек, Қытай бізге қолдау білдіретіні анық. Жалпы, Қазақстан үшін көп нәрсенің бұдан былай Ресейге емес, Қытайға байланыс­ты екенін Президенттің Петербургтегі месседжінен байқадық. Біз оңтүстік дәліз арқылы толық солтүстік дәлізді ауыстыра алмаймыз. Бірақ екеуін теңестірсек те, біз үшін үлкен жетістік болады. Бұл ретте Ресей бізбен санаса бастап, халықаралық саудамызға түрлі себеппен кедергі келтіруін қоятын еді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі бағытымыз – логистикалық диверсификация. Дәл қазір ол экономикалық пайда әкелмесе де, бас­тысы тәуекелдерді азайтатын болады, – дейді А.Олжаев

Қазақстан мен Иран арасында қол қойылған құжаттардың қатарында темір жол тасымалын бірлесе ұйымдастыру және Қазақстаннан келетін жүктердің тарифіне жеңілдік беру қарастырылған. Демек бұл дәліз де тұрақты және ұзақ­мерзімді болады деуге толық негіз бар.

– Сапар барысында мұнай саласында да әріптестік туралы құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Иран ұлттық мұнай компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумды атап өтуге болады. Екі жақ қарсы болмаса, меморандумды нақты келісімшартқа айналдыру қиын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға жасаған сапарындағы негізгі мәселе де дәл осы мұнай экспортына қатысты болғанын түсіндік, – дейді сарапшы.

Қатардағы кездесу

21 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни­дің жеке шақыруымен екінші Қатар эко­номикалық форумына қатысты. Ма­ңыз­ды іс-шараның Bloomberg агент­тігінің қолдауымен ұйымдас­тырыл­­ға­нын ескерсек, Президентіміздің мәр­тебелі меймандар қатарынан табылуы Қазақстанды тағы бір мәрте әлем наза­ры­на іліктірді. Оның үстіне Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың In Conversation with President Tokayev атты ар­найы панельдік сессия­ға қатысуы, оны Bloomberg Television жүргізушісі Манус Крэннидің жүргізуі де халықаралық аренадағы беделімізді үстей түскендей.

Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясат­тағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығыстары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Қазақстан Президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қау­қар­сыздық танытып отырғанына тоқталды.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Президент Петербургтегі форумда да, Қатардағы форумда да нағыз дипломат екенін байқатты.

– Петербургте Қасым-Жомарт Тоқаевтың тезистері модератордың арнайы операцияға көзқарасы туралы сұрағына жауап ретінде айтылды. Сұрақ мынадай болды: «Сізден біздің арнайы операцияға қатысты көзқарасыңызды, оның сөзсіздігіне және біз ойлағандай оның заңдылығына қатысты пікіріңізді білгіміз келеді?». Қазақстан Президенті осы сұрақтан тек үшінші тезиске ғана жауап берді. Ол Ресейдің әрекеті туралы ештеңе айтпады. Ал Қатарда модератордың Байден әкімшілігінің мұнай өндіруді ұлғайту туралы талабына былай деп жауап қатты: «Мен сіздің сұрағыңызға жауап беруге қиналамын. Мен – Қазақстан Президентімін және Америка Құрама Штаттарымен достық және болжамды қарым-қатынаста болғым келеді». Жауап екіұшты. Бұдан Байденнің бастамасын қолдағысы келмейтінін түсінуге болады. Бірақ «достық және болжамды қатынастарды» бұзбау үшін бұл жайында ашық сөйлескісі келмейтінін де аңғартты. Әйтпесе, Қазақстан Ресеймен және ОПЕК-пен бірге мұнай бағасының көтерілуіне себепші болып отырғандай көрінеді, – дейді Д.Әшімбаев.

Саяси шолушы Никита Шаталовтың пікірінше, Қатар сапары экономикалық процестер, әсіресе логистика және азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты үлкен геосаяси мәселелерді шешу тұрғысынан маңызды болды.

– Білуімше, Қатардағы форумға қатысу туралы шешім соңғы сәтте ғана қабылданды. Соған қарамастан Қатар біздің Президентті жоғары деңгейде қабылдағанын байқадық. Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір өзіне жеке іс-шара арнауы, оны Bloomberg журналисінің жүргізуі соның дәлелі. Қатар Әмірімен болған кездесуде азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл ретте Әмір шенеуніктер тобын жедел жинап, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды талқылау үшін Қазақстанға баруды тапсырды. Қатар бүкіл өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына мол қаржы салуға да­йын. Ал логистика бірнеше күн бұрын ғана келісімдерге қол жеткізіл­ген Иран порттары арқылы қам­тама­сыз етілуі керек. Геосаяси жағдай мен коронавирустың салдары әлемдік эко­но­миканың құрылымы­на қатыс­ты көз­қарасты қайта қарауға мәж­бүр еткені белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысының соңғы сапарларының бәрі логистика және Қазақстанға тауарлар мен қызметтердің келуін қамтамасыз ету, сондай-ақ елде жаңа өнеркәсіптік жобаларды ашу секіл­ді маңызды мін­деттермен байланысты болғаны да сондықтан, – дейді Н.Шаталов.

Түйіндей келе айтарымыз, Прези­денті­міздің бес күндегі үш сапары да бір-бірімен тығыз байланысты. Түпкі мақсат – елдің экономикасын жаңа жағдайларға бейімдей отырып, алға жылжу. Келелі келіссөздер мен кездесулерді, маңызды меморандумдар мен келісімдерді ескерсек, біз үшін үш сапар да берекелі болғандай. Лайым солай болғай!