Қазақстан • 24 Маусым, 2022

Ұлттық бірегейлікті дәріптеу алаңы

844 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада ұлт ұясы саналатын Ұлытау жерінде Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Ұлттық құрылтай негізінен Президент жанындағы консультативтік кеңес беру органы ретінде құрылған. Оның құрылуының алғышарты ретінде 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын бастады.

Ұлттық бірегейлікті дәріптеу алаңы

Жуырда үш жыл бойы Президент бас­тамашыл болған саяси реформаларды одан әрі жүзеге асыруға атсалысты. Азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер, депутаттардың мұрындық болуымен Кеңес реформаларға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын өткізді. Нәтижесінде, саяси партиялар, бей­біт шерулер өткізу туралы және басқа да әлеу­меттік саяси мәселелерге байланыс­ты заңдарға өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Президенттің саяси реформаларының төрт пакеті жүзеге асты. Бұл еліміздегі сая­си либерализация мен демократиялық бас­тамалардың іске асуына өз үлесін қосты.

Ұлттық құрылтайдың құрылуын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясының кеңеюі деп қабылдаған жөн. Мұнда Президент ең алдымен, қоғамның әр саласындағы білік­ті мамандарды, ғалымдар, журналистер, азамат­тық қоғам белсенділері, аймақтардағы қоғам­дық кеңес мүшелерін шақыру арқылы жалпы­ұлттық диалог алаңына айналдыруды көздеді. Еліміздегі түрлі салада қордаланған мәселе­лерді талқылау алдағы уақытта Прези­дент­тің референдумнан кейінгі саяси реформа­ларының одан әрі жалғасын табуына септеседі.

Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық сананың өзгеруі. Идеология мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Сондай-ақ ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы бастамаларды талқылауға арналған жалпыұлттық орталыққа айналмақ.

Бірінші отырыста Мемлекет басшысы еліміздегі қандай құндылықтарды дәріптеу керек және қандай бағытта жұмыс істеу қажет деген мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды. Әсіресе еңбекке баулу, тәрбие мәселесіне назар аударылды. Бұл құрылтайдың жиыр­масыншы ғасырдың басындағы Алаш ардақтыларының құрылтайымен тарихи сабақтастығы бар екенін де атап өтті.

Әлеуметтік мәселе қай кезде де маңызды болға­нымен, қазіргі таңда руханият мәселе­сінің мәні зор екенін де ұмытпаған ләзім. Сол тұрғыдан алып қарағанда жаңа парадигма­лар, қоғамдық сана мен қоғамдық құндылықтардың жаңа бір тұжырымдамасы қажет. Осыған бай­ланысты Түркістанда өтетін басқосуда Ұлттық құрылтай мүшелерінен нақты бір салалар бойынша ұсыныстар түсуі керек. Нәтижесінде, ұлттық бірегейлік пен ұлттық құндылықтарды одан әрі қарай дәріптеу мен дамытудың тың бағдары анықталуға тиіс.

 

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

«Қазақстандық қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы,

саясаттанушы