Қалалық архив пен «Астана» халықаралық университетінің арасында жасалған келісім негізінде тарих факультетінің студенттері оқу өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Cтуденттер тәжірибе алу барысында архив жұмысымен толықтай танысып, жаңа реставрация құрылғыларымен қалай жұмыс істеу керектігін үйренді. Сондай-ақ құжаттарды сақтау және пайдалану бойынша мағлұмат алды.
Атап айтқанда, мемлекеттік сақтауға алынған құжаттардың жай-күйін тексеру, орналасу тәртібі, сұранысқа ие құжаттарды беру, цифрландыру мен қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша тәжірибелі мамандар дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізді. Мекеме директоры Мейрам Бектембаев бұл иігілікті іс архив саласына жастардың қызығушылығын оятатынына сенімді.
«Мұрағат қызметкерлерінің атқарар шаруасы оңай емес. Құжаттарды қайта қалпына келтіру үшін көптеген маманға зәруміз. Бұл мәселені шешу үшін білікті студенттерді осы салаға тарту қажет. Шежірелі деректермен жұмыс істеу шығармашылықпен айналысатын адамдарға шабыт береді. Қарт тарихтың қазынасына жолығасыз. Бұл рухани өсудің кепілі. Жас мамандарды даярлау арқылы архив саласы ілгерлейтіні анық», дейді М.Бектембаев.
Студенттер тәжірибе барысында архив салаларын қамтитын бірнеше бөлімге бөлінді. Болашақ жас мамандар берілген жұмысқа белсенді қатысып, архив құжаттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Тәжірибе алушылар архив қызметкерлеріне құжаттарды сақтау және пайдалану аспектілері бойынша сұрақтар қойып, түрлі мағлұматқа қанықты.
Бұл тәжірибе студенттердің өз біліктілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға бағытталды.