Спорт • 24 Маусым, 2022

«Бәйтеректен» бастау алған Amanat CUP

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Amanat партиясының ұйымдастыруымен Amanat CUP бірінші республикалық шахмат турнирі өтті. Сайысқа 8-35 жас аралығындағы екінші және одан жоғары разрядтағы 200-ден астам қатысушы елорданың басты символы – «Бәйтерек» монументінің алаңында бақ сынады.

«Бәйтеректен» бастау алған Amanat CUP

Чемпионат жеңімпаздарын құттықтаған партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов бұл тур­нирдің Балалар жылына орай және елімізде шахматты кеңінен на­­си­хаттауға бағытталғанын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан әлемдік шахмат рейтингінде 37-орында тұр. Отандық шахматшылар әлемдік деңгейде топ жарып, елі­міздің даңқын асқақтатып жүр. Партия дәстүрлі түрде ашық рес­публикалық турнир өткізуді қол­ға алып отыр. Келесі жылдан бастап бұл бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат спортын дамыту мен оны қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Біз жастардың, балалардың қабілет-қарымын байқап отырмыз және еліміздегі шахмат спортының дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді», деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік мұндай чемпионаттардың жас шахматшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Біріншіден, бұл шахмат спортын дәріптеу болса, екіншіден, балалар үшін үлкен тәжірибе. Олар елден шықпай-ақ түрлі дең­гейдегі қарсыластармен бәсе­кеге түсуге мүмкіндік алады. Мұн­­да қатысушылар көп, демек бәсе­ке­лестік бар. Турнирді жоғары дең­­гейде ұйымдастырғаны үшін Amanat партиясына алғысымды біл­діремін», деді Жансая Әбді­мәлік.

Турнир жеңімпаздарының бірі Константин Казаковтың айтуынша, бүгінде елімізде шахматқа деген қызығушылық артқан.

«Осындай турнирлердің өткі­зіле бастағаны қуантады. Өйткені жас кезімде мұндай іс-шаралар сирек өтетін еді. Қазір бұл спорт түрін дамытуға мемлекет та­рапынан қолдау көрсетілуде, пар­­тия да өз үлесін қосып отыр. Ал­­дағы уақытта бәсеке деңгейі арта тү­се­ді деген ойдамын», деді Кон­стан­тин Казаков.

Турнир қорытындысына сәй­кес «Жастар» категориясы бойынша бірінші орынды Кон­с­тантин Казаков, екінші орын­­ды Бақтияр Нұғыманов және үшінші орынды Талғат Ғұбай­дуллин иеленді. Ал «Балалар» категория­сында Ал­дияр Аңсат үздік деп таныл­са, екінші орынды Мадияр Алтын­бек­ұлы және үшінші орынды Әбуәлі Сқақ қанжығасына байлады.

Сайыстың жалпы жүлде қоры 5 млн теңгеден асты. Жеңім­паздар мен жүлдегерлерді белгілі қазақстандық шахматшылар Жан­сая Әбдімәлік, Бибісара Асау­бае­ва, Дәрмен Сәдуақасов және Меруерт Камалиденова марапат­тады.

Айта кетсек, турнир ФИДЕ рей­тингтік есебімен швей­ца­риялық жүйе бойынша өтті. Қаты­сушылардың жеребесі Swiss Manager бағдарламасын қолдану арқылы өткізілді. Amanat CUP тур­нирі алдағы уақытта жыл сайы­н өткізілмек.