АСТАНА. 25 сәуір. Германия тұрғыны, неміс Роземари Краузе деген әйел Астанаға арнайы келіп, Қорқыт күйлерін тартып, көрерменнің көзайымына айналды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Енді біз Роземаридің қобызды жанына қалай серік еткені жөнінде аз-кем тоқталайық.
Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мамандық иесі – психолог-дәрігер Роземари осыдан бірнеше жыл бұрын өз елінде ғайыптан тайып, құлаққа жағымды, жүрек шымырлатар керемет бір әуезді құлағы шалып қалады. Содан бастап оның мазасы кетеді. Әлгі әуен қандай аспаппен орындалғанын білуге қанша талпынса да, мақсатына жете алмай, әуреленеді. Қолын бір сілтеп қоя салайын десе, ішкі сарайы тынышын алып, сезімін серпілткен жаңағы әуенді қайта тыңдауға үндеуін доғара қоймайды.
Сөйтіп жүргенде, 2012 жылы Австрияның Грац қаласында қылқобызшы, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері Раушан Оразбаева қызы Тоғжанмен бірге қобыз күйлерінен концерт береді. Осы шараның өтетінін алдын ала естіген, жатжұрттықтардың концерті болады деген хабарларға біраздан бері құлағын түріп жүруді әдетке айналдырған Роземари іздегенін сол жерден табатындай, барлық шаруасын ысырып қойып, Грац қаласына жетеді. Сөйтсе, босқа әуре болмапты. Жаны елегізе іздеген әуенін әлгі концерттен тауып, көңілі жайланады.
Қобыз үнін құмарта тыңдап, рухани серпіліп қалған неміс әйелі концерттен кейін Раушан Оразбаеваға жата келіп, жабысады. Тілегі – қобыз тартуды үйрену. Ол Раушанға: «Қобыз тартуды үйренгім келеді, оның үні менің жүрегімді қозғады, көңілімді тербетті», – дейді. Бейтаныс еуропалық әйелдің қазақтың қасиетті қобызына асық болғанына қуанған Раушан Оразбаева Роземаридің өтінішін қабылдайды. Содан бастап Роземари қобызшы қыздың талапты шәкірті болып шыға келеді.
Раушан Оразбаева неміс әйеліне қобыз үйретуін алғаш жолыққан сәттен бастап кетеді. Кейіннен Роземари қобыз тартуды меңгере түсу үшін Раушан Оразбаеваны Алматыға іздеп келеді. Не деген құмарлық десеңізші! Енді оны қазақтың киелі қоңыр қобызы Астанаға жетектеп әкелді.
Раушан Оразбаева: «Роземариге дәм-тұз бұйырып, Астанаға жолы түсті. Мұнда ол менің «Аққу» атты шығармашылық кешіме қатысты. Ол көрермендер қатарында отырған жоқ. Бізбен бірге, яғни, өз шәкірттерімнен құралған ансамбль құрамында Қорқыт атамыздың күйлерін тартты», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Орынбай Балмұрат.