25 Сәуір, 2014

Сенатор әріптестерін атбасарлықтарға көмек көрсетуге шақырды

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

25-14-Senator ariptesterin kairimdlika shakrdi

АСТАНА. 25 сәуір. Парламент Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова әріптестерін Атбасардағы су тасқынынан зардап шеккендерге бір күндік еңбекақыларын аударуға үндеді. Бұл туралы «31 арна» хабарлады. Бұған дейін белгілі болғандай, бюджеттен су астында қалғандарға бір реттік жәрдемақы берілген. Алайда, оның мөлшері мардымсыз, небәрі 46 мың теңге. Осы деректі алға тартқан сенатор Светлана Жалмағамбетова су астында қалған өңірге қосымша 2,4 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. Кейінгі деректерге қарағанда, Атбасар қаласы мен 4 ауылдағы 500-ге тарта үй суға кеткен. 18 көше бұзылған. 1,5 мың тұрғын бар мүлкінен айырылған. Бұған қосымша, арнайы тексеру барысында 164 баспананың тұруға жарамсыздығы анықталды. Сондай-ақ, 1 мектеп пен 307 үйге шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Парламент Сенатының кезекті отырысында Светлана Жалмағамбетова: «Алдағы уақытта осындай зардаптар болмауы үшін тағы да шаралар қолдану керек. Оның ішінде көпірді жөндеу керек. Оның ішінде су бөгеттерін салу керек. Осылардың бәріне 2,5 миллиардтай қаражат керек», – деді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «31 арна». Фото: newskaz.kz.