Егемен Қазақстан • 26 Маусым, 2022

Саф ауадағы серуен

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұқаралық Ақ­па­рат құ­ралдары қызметкерлері кү­ні қарсаңында респуб­ли­калық Egemen Qazaq­stan және «Казах­стан­ская правда» газет­те­рінің ұжымы табиғат аясында демалып, кә­сіби мерекені мәнді де мазмұнды атап өтті. Бұл қос ұжымның бір шаңырақ астына бі­ріккеннен кейінгі және екі жылдық пандемиядан соңғы алғашқы бас қосуы.

Саф ауадағы серуен

Ұжымды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров арнайы келіп құт­тықтады.

– Үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін арнайы Жарлықпен бекіткен болатын. Сол уақыттан бері бұл жур­налистер қауымы асыған күтетін мерекеге айналды. Үш жылда көп өзгеріс болды. Отандық медиа жақсы дамып келеді. Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттері өз биігінен түс­пей, атына заты сай басылымдар екенін дәлелдеп отыр, – деді Асқар Омаров.

Министрдің айтуынша, қос газетті де ел Президенті мұқият оқиды. Басылымдарда шыққан өзекті материалдар бойынша тиісті орындарға тапсырма бе­­реді.

– Мәселен, Мемлекет бас­шысының Egemen Qazaqstan газетінде жария­ланған Батыс Қазақстан облысындағы жол мәселесіне қатысты мақалаға назар аударып, соның нәти­же­сінде үлкен жұмыстар қол­ға алынғаны көпшіліктің есін­де деп ойлаймын. Ахмет Бай­тұрсынұлы «Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» деген болатын. Бұ­дан асырып айта алмаспыз. Ege­men Qazaqstan және «Казах­станская правда» га­­зеттері Ахмет бабамыз айт­қан үде­ден шығып отыр. Себебі елімізде классикалық түрде конвергенттік форматты пайдаланып жүрген басқа басылым жоқ. Кәсіби мереке қарсаңында бір шаңырақ ас­тына ұйысқан қос ұжымға толағай табыс тілеймін. Жұ­мыстарыңыз же­місті болсын! – деді министр.

Асқар Омаров қос газет­тің қызметкерлеріне Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Алғыс хатын және минис­трліктің арнайы марапаттарын табыс етті. Сондай-ақ Egemen Qazaqstan және «Казах­стан­ская правда» газеттерінің 100 жыл­дығына арналған мерей­той­лық медальдарды тапсырды.

Басылымдардың ұжымы табиғат аясында волейбол, арқан тарту, асық, бес тас, садақ ату секілді спорт түрлерінен сын­ға түсті. Сонымен қатар экс­­промт мүшәйра ұйымдас­ты­рылды. Әсем ән де шырқалды, би де биленді. Үздік шыққандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Шаттыққа бөлеп, шалқар шабыт сыйлаған іс-шарадан журналистер қауымы көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

л

л