Әдебиет • 26 Маусым, 2022

Мағжанның қарасөздері

858 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыған дейін қарасөз деген ұғым Абайға тиесілі болып келді. Сөйтсек, бізде басқа да ақындар қарасөз жазып, айтар ойын ашып айтқан екен. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Былайғы жұрт ең алдымен Мағжан ақынды отты өлеңдерімен, сосын тартымды прозалық шығармалары арқылы жақсы біледі.

Мағжанның қарасөздері

Мағжан Жұмабаевтың бірінші қарасөзі «Балапан қанат қақты» деп аталады. Мұны ол «Балапан» журналына арнап жазыпты. «Ба­лапан қанат қақты... жас еді. Қа­наты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суы­­­ғына шыдай алмады. Суық жел сүйе­гіне жетті. Ызғар өкпе­сіне өтті. Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлім­десіп, жылы құшағын ашып тұр­ған ағаштар бұған мойнын бұр­мады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүр­се де, қалы ақ кебінін жамылып, тоғай тұрмады». Сонау қиын күн­дерде ақын бұл сөздерді «Бала­пан» журналына деп арнап жаз­ғанымен, ұлтына деген көзқарас пен үмітті астарлап жеткізгені шын­дық. Әсіресе Мағжанның «Бала­панды» «жас еді», «қанатын амалсыз қақты», «Ыз­ғар өкпесіне жетті» деуі «Бала­панның» емес, сол тұстағы Қазақ деген ұлттың басындағы жағдай емес пе? Ал «Солтүстіктің ызғары» дегенді ашып айтпаса да, түсінікті сөз. Ол ыз­ғар әлі де айыққан жоқ.

 Ол қарасөзін жалғастыра келе бүй дейді:

«Балапан қанат қақты...

Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады. Ой – жан-дәрмен жылы жаққа кету, егіз Есіл-Нұра­ның тәтті суларынан ішіп, Арал­дың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шо­мылмақшы. Алтайдың етегінде «үһ» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші». Соңғы сөйлем­дерде ақын өз ұлтының үмі­тін, арманын, ендігі жолын сөз сиқырына сыйдырып, дәл­деп жеткізіп отыр. Біз үшін «Бала­панның» жылы жаққа ұшуы – қазақ­тың өз билігін өз қолына алып, дербес ел болуы. Кешегі ке­сел­ді күндерде ақын осындай ойы, көз­­қарасы бар екенін жасырмайды.

Мағжан ақынның екінші қара сөзі «Домбыра» деген тақырыпта. Ол бұл туындысын «Марқұм Ш-ға арнаймын» депті. «Домбыра кейде ағаш жапырақтарының дірілдеп күбірлегеніндей, кейде ауру адамның ыңырсығанындай болады. Ол қайғырады... зарланады... маған алыстан талып бір дауыс естіледі. Мұңды бір дауыс жа­қындап келеді. Нәзік, зарлы дауыспен біреу ақырын ғана өлең айтқандай... әйел даусы... «бізден сорлы жалғанда жан бар ма екен?». Жылап тұрған қазақ әйелі арқылы Мағжан қараңғы қоғам, теңсіздік пен әділетсіздікті сын тезіне алғысы келеді. «Маған жақындап келіп, менің көздеріме тура қарады. Көз қарауы әрі майда, әрі салқын. Кішкене күлімсіреп, қансыз ерінін қозғап, сөйлейін деп еді, жөтелді... ұзақ жөтелді... Ақырын ауыр жөтел». Мұнда ақынның «әйелдің маған жақындап келіп, көзіме қарады» дегені елдің сөзін бір айтса ақын айтар, мұңын ақын түсінер деген ізгі тілегінен туындаса керек.

«Домбыра» қарасөзін ақын «Денем күйді... Жүрегім аузыма тығылды. Көзімнен ыстық жас төгілді... домбыра да күңіренеді, зарлайды, ақырын жассыз жылайды. Жыла, домбыра, жыла» деп аяқтайды. Ақын неге домбыраны жылатқысы келіп отыр, өйткені қазақтың мұң-қайғысы, қуаныш-жақсылығы тек домбыра үнімен, қос ішектің тілімен шаршы әлемге жетіп жататын.