26 Сәуір, 2014

Ең бастысы – өзара сыйластық пен мәміле кілтін таба білу

1051 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
25-14-Eurazialik mediaforum.0000010Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында екі күнге созылған ХІІ Еуразиялық Медиа-форумның жұмысы аяқталды. Оған әлемнің 40 елінен келген 6000-ға жуық делегат қатысты. Форум жұмысын 300-ден астам шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері насихаттады.

media forum 30

Саяси тұрақсыздық алаңдатады

Бүгінде Еуропалық интеграция Еуразия құрлығындағы қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер арасында ең өзекті тақырыпқа айналып отыр. Украинадағы қалыптасқан саяси жағдай және осы елдің Еуропалық одаққа қосылуға деген ұмтылысы ТМД мемлекеттерімен қатар, Батыс елдерінің де назарынан тыс қалмайтындығын қазіргі кезде өршіп тұрған «ақпараттық соғыс» анық көрсетуде. Сон­дық­тан болар, Еуразиялық Медиа-форумның кешегі күнгі пленар­лық сессиясының отырысы «Ук­раинадағы дағдарыс. Украина хал­қы қандай жолды таңдайды?» деген тақырып аясындағы «шайқастан» басталды. Отырысқа Ресейдің бірінші телеарнасының жүргізушісі Мак­сим Шевченко модераторлық етті. Оның айтуынша, Украинада билік ауысқаннан кейін ондағы өзге ұлттарды кемсітушілік көрініс бере бастады. Модератор бұл сөзді Сербиядағы Еуроатлантикалық зерттеу орталығының директоры Елена Миличтің пікіріне жау­ап ретінде айтты. Сондай-ақ, «Ре­сейде тұратын ұлттардың өз ана тілін дамытуына мүмкіндік беретін аймақтық заңнама бар, – деді М. Шевченко. – Сол заңнамаға сәйкес қабылданған бағ­дарламалардың барлығы мемлекет тарапынан қаржы­ландырылады. Мысалы, Ас­трахань облысында қазақ тілі аймақтық тіл болып табыла­ды. Өйткені, осы облыс тұрғындарының 30 пайызын қа­зақтар құрайды. Онда қазақ мек­тептері жұмыс істейді». Осындай мәліметтерді атап өткен модератор сөзді спикердің бірі – «Эхо Москвы» радиостансасы бас редакторының орынбасары Владимир Варфоломеевке берді. Ол сөзін әріден бастады. Оның пікірінше, орыс тілді азаматтардың құқығын бұзушылық өткен ғасырдың 90-жылдарында орын алған. Сол проблема Ре­сейдің құрамындағы Солтүстік Кав­казда әскери қимылдарға соқ­тырды. «Орталық Азиядағы бір­қатар елдерде кезінде орыс тілді тұрғындарды азаматтықтан шығаруға мәжбүрлеген жағдайлар да болды, – деді шешен. – Соның сал­дарынан олардың Ресей аума­ғына амалсыз қоныс аударуларына тура келді. Үй-жайларынан айырылған олар әлі күнге дейін проблемаларға тап болып отыр». Спикердің сөзіне қарағанда, Ресей Украинадағы орыс тілді халықтың құқығын қорғау үшін осындай қадамға барып отыр. Канаданың Ресей Федера­ция­сындағы бұрынғы елшісі Джереми Кинсман алдымен 90-жылдары өзінің Ресейге елші болып келген кезі мен қазіргі уақыттағы ре­сейлік жастардың танымы үлкен өзгерістерге ұшырағанына тоқ­тал­ды. Саясаткердің атап өтуінше, тоқсаныншы жылдары Ресей жастары өздерінің бола­ша­ғына сенімсіздікпен қарайтын. Ал бү­гінде олар келешек өмірлеріне үлкен сенім білдіріп отыр. Бұдан соң ол Украинадағы жағдайға қатыс­ты пікірін ортаға салды. «Ук­раи­нада жемқорлық белең алған, – деді Д. Кинсман осы жөнін­де. – Оның соңы ереуілге ұлас­ты, ал ол төңкеріске әкеліп соқтыр­ды. Грузия Өнеркәсіпшілер пар­тия­сының төрағасы Леван Пирвели кезінде Грузияда болған жағдай мен Украинадағы қазіргі саяси дағдарысты салыстыра келіп, Ук­раинадағы тұрақсыздықтың орын алу себептеріне тоқталды. «Бар­лығы осы елдің ішкі және сыртқы проблемаларына байланысты, – деді ол. – Ондағы ахуалдың нашарлауына елдегі бірнеше олигархиялық топтар да ықпал еткен сияқты. Жағдайдың ушығуына президент Виктор Януковичтің Еуропалық одақпен интеграциялану туралы құжатқа қол қоюдан бас тартуы да себеп болды. Бұған қарсылық танытқан оппозицияны Батыс қолдады, көмектесті». Саясаткердің атап өтуінше, кезінде Грузия да дәл осындай жағдайды бастан кешірген. Ал Сербиядағы Еуро­атлан­тикалық зерттеу орталығының директоры Елена Милич Украинаға байланысты көзқарасын бас­қаша топшылады. Украинадағы саяси жағдайды тұ­рақтандыру Батыс пен Ресейдің осы проблемаға қатысты түсіністікке келуіне тікелей байланысты. Со­ны­мен қатар, Украинада өтетін пре­зиденттік сайлауға да мұның өзін­дік әсері бар. «Спикерлердің Ук­раина билігі сыбайлас жемқор­лық­қа бой алдырған деген пікір­леріне қосылуға болады», – деп қорытты сөзін ол. media forum 26

Интеграцияның тетігі – жаңашылдық

XII Еуразиялық Медиа-фо­рум­ның қызу пікірталас пен жан-жақты үнқатысу алаңында талқы­ланған келелі мәселелердің бірі – Еуразиялық интеграция төңіре­гінде өрбіді. «Еуразиялық интеграция. Экономикалық «төңкеріс» болуы мүмкін бе?» деген тақырыпта ұйымдастырылған пленарлық сессия отырысында оған қаты­сушылар, міне, осы мәселеге сан түрлі көзқарастар тұрғысынан келіп, ой-пікір білдіруге, оған сараптама жүргізуге мүмкіндік алды. Жиынға модератор бол­ған РБК арнасының тележүр­гі­зу­шісі Даниил Бабич әлем эконо­микасының қазіргі жай-күйіне қатысты аз-кем тоқта­лып өтті. «Соңғы жылдары біз соншалықты, я болмаса айтарлықтай қиын­дықтармен бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Дүниежүзілік қаржы жүйесі 2008 жылы орын алғандай, «жойылып кету қаупін» бастан кешіп отырған жоқ. Ал жалпы, біз талқыға салатын еуразиялық интеграция, экономикалық интеграция сөзсіз, біздің экономикаларымыз үшін, әсіресе, «мықты экономикалық орталықтар» саналатын елдер үшін маңызды», деді ол бұл турасында. Осылай дей келе, ол спикерлерге: «Интеграцияның екпінін үдету керек пе, әлде оны біртіндеп, ақырындап жүзеге асыру керек пе?» деген сауал тастады. Бұл сауалға жауап берген ЕурАзЭҚ институтының бас директоры Владимир Лепехин былай деді: «Еуразиялық интеграция – ғаламдық үдерістің бір бөлшегі. Ал экономикада қазіргі таңда жиі қолданылып, айтылып жүрген бір термин бар. Ол – модернизация. Еуразиялық Медиа-форумның аясында өткен бір пленарлық сессия­да бір қатысушы: «Дамыған елдер, ең алдымен демократиялық елдер» деген пікірін айтты. Менің пікірім бұған сәйкес келмейді. Менің ойымша, дамыған елдер – бұл модернизациядан өткен елдер. Олар – Америка, Германия, Жапония, Қытай, Сингапур, т.б. Қазіргі таңда, біздің осындай модернизациялық үдерістермен жүруімізге толық мүмкіндігіміз бар. Ал мұндай үдерістерді лайықты жүзеге асыратын елдердің лидерлері мықты болуы керек. Себебі, адамзат тарихында жүргізілген мұндай үдерістердің басында тұрған азаматтардың барлығы көшбасшылар болды. Екіншіден, модернизацияның бүгінде қаншалықты қажет екенін Қазақстанның тәжірибесінен көруге болады. Бұрынғы пост­кеңестік кеңістіктегі елдер­дің ішінде Қазақстан модернизациялық үдерістерден өтуде». «Анадолу» агенттігі халық­ара­лық жаңалықтар бөлімінің редакторы Фарук Чалышкин Түркия 2004 жылдан бері Еуропалық одаққа мүше болуы мүмкін деген кандидаттардың қатарына енгеніне тоқталды. «Сондықтан, біз Түркия Одақтың толық мүшесіне айналуы үшін өте нақты, транспарентті, түсінікті бағдарламаны пайда­лануға мүдделіміз. Егер Одаққа мүше елдермен арадағы екіжақты дипломатиялық байланыстарға келсек, олардың кейбірімен әріп­тестік келіссөздер тым созылып кетті. Ең басты кедергі – Еу­ро­одақтың осындай үл­кен мемлекетті қабылдауды қала­ма­ғаны. Егер Түркия Еуроодаққа кіретін болса, аумағы жағынан екінші мемлекет болар еді», деді ол. Ұлыбританиядағы Жур­налистік зерттеулер мектебінің ди­ректоры Шахида Төлегенова теориялық тұрғыда Еуразиялық экономикалық интеграция идеясына оң көзқараспен қарайтынын, алайда, тәжірибе тұрғысынан алғанда интеграциялық үдерістерді нәтижелі жүзеге асыру үшін тек мықты лидерлер ғана емес, мықты институттар қажет екенін атап өтті. Қазақстанның Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков интеграцияның әлеуеті зор дегенді алға тарта келіп, оның нәтижелері алда мықтап көрінетінін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол үш елдің ортақ нарығы аясында жүргізіліп жатқан үдерістер мен сол үдерістер нәтижесіндегі көрсеткіштерге қатысты мысалдар келтірді. Пленарлық отырыс соңында спикерлер залдан қойылған сауалдарға жауап берді.

Мемлекет образы – ұлттық имидж

Кеше «Бәрі де имидж үшін! Елдің «Атын шығару» қанша тұрады? Мемлекет пиарынан кім пайда табады?» деген тақырыпта тағы бір пленарлық сессия өтті. Сондықтан, бұл отырыста «Осы брендтер қалай жасалады?», «Мұндай жобаларды қаржыландыру кімдерге тиімді?», «Бұл кімдер үшін табысты бизнес?» сынды сауалдар аясында әңгіме қозғады. Пленарлық отырысқа «Әл Жазира» телеарнасының жүргізушісі Эдриан Финниган модераторлық етті. Жарыссөзге шыққан «Интер­нешнл Нью-Йорк таймс компани» президенті Стивен Данбар-Джонсон ұлттық брендті қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі маңызды болатыны жөнінде сөз қозғады. Ал «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев Қазақ­станның имиджін қалып­тастыруға қатысты пікірін былайша жеткізді. «Қазақстан – салыстырмалы түрде алғанда жас мемлекет. Біздің «мемлекет брендингін» қалыптастыру, ең алдымен, біздің Елбасының есімімен тікелей байланысты. Яғни, біз өзіміздің елімізді сыртқа брендтеу­де осы тетікті қолданамыз. Біздің еліміз, Сыртқы істер министрлігі елдегі барлық құрылымдардың бұл бағытта жұмыс істеуіне күш салуда. Әрине, біз соншалықты үлкен жетістіктерге жеттік деп айта алмаймыз, бірақ, бұл бағытта қалай жүрудің жүйесін білеміз», деді ол бұл орайда. JTI компаниясының Қазақ­стан­дағы корпоративтік байланыс және коммуникация жөніндегі директоры Дэниел Блисс өзі қызмет ететін компанияның Қазақстандағы филиалында жұмыс істеп жатқанына 12 жылдан асқанына, осы жылдар ішінде өздері жұмыс істейтін қоғамның контексін түсінуге бар күш-жігерлерін салғанына тоқталды. «Біз өзімізді шетелдік компания деп есептемейміз, біз қазақстандық компаниямыз. Демек, біз – Қазақстанның дұрыс образын қалыптастыру бағытында жұмыс істейміз. Бұл ретте, елдегі жетекші қорлармен әріптестік орнатып, бірлескен бағдарламалар әзірлейміз», деді ол. Ал Ұлыбританиядан келген экономист, саяси кеңесші Саймон Анхольт: «Кез келген мемлекеттің образы өзін қалай ұстауына байланысты қалыптасады», дей келе, бұл ел саясаткерлеріне байланыс­ты екенін, себебі, саясаткерлер өз елінің образын, имиджін өзгерте алады деген ойын алға тартты.

Интернет-технологиялар қаншалықты қауіпті

Еуразиялық Медиа-форумның соңғы мәжілісі осы заманғы интернет-технологиялар мен әлеуметтік желілер мәселесіне арналды. Осыған байланысты ортаға тасталған сұрақтар да қалыптағыдан өзгеше болды. Атап айтқанда, «Сәнді «модус вивенди», «әдемі орауыштағы виртуалды өмір, бұл дерт пе, әлде қажеттілік пе?». Қазақ тілінде мүлде сирек қолданылатын бұл сөздердің мәнісі төмендегідей: «Модус вивенди» деген өмір сүру қалыбы, күнкөріс тәсілі деген мағынаны береді. Мұны алдымен бір-бірімен қарама-қайшы, қарсы тұратын күресуші тараптардың бейбіт қатар өмір сүруінің шарты деген ұғымда қолдануға болады. Немесе олардың уақытша да болса бейбіт қарым-қатынаста тұру мүмкіндігі деген ұғымды қысқа сөзбен осылай бейнелейді. Халықаралық дипломатияның құқықтық терминінде бұл сөз қарама-қайшы ұстанымдағы тараптардың ұзақ мерзімге болмаса да уақытша келісімге келу шарты осы аттас келісімшартпен ресімделеді. Ал «виртуалды өмір» деген ұғым бұл күні қазақ оқыр­мандарына біршама таныс. Бұл көбінесе қалыптағы «өмір» дегенге қарама-қарсы ұғым ретінде қолданылады. «Өмір» дегеніміз нақты ұғым болса, «виртуалды өмір» дегеніміз имитация, жасандылық, интернеттегі өмір дегенге келеді. Медиа-форумға бұл тақы­рыптардың талқылау алаңына тартылғаны өте орынды көрінді. Өйткені, мұндайлардың бүгінгі өмірімізде алатын орны күннен-күнге ұлғайып барады. Әлеуметтік желілер неше түрлі гламурлық көріністерге толып кеткен. «Гламур» дегеннің өзі француз тілінен аударғанда жарқыраған, арбап алатын, көз тартатын деген мағынаны білдіреді. Міне, осындай көріністер қазір біздің өмірімізді «жаулап» келе жатыр. Оның бас сұқпаған жері жоқ. Адамның жеке өміріне, әдебиетке, өнерге, тіпті, ғылым саласына да ол ендеп барады. Сонда қоғамымыз қайда беттеп барады? Мұндай «кеселдер» өтпелі ме, әлде тұрақтап қалуы мүмкін бе? Осы сұрақтар мінберге көтерілген спикерлер алдына тартылды. Ал мәжілістің модераторы ұлыбританиялық «Томсон Рейтер» агенттігінің директоры Тим Сентхауз болды. Қазақстандық Voxpopuli.kz жетекшісі Әлішер Елікбаев бұл тақырыптың өте өзекті екенін айтты. Әсіресе, бұл біздегі кейбір сайттарды соттың шешімінсіз жабу қолға алынған жағдайында өзекті болып отыр. Мұндай жағдайды шенеуніктер өздерінен жауапкершілікті алып тастау үшін жасайды. Сонымен бірге, блогерлерді БАҚ деп танитын солшылдық орын алуда. Мұндай өрескелдіктің артынан үлкен даулар тууы мүмкін. Осы жерде модератор Әлішер Елікбаевтың жеке басына қатысты сұрақ қойып, оның фейсбукта қанша достары бар екендігін сұрады. Оған он мыңға жуық деген жауап берілді. Осыған байланысты пәкіс­тандық «Медиа-таймс» теле­ар­насы­ның жүргізушісі Мехр Тарар өз ойын білдірді. Біздің елде әлеуметтік желілерді жаппай қол­дану деген жоқ. Біздің халқы­мыз өзінің ойларын бөлісуге БАҚ-тарды ғана пайдаланады. Ал онда гламурлық көріністердің аз екен­дігін білесіздер, деді Тарар ханым. «Қазақстанның Интернет қау­ым­дастығының» президенті Шафхат Сабиров гламурдың біз­дің елімізде соңғы 10 жылда ғана пайда бола бастағанын айтты. Алайда, соңғы бес жылда ол он еседей көбейгенін көріп отырмыз. Соның ішінде қазақ тіліндегі сайттарға да ол дендеп ене бастады. Қорыта айтатын болсақ, біздің қоғамымыз да әлемдегі өзгерістерден қалып жатқан жоқ, олармен қатар қадам басып келеді, деді ол.

Жүректен шыққан сөз жүректерге жетеді

ХІІ Еуразиялық Медиа-форум оның төрайымы Дари­ға Назарбаеваның қорытынды сөзі­мен аяқталды. Ол пікірсайыстардың өте өткір, қызықты болғанын айтты. Сонымен бірге, пікірсайысқа қатысқандар шын көңілден сөйлеп, өз жүрегінің түбіндегіні айтқанына куә болдық. Кей жағдайда, тіпті эмоция жарқырап көрінді. Алайда, ешкім де шектен шығып кеткен жоқ, деді ол. Әрине, біз Медиа-форумға жыл бойы дайындаламыз, ал ол бір-ақ сәтте өте шығатыны өкінішті. Осының өзі өмір ғой, деді төрайым өкінішті жүзбен. Форумнан түйген қорытындыларына тоқ­тал­ғанда ол: «Ұсақ нәрседегі келіс­­пеушіліктеріміз бізге адам­­затқа қажетті ең басты нәрсе­лерге көңіл тоқтатып, назар аударуымызға кедергі келтіретіні көрінді. Біз үнемі басымызды көтермей, аяғымыздың астына қарайды екенбіз, соның өзінде сүрінеміз, өйткені, алдағы ұзын жолды көрмейміз. Сол сияқты бүкіләлемдік үлкен проблемаларды қозғай отырып, кикілжіңдер аймағындағы кейбір ұсақ оқиғаларға шырмалып, шыға алмай қалатынымыз өкінішті. Екі күн бойы форумға қатысушылар қазіргі халықаралық қатынастардың драмаға айналу қаупін айтты. Әлем іс жүзінде көпполярлы болуға айналып, осының өзінен көбірек кикілжіңді болып отыр. Көптеген елдер өздерінше әділетті және заңды деп санайтын мүдделерін алға тартуда. Ал оларды реттеп, үйлесімге келтіретін халықаралық институттардың эрозияға ұшырағаны айқын екені көрініп тұр», деді Дариға Назарбаева. Одан әрі төрайым көптеген форум спикерлерінің әділетті де өзекті мәселелерді көтергенін атап өтті. Соның ішінде АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының экс-спикері Ньют Гингрич мыр­заның халықаралық тәртіп туралы ескіше ойлау жаһанданумен ки­кілжіңге ұрынғаны туралы айтқан ойының ұтымды шыққанын атап өтті. Осы сөздерді тірілтіп, әлемде соңғы екі жылда 842 млн. адамның тойып тамақ ішпейтінін, ал бұл әлемнің әрбір сегізінші тұрғыны екенін, 10 жылдан кейін ғаламшар тұрғындарының 45 пайызы ауыз су тапшылығын тартатынын айтты. Міне, осындай мәселелерді шешудің жолдары қандай, дей келіп, Дариға Нұрсұлтанқызы осының жауабын қазақ халқының даналығынан табуға болатын сияқты екенін айтты. Біздің халқымыз өзінің қилы тағдырында қаншама соғысты, ашаршылықты, репрессияны, депортацияны бастан кешірсе де тірі қалды. Оның негізгі себебі неде еді? Меніңше, ол біздің халқымыздың кекшіл еместігінде, деді ол. Ал бұл – бүгінгі күні өте маңызды қасиет, дей келіп, өзінің сөзін Президент Н.Назарбаевтың: «Біреуге бұрын бізге жаманшылық жасағаны үшін ғана жамандық қылмау керек. Өткен кетті, оған біз құрметпен қараймыз. Бірақ біз алға қараймыз, жеңімізді түріп тас­тап еңбек етеміз», деген даналық ойларымен қорытты. Сөзінің соңында Д.Назарбаева барлық қатысушыларға, спикерлерге, ұйымдастырушыларға, қолдаушыларға, демеушілерге алғысын айтып, келесі форумның 2015 жылғы сәуірде болатынын жеткізді. Осымен ХІІ ЕАМФ өз жұмысын аяқтады. Оған қатысушыларға ұйымдастыру комитеті мен «Си-Эн-Эн» атынан Астана концерт залында қабылдау болды. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. _________________________________   Форумға қатысушылар не дейді? DSC_7583Леван ПИРВЕЛИ, Грузия Өнеркәсіпшілер партиясының жетекшісі: – Мен өзімнің осы­нау форумның жұмы­сына қатысқаныма қуа­ныштымын. Мұн­да көптеген өзекті мә­селелер ортаға салынып, барынша білік­ті адамдардың талқысына түсіп отыр. Соның ішінде мен Украинадағы дағ­дарыс тақырыбында спикер болдым. Мен бұл тақырыпқа байланысты ойларымды әріптестеріме ашық айттым. Украина Еуроодақ пен Ресей арасындағы тартыстың саудасына айналып отыр. Жалпы, форумда осындай өткір тақырыптардың көтерілгені қуантады. Мен Қазақстанның халықаралық беделінің арта түскеніне көзім жетіп жүрген адаммын. Мынандай форумдар да Қазақстанның беделін арттыра түсері анық. Қазақстан астанасының біршама көрікті жерлерінде де болдым. Шын мәнінде, Тәуелсіздік Қазақстанды көп нәрсеге қол жеткізген екен. Өкінішке қарай, мұндай пікірді басқа, көптеген посткеңестік елдерге қатысты айта алмайсың. DSC_7592Стефан СОМЕРВИЛЛИ, «Рейтер» агенттігінің төрағасы: – Ақпараттық жүйе үшін мұндай фо­рум­дардың пайдасы өте үлкен. Өйткені, алуан түрлі пікірлер мен көзқарастардың өзара сайысқа түсуі және кейбір, соны ақпараттардың ортаға тасталуы жалпы әлемдік көзқарастардың оң қалыптасуына өзінің ілкім де болса пайдасын тигізеді. Осындай шараның пайдасын ескеріп, оны жыл сайын ұйымдастырып жүрген жас Қазақстан мемлекетіне ризашылығымды білдіремін. Ма­ған көтерілген тақы­рып­тардың өзектілігі де ұнады. Біздің кейбір журналистеріміз өз­дері ұсынған өткір тақы­рыптардың Ме­диа-форумның пікір­талас алаңына ашық шығарылғанына риза болып жатыр. Демек, мұнда ештеңені де жасырып, құпиялау жоқ. Бәрі де ашық, мөлдір, нағыз демократиялық қағидаттарға негізделген күйде өтіп жатыр. Сондықтан Медиа-форумды ұйымдастырушылар тарапына риза боласың. Мен, өзімнің осынау форумға қатысқаныма қанағаттанып отырмын.   DSC_7497Тьерри АСЕНСИОН, француз журналисі: – Форум өте қызықты өтті. Айтылған пікірлердің саналуандығы адам ойына азық болғандай. Мен үшін осындай форумға қатынасып, әріптестерімнің әлемдік маңызы бар мәселелердегі ойларын тыңдауым әрі қарайғы жұмысыма пайдалы болады деп санаймын. Және пікір айту жақсы бір ауанда, өте ашық жүруде. Бұл ретте ұйымдастырушыларға айтар алғысым мол. Қазақстанның әсем Астанасынан да алған әсеріміз үлкен. Аз ғана уақытта осын­дай қала тұрғызғандарыңызға таңға­лудамыз. Елдің қонақжайлығы мен хал­қының еңбекқорлығы көзге ұрады. Еңбектің арқасында сіздер талай мақсаттарыңызға жетесіздер деп біле­мін. Форумның кешегі күнгі өткен жалғасы да алғашқы күнгіден еш кем соққан жоқ. Қысқасы, еліме қа­зақ­тарға деген зор құр­метпен аттанатын боламын. ––––––––––––––– Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.