Кеше Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығында палата бюросы өтті. Онда палатаның алдағы жалпы отырысы күн тәртібінің жобасы нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Депутаттардың талқылауына «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымға шығарылатын болды. Күн тәртібінің жобасына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы ілеспе түзетулерімен екінші оқылымға қосылып отыр. Салалық комитеттің баяндауынша, Кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға, мемлекеттік органдардың әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін айқындауға бағытталған.
Кодекс жобасына сәйкес әкімшілік заңнама ізгілендіру, соттарға түсетін жүктемені азайту жолымен реформаланады. Осыған байланысты соттардың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың (лауазымды адамдардың) құзыреті қайта қаралды.
Осы күні депутаттар ратификацияланатын екі заң жобасына қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылайтын болады. Олар: Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы келісім және 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама.