Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Құмар ойыншылар мәжбүрлі түрде емделуі қажет
Бүгінде не көп, ойдан құрастырылған, шынайы өмірге түк қатысы жоқ түрлі ойындар көп. Біреудің пайда табуы үшін ойдан шығарылған мұндай ойындар мән-мағынасыз болса да адамды өзіне елітіп әкететін қауқары бар. Айталық, карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары. Осы ойындарға тәуелді болудың жолдары бір-біріне өте ұқсас, сондықтан қайсысы болсын қауіпті дейді психологтер.
Қазіргі таңда құмар ойындарға деген құштарлық патология, яғни психологиялық ауру ретінде қарастырылып жүр. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық термин енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер – нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады.
АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6% болса, маскүнемге айналуы – 34%, нашақорлыққа салынуы 32%-ды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48%-ға жетеді екен. Демек адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр.
Дамыған мемлекеттерде ойынқұмарлықты ауру деп танитынын жоғарыда айттық. Осыған сай құмар ойынға құныққандарды емдеп-сауықтыратын арнайы ұйымдар да бар. Ал Қазақстанда «Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу туралы» арнайы заң болғанымен, олардың қатарына ойынқұмарлар жатпайды. Сондықтан құмар ойындарға құныққандар емделуге жатқызылмайды. Бірақ мамандар құмар ойынның құрығына іліккендер мәжбүрлі түрде емделуі қажет деп есептейді. Бұл мәселе жақында Парламент қабырғасында да көтерілді. Үкіметке сауал жолдаған депутат Ләззат Рамазанова Денсаулық сақтау министрлігі ойынға тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу бойынша ешқандай шара қолданбай отырғанын жеткізді. «Құмар ойындарға деген құштарлық – алаңдатарлық мәселе. Бүгінде 350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойындардың құрбанына айналғанына қарамастан, тиісті министрлік ешқандай шара қолданбай отыр. Ведомствоның назарын осы мәселеге аудару үшін не істеуіміз керек? Еліміздегі қаншама отбасы, қаншама тағдыр осы ойынқұмарлықтың салдарынан ойран болып жатыр? Мұны неге ойламаймыз? Бізде тіпті ойынқұмарлыққа үгіттейтін жарнамалық қызметтерге де тікелей тыйым жоқ», дейді депутат.
Л.Рамазанова құмар ойындармен күресу үшін алдымен ойын бизнесін тарату және жарнамалау саласындағы заңнаманың орындалуына бақылауды күшейту қажеттігін алға тартты. «Бұл мәселеге медицина қызметкерлері ерекше көңіл бөлсе дейміз. Денсаулық сақтау саласының мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыра отырып, ойынға тәуелділіктің алдын алу мен емдеуді бір жолға қою керек. Балалар мен жастардың бойында құмар ойындарға тәуелділігі бар-жоғын анықтау да кезек күттірмейтін мәселеге айналуға тиіс», деді депутат.
Спортпен айналысатындардан бәс тігетіндер көп
Қазақстанда құмар ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, тіпті өнер саласындағы көрсеткіштерден де асып түсіп отыр. Finprom.kz ресурсының хабарлауынша, былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 73,9 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға ғана аз. Пандемия жылы бұл саладағы көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 78,6 млрд теңгеге жеткені мәлім. Үйде жұмыссыз ерігіп жатқан адам құмар ойындарға көбірек құнығып кететінін осы көрсеткіштен-ақ байқауға болады.
Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 138,8 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,4 есе артық. Салыстыра айтсақ, бұл сан спорт, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы көрсеткіштен – 21,3%-ға, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және өзге де мәдениет объектілері көрсететін қызметтер көлемінен 9 есеге және өнер мен ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 12 есе артық. Демек азаматтардың спортпен шұғылданып, шығармашылық жұмыстармен айналысқаннан гөрі құмар ойындарға тартылуы жиірек болып тұр. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде де талай көтерілді. Мәдениет және спорт министрлігі сайтындағы мәліметке сүйенсек, онлайн-казино сайттарының қолжетімділігі мен олардың кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себебі болып отыр. Алайда мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы нақты деректер жоқ. Сондықтан Үкімет Мәдениет және спорт министрлігі базасында Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын құруды қолға алды. Сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау туралы шешім қабылдаған еді.
Бұған қоса, Үкімет интернет-казиноны ұйымдастырушы тұлғалардың тізімін белгілеу, банктер мен төлем жүйелеріне осы тұлғалардың қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу; несие карталарының көмегімен казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу; интернет-казиноны ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу; құмар ойындарға тәуелді азаматтарды, олардың ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйесін әзірлеу жөнінде тиісті министрлікке тапсырма берді. Егер бұл міндеттер тезірек қолға алынса, құмар ойындарды жасырын жүргізетін бірталай нысанның беті ашылып, ойынға жіпсіз байланатын азаматтардың қатары да азаяры сөзсіз.
Ойынқұмар болып тумайды, ойынқұмар болып өседі
Психологтердің пікірінше, ойынқұмарлық отбасындағы осал тәрбиеден бастау алады. Тіпті балалардың кішкентайынан компьютерге телміріп, ойынқұмар болып өсуіне ата-ана тәрбиесінің де әсері көп көрінеді. Белгілі психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, құмар ойынға тәуелді болудың алғышарты көп: мейірім мен қамқорлықтың жетіспеушілігі, отбасындағы қарым-қатынастың күрделілігі, қатыгездікпен астасқан әсіреталапшылдық пен астамшылдық, т.т. «Психолог ретінде ойынға байланған, одан шыға алмай жүрген талай баламен әңгімелестік. Сонда лудомандар, яғни құмар ойынға тәуелділер алғашқы ойындарын, ең алдымен, өз үйлерінде көргенін айтады. Көбі ата-анасы немесе олардың достары құмар ойынды қалай құныға ойнағанын бақылаған. Міне, тәуелділіктің бір ұшы үйдегі тәрбиеде дейтініміз сондықтан. Бала өзінің көріп-білгенін қайталайтыны секілді, әке-шешесінің құмарта ойнағаны баланы бейжай қалдырмайтынын аңғарамыз», дейді ол.
Мамандардың айтуынша, құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақсаты басқа болады. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақсатында ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, құныға ойнау сипатына ауысады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын жағдайға душар болады.
«Ойынқұмарлардың эмоциялық көңіл күйі ойынның әрі қарай қалай өрбуіне байланысты. Мысалы, ойыншылардың көбі ұтылған сәтте өздерін жегідей жеп, кінәлау сезімін бастан кешірсе, жеңіске жеткен кезде керісінше, өздерін ұлы құдыреттей сезінеді. Құмар ойыншылардың ерік-жігеріне, ұстамдылығына, есте сақтау қабілетіне келсек, барлығының осал тұсы – ерік-жігерін басқара алмауында жатыр. Соның салдарынан олар ойынды дер кезінде тоқтата алмайды. Көпшілігі мұны мойындағысы келмейді. Өздерінше құмар ойынның санын қадағалап отырмыз, кез келген сәтте ойыннан шыға аламыз деп ойлайды. Ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі жалғызілікті. Бірақ олар жалғыздықтан гемблингке құмартқан жоқ, гемблингтің салдарынан жалғыз қалды деуге болады», дейді Л.Қойшиева арнайы жазған еңбегінде.
Қазіргі заманда компьютер өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны шын. Бүгінгінің баласын компьютерсіз елестету қиын. Кейбір жеткіншек үшін компьютер – оқудан да, тіпті достарымен қыдырудан да артық дүние.
Әлбетте, заманауи техниканың пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ онымен шамадан тыс әуестену кейін бармақ тістеуге әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан балаларды қадағалап, оларға техниканы орнымен қолдануға дағдыландыру қажет. «Компьютерлік ойындар баланы шынайы өмірден алыстатып, ойдан құрастырылған әлемге таңып қоятынын естен шығармау қажет. Баласының өзінен-өзі бұйығы өмір кешіп, ешкіммен араласпай өмір сүргенін ешқандай ата-ана қаламасы анық. Демек балаңыз өмірге құштар, жақсылыққа құмар азамат болып өссін десеңіз, оның компьютердің алдында ұзақ уақыт бойы отыруына тыйым салыңыз. Виртуалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмайтын әлжуаз адам болып өсетінін ұмытпаңыз. Ал ерік-жігері әлсіз адам еліктегіш келеді. Құмар ойындарға да күш-жігерін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар көбірек душар болады», дейді психолог.