Ресей президенті Дмитрий Медведев екі күндік сапармен Украинада болды. Екі елдің арасын жақындататын талай әңгімелер айтылды, талай құжаттарға қол қойылды. Осының бәрі біраз уақыт өкпелескен ағайындардың қайта табысқанындай көрінеді.
АҒАЙЫН АРАЛАСПАСА ЖАТ БОЛАДЫ
Жасырмай айтсақ, соңғы бес-алты жылда Ресей мен Украина арасы қатты шиеленісті. Тарихы, генетикалық туыстығы жағынан да бір-біріне ең жақын екі халық өкпелесті. Екі адам өкпелессе, айып екі жақтан дейтініміз бар. Біреуі ақылды болса, екіншісін өкпеге жібермес еді, тіл табысар еді дейміз. Қалай десек те, орыстар мен украиндардың, жаға жыртыспағанмен, бір-біріне теріс қарағаны шындық.
Оған кім кінәлі дегенде, біреулер тарихқа үңіледі, енді біреулер екі ел басшыларын нұсқайды, сондай-ақ саясаттан сырттау бұқара халықтың арасында да бірін-бірі ғайбаттап айтатын сөзді құлақ естіген. Соның бәрі бір-бірімен сабақтас екенін айтқан жөн. Тарихта аға халықтың кішісіне тізесі батқаны бар. Содан шемен болып қатып қалған өкпені жібітер әрекет болмаса, оның әр кез қайта қозуы да заңдылық. Әрине, осы жерде халыққа жол сілтер басшыларға көп нәрсе байланысты.
Бұл жерде бұрыс, дұрыс дегенде, ең алдымен ағайын халықтардың әрқашан бір-бірімен жақындасқанын, соған жағдай жасалғанын жөн санайсың. Соңғы уақытта екі ел басшыларының тіл табыса алмағаны халықтардың арасын ашты, екі ел арасындағы байланыста келеңсіз жағдай қалыптастырды.
Украинада сайлау өтіп, билікке жаңа адам келген соң, жағдай айтарлықтай өзгерді. Виктор Янукович алғашқы күннен Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруге күш салатынын аңғартты. Оны құп алғандар да, қарсы болғандар да бар. Бұрынғы билік өкілдері Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды аға халықтың алдында бас ию, тәуелсіздікке нұқсан келтіру деп көрсеткісі келеді.
Әрине, әңгіме екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалай түсінуге барып тіреледі. Мәскеумен байланысты жақсарту әсте де Киев үшін оның алдында бас ию, тәуелсіздікке нұқсан келтіру емес. Елдің даму жолын Батыс өркениетіне бағыттаған күнде де, Ресейдей алып державамен тығыз экономикалық байланыста болу тек тиімділік әкелетінін біреулер біле тұрып, саяси ұпай жинау мақсатымен оған қарсы болды.
Медведев Украинаға ағайынмен табысамын деп келгенін қайталаудан жалықпады. Оны ресми кездесулерде, халықпен кездескенде де айтты. Екі елдің арасын қосатын дәнекер көп. Екі халықты жақындастыратын тарих бар. Бәле іздегенге өкпеге апаратын жайлар да жеткілікті. Әңгіме – соның қайсысын қалауда.
Ал дәл қазір аса қажетті саналатын экономикалық байланыстың түрлері де көп-ақ. Бұған дейін дауға себеп болған мұнай да, газ да, енді жақындасудың алғышарттарына айнала алады. Бұрын екі республиканың авиация өнеркәсібі қатар дамып, Украинада “Антонов” авиакәсіпорнының даңқы әлемге жайылған еді, енді ол тоқырауда. Күш біріксе, қайта күшеймек. Мұны президенттер айтып отыр.
Ағайын елдерді жақындатар жайлар көп. Оның талайы айтылды. Олардың бәрін тізіп шығу да қиын және қажет те емес-ау. Ең бастысы – ниет. Ниет түзу болса, араласуға жол табылады. Бұған дейін екі ел арасындағы тауар айналымы жылына 25 миллиард долларды құраса, енді ол 100 миллиард болмақ.
Әңгіме экономикамен ғана шектелмейді. Көршілес үлкен екі елдің арасындағы қарым-қатынастың сауығуы бүкіл Еуропа құрлығына да оң ықпал етпек. Бұрын Украина Батыс пен Ресейді бөлгендей болса, енді ол екеуін жалғастыратын көпір қызметін атқара алады.
Екі ел жақындасса, әрине, ол ең алдымен олардың өздеріне жақсы. Сонымен бірге, оның басқаларға да шапағаты тиетіні бар. Жұрт содан да Ресей мен Украина арасының жақсарғанын құп көреді.
КЕЛІСІМ ЖОҚ ЖЕРДЕ ҚАНТӨГІС ОРНЫҒАДЫ
Таиландта оппозиция мен биліктің соңғы рет тайталасқанына екі айдан аса уақыт өтті. Бір кезде қарсыластар келісімге келетіндей болып еді, бірақ оның аяғы сиырқұйымшақтанып, ақыры соңғы күндері қарама-қайшылық өрши түсті.
Бұл елдегі билік пен оппозиция арасындағы қақтығыс әлем халқының көз алдында. Оны әлемдік телеарналар үнемі көрсетіп жатады. Әсіресе, қызыл жейде киген оппозиция адамдарының саны қаншалықты екенін де теледидардан жақсы аңғарасың. Алғашында оппозиция қатарына көбірек адам жиналған кезде Бангкок көшелері қызыл толқынға айналғандай көрінетін.
Телеарналардан соны көріп, бұл елдегі билік пен оппозиция арасындағы күрестің бейбіт сипатын аңғарғандай болатынсың. Тіпті билік басындағылардың, оның ішінде премьер-министр Абхисит Ветчачиваның өзі болып, оппозицияның өкілдерімен бетпе-бет келіссөздер жүргізуі қарсыластардың арасындағы жаңа құбылыстай қабылданған. Жалпы, қарсылық білдірген халық өз пікірлерін, талаптарын ашық айтуға мүмкіндік алғаны, оны билік тарапының тыңдауға әзірлігі басқаларға өнегедей көрінген.
Әңгіме тіл табысуға, белгілі дәрежеде екінші жақтың мүдде-талаптарын құрметтеуге барып тіреледі. Тек менікі болсын деген қасарысқан талап ешқашанда жақсылыққа апармайды. Алғашында сондай түсіністік жемісін берер деген де үміт болған. Әсіресе, үкімет тарапынан сондай қадамдардың жасалғанын атап өткен жөн болар. Ең алдымен, олар парламент сайлауын өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Бұл – сол сайлау негізінде үкімет құрылуға тиіс деген сөз. Сайлауды өткізетін уақыт та белгіленді. Бұл істі ойдағыдай жүзеге асыру үшін оппозициядан қарсылық әрекеттерін тоқтату талап етілді.
Анық әділеттілікті қалайтындарға бұл өзі айтарлықтай парасатты ұсыныс еді. Тағы да бір тоқтала кететін жай: билік, өзінің мүмкіндігі бола тұрып, әлеуетті күштерді шеруге шыққандарға қарсы қолданудан үнемі тартынып отырды. Өкінішке қарай, оппозиция биліктің нақты ұсыныстарын, парасатты қадамдарын дұрыс қарсы алмады, түсіністікпен қабылдамады.
Қаншама ескертулердің болғанына қарамай, қызылжейделілер, әсіресе, соңғы күндерде түрлі тәртіп бұзушылық әрекеттерді күшейтті. Олар астананың кәсіпкерлік орталықтарына орналасып, ондағы қоғамдық тәртіпке үлкен нұқсан келтірді. Баррикадалар жасады. Биліктің белгілі дәрежеде ыңғайға жығылғанын, оппозицияның талаптарын тыңдауға ықыластығын олар өздерінше қабылдап, қарсылықтарын күшейтті, қабылдауға қиын талаптарын алға тартты. Өздерінің Ветчачива үкіметінің биліктен кетуін талап етуден қайтпайтынын мәлімдеді.
Мәмілелік әрекеттерден бас тарту елдегі жағдайды ушықтыра түсті. Үкімет оппозиционерлерден қарсыласуды тоқтатуды талап етіп, олай болмаған жағдайда оны күшпен жүзеге асыратынын ескертті. Мұның аяғы қантөгіске соқтырды. Бүгінге дейін қаза болғандар саны айтарлықтай болып отыр. Әсіресе, соңғы біраз күнде елуге тарта адам қаза болды, оның ішінде оппозиция басшыларының бірі – қызметтен кеткен генерал Савасдипхол Хаттия да бар. Ақыры билік оппозицияны Бангкок орталығынан күшпен шығаруға мәжбүр болды.
Келісімді қабылдамаған жерде қантөгіс болатыны да заңдылық. Таиландта қан төгіліп жатыр. Кейде осындайда қойсаңдаршы деп араағайындыққа жүретіндер де керек-ақ. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Таиланд үкіметі мен оппозицияны қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырған үндеуін әзірге бұлар естімей отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.