26 Сәуір, 2014

Ағайындардың асығы алшысынан түсті

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстанға келіп қара шаңы­рақ­тың бір мүшесі болғанымызға жиырма жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде көптеген оқи­ға­ларға куә болдық. 1996 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шетелден келген зиялы жұрт өкілдерінің бір шоғы­рын Алматыда қабылдап, түйт­кілді мәселелерге тіке жауап берді. Содан, күдіктеріміз бен күмән­дарымыздан арылып, жұмыс­тары­мызға жұмыла кірісіп, көңіліміз өсіп, жанымыз жай тауып еді. Сол жылы Қазақстан азаматтығын ал­ған 72 адамның бірі болға­ным­ды мақтаныш етемін. Мем­ле­кеттердің ішкі-сыртқы саясатына, дипломатиясына байланысты жағдайдың да өзгеріп отыратыны белгілі. Сондықтан да бо­лар соңғы кездегі көші-қон, ке­ліп-кету, ықтиярхат, азаматтық мә­се­лелерінде алып-қашты әңгі­ме, үйлесімсіз үн-жарғылар, жетіл­дірілмеген шалағай шешімдер кәдімгідей еңсемізді түсіріп еді. Қазақстанға келудің қиындығы өз алдына, келген адамның 4-5 жыл бойы азаматтық ала алмай әбігер болып жүруі бәрімізді мұңға батырды.  Ең сорақысы, «өзің келген елден азаматтықтан шығып кел, сонсоң бұл елдің азаматтығын аласың» деген шарт Қытайдан келген қандастарға ауыр тиді. Өйткені, Қытай өкіметі ешкімді алдын ала азаматтықтан шығармайды. Егер біреу басқа елдің азаматтығын алса, онда ол еш қиындықсыз автоматты түрде азаматтықтан шығарылады. Осы орай бізге өте тиімді еді. Енді осы мәселенің қайта қолға алынуы – өзекті түйінді шешіп, баяғы 1996 жылғы қуаныш сезіміне ие болып, бойымызды кернеген алғысымызды білдіріп отырмыз. Өйткені, тәуелсіздіктен бері бір миллионға жуық қазақ оралғанымен, әлі де 4-5 миллион қандастарымыз өзге елде өмір сүруде. Әсіресе, Қытай, қала берді өзбек елдеріндегі асси­миляцияның сұрапыл жүріп жатқанын ойласақ, жан түрші­геді. Қазақ мектептері жаппай жабылып, ұрпақтармен сөйлесуден қалдық. Әлгіндей кедергілер болған сайын, олар бізден алыстай берері сөзсіз. Енді міне, көптен күткен қуанышты хабар алдық. Мүмкіндігі бардың бәрі атбасын бұрсын. Сыйып кететіні, сіңіп кететіні сөзсіз. Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Түр­кия елдерінде ғылыми шығар­ма­шылық экспедицияда болғанымда, әртүрлі сапарларда жүргенімде, байқағаным, оларға азаттық алған Атамекені – Қазақ елі қымбат және ардақты! Басқаны былай қойғанда, ұрпақ үшін өздерінің ата-баба қонысына, табан тірер тиянағына асығулы. Жұрт әрі-сәрі күйге түскен осы бір сәтте қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев келелі шешім қабылдап, еліміздің іш-сыртындағы ағайындардың асығын алшысынан түсірді. Ендігі тілейтініміз қол қойылған құжаттың тыңғылықты атқа­рылуын қадағалайтын құзырлы мекемеге ширақтық, сергектік, әділдік болсын. Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, Түркі дүниесі ақындары фестивалінің дипломанты, «da Қазақстан» журналының редакторы. Алматы.