Білім • 28 Маусым, 2022

Қазақ сыныбы неге қағажу көре береді?

1285 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде шамамен 5 немесе 6-сыныпты бітірген оқушының жылаған видеосы тарады. Онда бала өзінің қыркүйектен бері Назарбаев зияткерлік мектебіне үздіксіз дайындалып, жоғары ұпай жинаса да оқуға түсе алмағанын, өзінен әлдеқайда төмен көрсеткішпен кейбіреулердің грантқа іліккенін баяндайды. Талапкердің таусылып тұрғанында мән бар, өйткені орыс тобына грант көп бөлінген. Ал редакциямызға шағымданған өскемендік ата-аналар өңірдегі НЗМ басшылығы қазақ тобын ашудан бас тартқанын айтады.

Қазақ сыныбы неге қағажу көре береді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Сенген серкем сол болса»

Бізге арызын айтып хабарласқан ата-аналардың бірі Құралай Жармағам­бетова: «Балаларымыз өте жақсы нәти­же көрсетті. Бірақ гранттан құр қалып тұр. Өйткені орыс тобына грант көп бөлінген. Сондықтан Өскемендегі На­зар­баев зияткерлік мектебінде 4-сы­ныпқа қазақша білім беретін топ ашқа­нын қалаймыз. Біз ең алдымен өз қала­мыз – Өскемендегі НЗМ-ге шағым­дан­дық. Алайда мектеп директоры Жұпат Ерниязова бізге қазақ тобын аша алмайтынын айтты. Және мұнымен қой­май бұған дейін де ата-аналардан осын­дай шағым түскенін және одан еш­қандай нәтиже шықпағанын еске сал­ды. Ал сыныпты аша алмайтын себе­бін қаражаттың тек 120 грантқа беріл­генімен түсіндірді. Егер қосымша грант бөлінсе, қосымша сынып аша алады екен. Директордың айтуынша, мектептің бір қазақ сыныбын оқытуға мүмкіншілігі бар», дейді.

Жоғары оқу орнында білім алу үшін бөлінетін мемлекеттік грант саны да көп жыл тілге қарай бөлініп келгені есімізде. Сол кезде де тура осындай дау жиі болатын. Тіпті кейбір талапкерлер құжатты әдейі орыс тобына тапсыратын еді. Себебі орыс тобында орын көп болғандықтан, грантқа мүмкіндік те мол. Мұндайлар бастысы, оқуға түсіп алуды көздейтін, кейін қалаған бөліміне, яғни қазақ тобына ауысып кетуді жоспарлайды. Тәуе­кел етіп тапсырғандар өзінен төмен ұпай­мен сол таңдаған мамандық пен оқу орнына грантқа түскендерді көріп, көз жасын төгетін. Осындай жағдайлардан соң ата-аналардың арызы да, қоғамда шу да көбейді. Сөйтіп, ақыры грантты тілге емес, жалпыла­ма, яғни студентке бөлетін болды. Осылайша, соңғы бір­неше жылдан бері әділдік орнаған-ды.

Редакциямызға еліміздің шығыс өңі­рінен ха­бар­ласып, шағымын жоғары жаққа жет­кізуді өтінген ата-аналар да дәл сондай әділдікті орнатуға жоғары ве­дом­ство­ның қауқары жетер деп ойла­ған болар. Назарбаев зияткерлік мек­тебіне емтихан тапсырып, жақсы көр­сет­кіш көрсетсе де оқуға түсе алма­ған бала­лардың ата-аналары Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке хат жазыпты.

Аталған хатта: «Құрметті Асхат Қа­нат­ұлы, біз – Өскемен қаласындағы хи­мия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сыныбына үміт­керлердің ата-аналарымыз. Сізден қазақ тілінде оқытатын 7-сыныпқа оқу­шы­ларды әділ іріктеуге жәрдем көр­се­туіңізді сұраймыз. Орыс тілінде 767 ұпай жинаған балалар Назарбаев зият­керлік мектебіне түсе алады, ал қазақ тілінде 962 ұпай жинаған балалар Назарбаев зияткерлік мектебіне түсе алмайды. Өйткені биыл 2022 жылы 3 қазақ және 2 орыс сыныптарын (3+2) қабылдау мүмкіндігі бар. Біздің балаларымыз орыс тілінде оқитын балаларға қарағанда жоғары нәтижелер көрсетті. 2021-2022 оқу жылындағыдай 4 (қазақ) +1 (орыс) сыныптарын ашу нұсқасын қарастырғанын қалаймыз. Егер мектеп­тің басымдығы оқушылардың жоғары білімі мен дағдылары болса, онда біз­дің балалар осы талаптарға сай келеді. Сізден осы мәселені шешуге көмек­тесуіңізді сұраймыз», делінген.

Бұған ведомство басшысы: «На­зар­баев университеті», «Назарбаев зият­­­керлік мектептері», «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұ­дан әрі – заң) 4-бабының 2-тармағына сәй­кес зияткерлік мектептер білім беру қыз­метін, оның ішінде қосымша білім беру саласында жүзеге асыру мақса­тында құрылатын дербес білім беру ұйымы саналады. Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес оқуға қабылдау қағи­даларын дербес бекітеді. Осыған байланысты барлық сұрақ бойын­­­ша «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ға хабарласуды ұсынамыз», деп жауап қатыпты.

Грант бөлінісіне араласа алмайды

Министр А.Аймағамбетов – НЗМ-дегі гранттарды тағайындау жө­нін­дегі комиссияның төрағасы. Сонда бұл төр­ағалық түкке тұрғысыз болғаны ма?

Бұған министрліктің өз уәжі бар: «Біз көпшілік­тің жағдайды түсін­бей­­ті-
нін және НЗМ мектептері министрлікке бағынысты деп санайтынын көріп отырмыз. Осы орайда «НЗМ» ДББҰ-ның то­лық дер­бестігін қамтамасыз ететін арна­­йы
­заң бар екенін еске салғымыз ке­­ле­ді. Яғни НЗМ мектептері Оқу-ағар­­ту министрлігіне бағынбайды. Сәй­ке­сінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін ми­нистрлік емес, Қамқоршылық ке­ңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мә­селе бар. Дәлі­рек айтқанда, министр грант­тарды та­ғайындау жөніндегі ко­миссияның төр­ағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сы­ныптарға қабылдау, сыныптарды жи­нақтау және оны ашу саясатын анық­тауға құқығы жоқ. Сондықтан төр­аға қызметі қайта қаралады. Негізгі ше­шім­дерді қабылдайтын адамдар конкурс комис­сиясына төрағалық етуі керек», деп жауап берді олар.

Яғни министр гранттарды та­ға­­йын­дау жөніндегі комиссияның төр­ағасы бола тұра грант санының бөлі­нісіне араласуға құқы жоқ. Ал «Назарбаев зияткерлік мектепте­рі» дербес білім беру ұйымының бас­шысы Күләш Шәм­шидиновадан әзірге жауап жоқ. Өйткені ата-аналар оған да арнайы хат жазыпты. Біз де осы ұйым­ның баспасөз қызметіне хабарлама жө­нелт­тік. Оқы­ғанымен, кері байланыс бол­мады.

Енді сөз басындағы үлкен мәсе­ле кө­теріп жылаған кішкентай кейіпкері­міз­­ге оралайық. Өзін Сабыр Шыңғыс Марат­ұлы деп таныстырған оқушы: «Қыр­­күйектің 14-інен бері күн сайын сағат 6-дан тұрып дайындалдым. Тест тап­сырып 1 172 ұпай жинадым. Тізімде 112-орында тұрмын. Орыс тобына түс­кен­дердікі менікінен 50-60 ұпайға тө­мен. Осылай ғой, жартылай орыс, жар­ты­лай қазақ 1 126 ұпаймен мынау мек­теп­­ке түседі де, мен 1 172 ұпаймен тү­­­се ал­маймын. Не үшін Қазақстан­да қа­­­­зақ­­тарды мазақтайды?», деп жылап жі­­бер­ді. Оның «мазақтайды» деге­ні «ма­­­зақ қылады» дегендей естіледі екен.

Түйін

Талапшыл талапкер, озат оқушы Қазақстанда тұрып қазақша оқығысы келгені үшін зияткерлік мектепте оқу мүм­кіндігінен қағылып тұр. Әді­лет­­сіздіктен сағы сынған зият­­кер ұрпақ­­тың ертең білім нәрін ше­тел­дің пай­дасына, экономикасына жұм­сама­сына кім кепіл? Біз елдің әл-ауқа­тын көтеретін өзімізде өндірістің жоқ­ты­ғынан шикізаттарымыздың ­жыл­­­дар бойы шетелдерге су тегін кеткенін қа­зір ішіміз ашып айтып жүрміз. Ақыл-ой – ең құнды «шикізатымыз». Оны сұраусыз сату – бардан айырылу ғой. Соны қазірден ұғынсақ, қане­ки. Өйткені ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлы «Бала қай тілде білім алса, сол елге қызмет етеді» демеп пе еді. Бұл дәйексөзге де «ескінің сөзі» деп аргумент айта­тындар табылар. Олай болса, бір нәрсені еске салғымыз келеді: еліміздің қолданысындағы «Білім туралы» заңында барлық бала өзінің қандайда бір ерекшелігіне, оқыту тіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға құқылы екені жазылған.