Спорт • 29 Маусым, 2022

Еркін күрестің ерлері анықталды

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Қазақстанның беделді балуандары кеншілер қаласы – Қарағандыда бас қосып, ел чемпионатының түрлі-түсті жүлделерін сарапқа салып жатыр. Солардың қатарында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланған саңлақтар да бар. Жарысты әдеттегідей еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы күні бес салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды.

Еркін күрестің ерлері анықталды

Балуандар бәсекесінің ал­ғаш­қы күнінде «Қарағанды Аренаға» жиналған жанкүйерлер 74 кило салмақтағы спортшылардың са­йысын қызыға тамашалады. Себебі бұл салмақ дәрежесінде кіл мықтылар жиналған екен. Солардың арасынан Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов суырылып шықты. Бірі – елі­міздің солтүстік, екіншісі – шығыс өңірінің тумасы. Екеуінің де есімі қалың көрерменге етене таныс. 24 жастағы Нұрқожа 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында күміс медальды мойнына іліп, 2019 және 2021 жылдары Азия біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Осыдан екі ай бұрын Моңғолияда өткен Сары құрлықтың басты додасында Қайпанов күміс медальды иеленді. 28 жастағы Даниярдың әлем чемпио­на­ты­ның қола және Азия ойын­дарының күміс жүлдегері деген атақтары бар. Қайсанов та Азия чемпионатының алтын тұ­ғы­рына екі мәрте көтерілді.

Негізі «Қайпанов мықты ма, Қай­санов па?» деген сұрақ жанкү­йер­лердің көкейінде көптен бері жүр­ген еді. Осындай сауал жол­данған сәтте көпті көрген кәнігі бапкерлердің өзі де жауап бере алмай, біраз әбігерге түскеніне сан мәрте куә болғанбыз. Бұл жолы қос мықтының жолы финалда түйісті. Бірінші кезең тек аң­дасумен өтті. Соңғы сәтте ал­ғашқы ұпай Даниярдың енші­сіне жазылды. Оның өзінде жасал­ған ұтымды әдісі үшін емес, бел­сенділігі үшін берілді. Үзіліс­тен кейін Қайсанов жиі шабуыл­дағанымен, қарсыласы үнемі оның алдын орап отырды. Сон­дай мезеттердің бірінде қар­сыласының артына шығып, екі ұпайды иеленді. Біраз уақыттан соң қайта дәл сондай әрекетке барды. Ақырында амалы таусылған Данияр қарсы­ласуды қойды. Нәти­жесінде, 14:3 есебімен жеңіске жеткен Нұр­қожа Қайпанов Қазақстан чемпионы атанды. Ал қола медальды павлодарлық Азат Сақаев пен Алматы облысының өкілі Ернар Сатыбалды иеленді. 

Дәл осы салмақта  әлем чемпио­натының күміс жүлдегері Нұр­лан Бекжанов пен жуырда ғана Ал­матыда өткен «Болат Тұр­лы­ханов кубогында» өрелі өнері­мен көзге түсіп, күміс медаль­ды иеленген Родион Анчугин де күресуге тиіс еді. Алайда жара­қатына байланысты олар боз кілемге шықпады. Еліміздің тағы бір беделді балуаны Аза­мат Өміржанов болса, алғаш­қы айналымнан аса алмады.

79 кило салмақ дәрежесінің финалында атыраулық Болат Сақаев пен маңғыстаулық Жігер Зәкіров белдесті. Бұл тар­тыс алғашқысының пайдасына ше­шілді. Таяуда ғана Алматыда ұйым­­дастырылған «Болат Тұр­лы­­ханов кубогында» дәл осы ба­луан ер­кін күрестен Қазақстан құрама­сының қоржынына жалғыз ал­тынды салған еді. Бұл жолы да Болат өзінің бабында екенін байқатты.

57 кило салмақта жамбылдық Рахат Қалжанға тең келер еш­кім табылмады. Финалда ол шымкенттік Жаһангер Ахмат­жа­новтан айласын асырды. Шым­кент қаласының тағы бір балуаны Асыл Айтақын мен Алматы облысының өкілі Өсімжан Дастанбек 61 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Бұл бәсекеде Асылдың асығы алшысынан түсті. 97 кило салмақта Мамед Иб­рагимов ел чемпионы атанды. Павлодарлық балуан финалда қарағандылық Серік Бақыт­хановтан басым түсті.