Қазақстан • 29 Маусым, 2022

Ашық қоғамның айқын көрінісі

333 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайдың жаңа замандағы рөлі қандай? Мақсат-мұраты неде? Оның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен айырмашылығы қан­дай? Amanat партия­сы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөнін­дегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына жиналғандар дәл осы сұрақтар төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Ашық қоғамның айқын көрінісі

5 маусым күні ел тарихында тұңғыш рет ұлт ордасы – Ұлытауда елдің елеулі азаматтарының басын қосқан Ұлттық құрылтай өткені белгілі. Осы орайда кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай құрылтайдың мақсаты мен міндетіне тоқталды.

«Құрылтай – ата-бабамыздан келе жатқан аса маңызды шешім қабыл­дайтын ұлық жиын. Ол – дала демо­кратиясының жарқын көрінісі. Біз ата-баба аманатын арқалап, жолын жалғап, көне дәс­түрді жаңғырттық. Арада ғасыр­лар өтсе де, мақсатымыз ортақ – бірлікті бекем етіп, алқалы жиында ұлтымыздың болашағын айқын­дай­тын шешімдер қабылдау», деді ол.

Өз кезегінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС Бас ди­ректоры, партияның Саяси бюро­сы­ның мүшесі Дархан Қыдырәлі құ­рыл­­тайды ашық қоғамның тағы бір кө­рі­нісі деп бағалап, оның өзге кеңесу алаң­дарынан айырмашылығын тарқатып айтты.

«Жаңа Қазақстанның міндеті – ашық азаматтық қоғам құру, әділет­ті мемлекет орнату, демократия­лық үдеріс­терді жүргізу. Ал құрылтай ашық азаматтық қоғамды дамытуға үлкен үлес қосады. Мұндағы ай­тылған пікірлердің барлығы елдің мұң-мұқта­жын, халықтың тілегін жеткізуге тиіс. Құрылтайдың алғашқы отырысының ұлтқа ұя, ұлысқа ұран болған Ұлытауда өтуінің мәнісі зор. Сондықтан халықтық құры­лым ретінде Құрылтай тәуелсіздікті тұғырлы етуге, ел бірлігін нығайту­ға ықпал етеді деп сенеміз», деді Д.Қыдырәлі.

Ұлттық құрылтайдың құрамында этнолог, географ, философ, жаратылыстанушылар болуы керек деп есептейді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

«Ұлытауда өткен құрылтайға халық­тың сөзін сөйлейтін мемлекет және ұлт қайраткерлері өте жақсы іріктеліп алын­ған. Болашақта орын алады деп болжанып отырған су, азық-түлік тапшылығы, жер мәселелерін ескере отырып, ендігі құрылтайдың құрамына мамандарды енгізу керек. Ел тыныштығы, территориямыз­дың тұтастығы, халқымыздың әл-ауқаты сынды өте өзекті мәселелердің шешілуіне құрылтай себепкер болуға тиіс», деді ғалым.

Алғашқы құрылтайға 117 адам іріктеліп алынғаны белгілі. Дегенмен бұл тізім ауысып тұрады. Белсен­ді, елдегі ортақ мәселелерді шешу үшін үлес қосамын деген кез келген қазақстандық азаматтың болашақта осы кеңеске қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай айтты.

Оның айтуынша, қазір «Құрылтай» деп аталатын арнайы мобильді қосымша жасалып жатыр. Ол күзде іске қосылады. Мобильді қосымша арқылы кез келген азамат өз ұсынысын құрылтайға жолдай алады.

«Құрылтайдың Ұлттық кеңес­тен артықшылығы мұнда аймақ­тардағы кеңестердің өкілдері қа­тысады. Жергілікті жерлердегі мәсе­лелер де тыс қалмауы үшін арнайы телевизиялық жоба қолға алынады. Ол – «Хабар» және Qazaq­stan телеарналарының ұйымдастыруымен өтетін үлкен бағдарлама. Яғни Ұлттық құрылтай мәселелерді жылына бір рет болатын жиында талқылап қана қоймай, үздіксіз жұмыс істейтін үлкен алаң болады», деді Б.Жексенбай.

Өз кезегінде «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли телеарнада «Ұлттық құрылтай» деп аталатын арнайы телемарафон және Мемлекет басшысы айтқан еңбек адамына құрметті насихаттау үшін арнайы жобалар дайындалып жатқанын жеткізді.