Алғашқы кездесу Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда өтіп, ауылдардағы ақсақалдар алқасының төрағалары, ауыл әкімдері мен әлеуметтік желі белсенділері жиналған басқосуда біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер туралы ой-пікірлер ортаға тасталып, түйінді сұрақтарға тұшымды жауап алынды.
Жол, жер, шекара мәселелері туралы орынды ұсыныстарды зейін қойып тыңдаған Президент кеңесшісі бұл айтылғандарды тиісті органдар басшыларына жеткізетініне уәде берді. Кездесу кезінде Мәлік Отарбаев Президентіміздің саяси реформасының қыр-сырын, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің тарихи маңызы мен мәнін, сонымен бірге Жаңа Қазақстан құрудағы ел белсенділері алдында тұрған мақсат-міндеттер мен патриоттық борыштарын егжей-тегжей түсіндіріп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Аудан әкімі өңірде қолға алынып жатқан оңды істер мен игі бастамалар туралы хабардар етті.
Сапар барысындағы екінші күн Кеген ауданындағы жүздесулерге жалғасты. Бұл ауданда да жергілікті тұрғындармен кездесуде талқыға түскен басты мәселе – республикалық маңызға ие жол мен ушығып тұрған жер жағдайы болды. Жиынға қатысушылар мен сұрақ қойған ауыл белсенділеріне Президент кеңесшісі жер мен жол проблемалары республика деңгейінде қолға алынып, кезең-кезеңімен оң шешіліп келе жатқанын нақты мысалдармен түсіндіріп кетті.
Президент кеңесшісі, сондай-ақ Кеген ауылында өткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәдірбек Құныпияұлының 60 жас салтанатына және ақынның «Найзақара» жыр жинағының тұсаукесеріне қатысып, мерейтой иесіне Президент Қ.Тоқаевтың Алғысхатын табыс етіп, Мемлекеттік кеңесші Е.Қариннің құттықтауын жеткізді.