Тренингті Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Ашылу рәсімінде Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымның өкілі Мария Доценко сөз сөйледі.
«Гендерлік бағдарланған бюджеттеу – бюджет процесін жоспарлау бойынша гендерлік теңдікке қол жеткізудің бірегей құралы болып саналады. 2018 жылы Ұлттық экономика министрлігі «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен 2020-2025 жылдары Қазақстанда гендерлік бағдарланған бюджеттеуді енгізу бойынша ұлттық жоспарды қабылдады. Аталған құжатта бюджетті гендерлік факторларды ескере отырып мемлекеттік жоспарлау тұрғысынан жетілдіру бойынша шаралар тізімі көрсетілген. Қазір біз аталған жоспарды жетілдіру бойынша Қазақстан Үкіметіне қолдау білдіріп отырмыз», дейді М.Доценко.
Қатысушылар да мұндай бағыттағы іс-шараның елімізде қолға алынғанына ризашылық білдіріп, өз пікірлерін жеткізді.
«Тренинг ақпараттық, танымдық тұрғыда біз үшін өте пайдалы болды. Бізде бұрын гендерлік бағдарланған бюджеттеуге байланысты семинар, тренингтер өткізілген емес. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе болып жатыр. Қызметіміз барысында әлеуметтік проблемасы жетіп артылатын қаншама көпбалалы әйелді көреміз. Әрине, әлеуметтік проблеманың полицияға қатысы жоқ. Десе де халық кез келген түйткілді полицияға айтып, шешімін тапқысы келеді. Бүгінгі іс-шарадан өзіміз үшін көп пайдалы нәрсені көрдік, түйдік, енді соны жұмыс барысында қолданамыз», дейді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.
Гендерлік бюджеттеу дегеніміз не өзі? Қысқа-нұсқа анықтама беріп өтер болсақ, бұл – қоғамдағы әр азаматтың қажеттілігін ескеру және қаржыны ұтымды пайдалану. Бюджетті қалыптастыру кезеңінде ер мен әйел азаматтарының мұқтаждығы мен қызығушылығы бірдей есепке алынуы керек. Гендерлік бюджет үш мақсатты көздейді: қаржылық-жоспарлық есеп беру мен оның мөлдірлігі, гендерлік мәселерге әйелдерді көбірек қатыстыру, мысалы, бюджетті қабылдау мәселесіне әйелдердің еркектермен бірге тең қатысуы және гендерлік теңдікпен әйелдер құқын дамыту.