Алматыдағы Ұлттық кітапханада болып өткен «Дін бірлігі – ұлт тұтастығының кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысушы зиялы қауым өкілдері дін қоғамның рухани бірлігінің маңызды факторы екендігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы келіп орамды ойларымен бөліскен осынау келелі жиын барысында қазіргі қазақ қоғамындағы дін мен дәстүр, имани һәм рухани құндылықтар мәселелері кеңінен сөз етілді.
Кездесудің ұйымдастырушы модераторы, Ұлттық кітапхананың бас директоры, белгілі жазушы Әлібек Асқар осындай бір басқосудың толғағы жеткен қажеттілігіне, халықтың қалың топтарындағы діни сауаттылықтың елдік, мемлекеттік мүдде тұрғысынан айрықша маңыздылығына ден қоюдан бастады әңгімені. Жетпіс жыл бойы атеист болдық. Большевик болдық, коммунист болдық. Молдаларды қуғынға салдық, оларды мазақ еттік, әжуа еттік. Мешіттерге мал қамап, шіркеулерді атқораға айналдырдық. Тәуелсіздік келіп еді, бәріміз бір-ақ күнде діншіл болып шыға келдік. Әсіресе, жастар арасында дін модаға айнала бастады. Балаларымыз шетелдерде діни оқуда жүргеніне мәз болдық. Елдегі жастар бағыт-бағдардан жаңылып, түрлі экстремистік ағымдарға түсіп кетті. Жасына жетпей сапситып сақал қойып, шолтитып шалбар кигендер көбейді. Соның салдарынан қалың қазақтың бірлігіне сызат түсейін деді. Сөйтіп, қазақ жастары жылтың етіп Чешенстаннан шығып жатты. Отбасы, бала-шағасымен Сирия соғысынан көретін болдық. Айдың-күннің аманында бұл не жосын? Осының бәрінің төркінінде діни сауатсыздық жатыр. Бұл проблема ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын әрбір азаматты толғандырары анық.
Олай болса, зиялы қауымға мемлекетіміздің дін саясаты және еліміздегі діни ахуал жөнінде, Агенттіктің дін саласындағы уәкілетті орган ретіндегі қызметі мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманың жүзеге асырылуы жайында кеңірек түсінік берілгені құба-құп. Елдегі тұрақтылықтың құрамдас бөлігі саналатын осынау сан сипатты салада, әсіресе, соңғы жиырма жылда даусыз жетістіктермен, елеулі өзгерістермен қатар кірбіңді түйткілдер де орын алып отырғандығы аян. Жоғарыда аталған маңызды құжат өз күшіне енген үш жылда дін істерін реттестіруге айтарлықтай оң ықпал жасап келеді. Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов еліміздегі көпконфессиялық біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз, бүгінгі өміріміздің шынайы ақиқаты екендігін қадап айтты. Олай болса, қазіргі кезде діни бірлестіктердің қызметі заңнамалық тұрғыдан реттестірілді. Дінді арандатушылық һәм іріткілік мақсатта пайдалануға және басбұзарлық идеологияның еніп кетуіне кәдімгідей тосқауыл қойылды. Заңға сәйкес, барлық исламдық діни оқу орындары қайта тіркеуден өтті. Сөйтіп, қазір олардың саны 28-ден 13-ке дейін қысқарды. Діни әдебиеттің сатылуы мен айналымы жолға қойылды. Олардың жаңадан әкелініп жатқандары бүлдірушілік бағытқа жатпайтындығы анықталып, сараптамадан өтеді. Діни ақпарат тарататын сайттарға жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде.
Агенттік төрағасы зиялы қауымды ашық әңгімеге, белсенді қарым-қатынасқа шақырып, болашақтағы жұмыс жоспарларын ағынан жарыла ортаға салды. «Зиялы қауым өкілдері заманалар бойы ұлттың ұстазы, қоғамдық ақыл-ойдың қозғаушы күші қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Өскелең жастар сіздер жазған туындылар, жасаған зерттеулер арқылы өзін, ұлтын, дәстүрін таныды, сана-сезімін, ой-өрісін, бағыт-бағдарын қалыптастырды. Көркем әдебиет, өнер, ғылым, баспасөз арқылы қоғамдық сананы сіздер қалыптастырып жатырсыздар деп сеніммен айта аламыз. Мемлекеттік орган ретінде біздің жүргізіп отырған барлық қоғамдық шараларымызға зиялы қауым өкілдері де қатысуда. Ұлт мүддесі баршаға ортақ болғандықтан мен сіздерді осы бағытта бірлесе, белсене жұмыс жүргізуге шақырамын» деді М.Әзілханов.
Шын мәнінде де, Агенттік төрағасы атап өткендей, дін мемлекеттен бөлінгенімен, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігінен, болмысынан бөлінбейді. Ислам біздің елімізде қазақтардан басқа халықтардың да ата діні болуымен маңызды. Осы ретте діни сананы елдің ежелден келе жатқан салт-санасына, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне сай қалыптастырған дұрыс. Біздегі діни сенім бостандығын теріс ағымдардың пайдаланып кетіп жатқаны да жасырын емес. Діни ахуалдың күрделене түскеніне көзді жұмып қарауға болмайды. Одан ішкі тұрақтылыққа нұқсан келеді. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық Жолдауында дін бірлігі тұрақтылықтың, ұлт тұтастығының бір кепілі ретінде жоғары бағаланған. Ендеше, халықтың өмір мен тұрмыс тәжірибесін ескермей, дәстүрді дінге қарсы қойып, қайшылық тауып жүрген ағымдарды ауыздықтау амалдарын қарастырған мақұл. Ислам жөніндегі үстірт түсініктер де діни сауатсыздықтан бел алады. Осындайда ішкі тұрақтылық, әсіресе, қазақ халқының рухани, имани тінінің мықтылығына, төзімділігіне орай қалыптасып отырғанын қаперде ұстау керек. Біздің елімізде дін проблема емес, қайта сол проблемаларды шешудің тетігі деген Төраға сөзіне жиналған қауым бас изеп, ден қойды.
– Діни басқармаға келген кезде мені бір мәселе мазалады, – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. – Сөйтіп, біз дін мен дәстүр деген мәселе көтердік. Өйткені, бұл бәріне ортақ құндылық қой. Ұлттық құндылық деп отырғанымыз, ол – дін екен. Расында да, кеңес кезінде дінімізді сақтап қалған нәрсе – дәстүріміз. Өйткені, ораза ұстау, айт намазына бару, ауыз аштыру сияқты құлшылық амалдар дәстүрге айналды. Біз оны дәстүр екен деп түсіндік. Сөйтсек, дініміздің жүгін дәстүріміз көтерген екен. Дәстүр дегеннің өзі құдіретті күшке ие. Биыл Діни басқарма 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады.
Қазақ балаға ат қойса да, азан шақыру үшін де имамды шақырады. Құдайы ас берсе де имамға Құран оқытады. Жақсылыққа кенеліп жатса да, шүкіршілігін білдіріп, құрбан шалып, Құран оқытып жібереді. Барлық қайғы мен қуанышта имамдар қызметте жүреді. Бірақ сынға ұшырап жататын да сол имамдар.
Осы жылы қолға алып отырған тағы бір жұмысымыз: тарихи мешіттер туралы фильмдер түсіріп, арнайы мақалалар жазу. Бұл жұмысымызды Құнанбай атамыз салдырған Қарқаралыдағы мешіттен бастамақшымыз. Құнанбай қажының мешіт салдырып, медресе ұстауы ұрпаққа өнеге ғой. Соны жастарға өнеге ретінде жан-жақты паш етуді жоспарлап қойдық. Әйгілі «Ғалия» медресесінде қазақтың талай ақын-жазушылары оқығанын білесіздер. Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин оқыған медресе туралы да фильм шығаруды ойлап отырмыз. Бұл да қазақ жастарына ата-бабаларының қандай болғанын насихаттап көрсетпек.
Бұдан әрі Бас мүфти діни басқарманың үш бағытта жұмыс жасап жатқанына тоқталды. «Бірінші бағыт: уағыз насихатты күшейту, екінші бағыт: жат ағымға кеткен жастармен жұмыс, үшінші бағыт: қайырымдылық іс-шаралар жасау. Өзге діни ағымдардың ықпалында кеткен жастармен көркем түрде жұмыс жасау қолға алыныпты. Өйткені, олар тек жұмсақ сөз айтып, көркем уағыздағанда ғана исламға үйіріледі. Ал көкірегінен итерсең, жат ағымның жылымына құлайды. Осы жайды ескеру керек. Алла тағала дініміздің тұтастығын арттырғай. Исламға қуат, елімізге бірлік, ынтымақ-береке бергей!» – деп түйіндеді өз сөзін Ержан қажы Малғажыұлы.
Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі Айнұр Әбдірасылқызының дін және дәстүр сұхбатының заманауи сын-тегеуріндер аясындағы жай-күйіне тоқталып, рухани құндылықтар мен діни сана төңірегінде ой бөлісуі аса тағылымды болды. Мәселен, қабір зияраттарын жасау шариғатқа еш қайшы келмейді екен. Оның өліге де, тіріге де ғибраты бірдей. Қазақтың хақ мұсылманының аруақтан емес, Алладан сұрайтыны да содан. Ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ыждағат деген сөз бар. Ол ілім-білімге іздену керектігін білдіреді. Құт әкелуші білім деген сөз. Біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келе жатырмыз десек, ол нәпсімен күресті айғақтайды. Нағыз жиһад сол, ол – қазақты ел қылу. Қазақтың иманы – жүректегі құндылықтар. Демек, дін мен дәстүрдің үйлесіміне жету ләзім. Қазақ мұсылмандығында дін мен дәстүр біте қайнасып, үлкен идеологияға айналуы керек. Айнұр ханымның осындай ой орамдарын іштей біз де құптап отырдық.
Осыдан кейін пікірталастар өрбіді. Бүгінгі қоғамдағы дін және руханият мәселелері әртүрлі қырларынан талқыланып, өзекті сауалдарға жауап ізделді. Академиктер Сұлтан Сартаев, Серік Қирабаев, Аманжол Қошанов қай дін болса да ойлайтыны халықтың бірлігі екендігін алға тартты. Әлбетте, ислам діні де ізгілікті көздейді, әркез жақсылықтың, жақсы істердің ұйытқысы болады. Демек, діннің ел игілігі үшін жұмыс істеуін назарда ұстау қажет. Жастарға дін уағызы мен насихатын ұтымды ұйымдастырудың жолдарын қарастырған абзал. Көпшілік Ханафи мәзһабының негізгі ұстанымдарынан бейхабар. Осының ағартушылық жағын халыққа сіңіруді мешіттер, бұқаралық ақпарат құралдары қолға алса, нұр үстіне нұр. Жазушы Қабдеш Жұмаділов дінді, ислам қайраткерлерін құрметтеп қастерлеу орайындағы ойларын жеткізді. Қазақты шоқындырудан сақтап қалған Науан хазіреттерді қазір кім біліп жатыр? Қ.Жұмаділов өзі Ақтайлақ биді арқау еткен «Прометей алауы» деген романын дін тақырыбына арнаған екен. Бұл өнеге мұсылмандық мерейін асыру жолында жазушылар, киногерлер, тележурналистер, мәдениет саласының басқа да қайраткерлері қажыр-қайрат танытуы қажеттігін айғақтайды.
«Мысль» журналының бас редакторы, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам дін өкілдерін ислам туралы ғана емес, сонымен бірге әлемдік жетекші діндер туралы да жақсы білуге, өз саласында жоғары білімді мамандар болуға, барлық діндер өкілдерімен пікірталасқа түсе алуға шақырды. Дін, ең алдымен, білім мен ғылымға негізделеді. Сондықтан, білім мен дін қатар жүруі керек. Осы заманғы алмағайыптар жағдайында имани білімді насихаттау жұртшылықпен арақатынастың жаңа үлгілеріне негізделуі тиіс. Мұның ең тамашасы – діни сананы тәрбиелеу. Белгілі жазушы Смағұл Елубай теледидар қуатты ақпараттық ресурс болып табылатынын айтты. Кітап оқымаса да миллиондаған көрермен теледидар алдында отырады. Ендеше, мемлекет дәстүрлі рухани құндылықтарды паш ететін теледидар бағдарламаларын жасауға жағдай туғызғаннан еш ұтылмас еді.
Осы тұрғыдағы пікір алысуға ақындар Марфуға Айтқожина, Мыңбай Рәш, баспасөз ардагерлері Сарбас Ақтаев пен Амантай Ахетов және басқалар үн қосты. Зиялы қауым өкілдері дін саласындағы уәкілетті орган және мүфтият басшылығының ұйытқылығымен өткен кездесуді ұлтты ұйыстырушы имандылық шарасы ретінде жоғары бағалап, ол келешекте дәстүрлі түрде өтіп тұрса екен деген тілек білдірді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.