26 Сәуір, 2014

Қатардағы қаһарман

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шаяхмет атаЖеңіс мерекесі қарсаңында біз Шаяхмет Ғайнанұлы туралы айтуды жөн көрдік.Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, бұл бабамыз тірі болса биыл 9 мамырда 100 жасқа келер еді. Ол 1914 жылы Алматы облысының Қастек өңірінде дүниеге келген. Әке-шешеден ерте жетім қалып, қабырғасы тез қатайған талапты жас 1921-1925 жылдары Көкөзек бастауыш мектебінде білім алады. Содан соң ауылдағы артель жұмысына араласады. 1936 жылы мамандық алу мақсатымен Таутүргендегі біржылдық мал дәрігері курсын бітіреді. Ауылға келген соң басшылар оны Каганович, Ұзынағаш кеңшарларындағы мал ұрықтандырушы, веттехник жұмыстарына тағайындайды. Алғыр жігіт тапсырылған істі алаңсыз атқарып жүргенде, бұрқ етіп соғыс басталып кетеді. Осылайша, Шаяхмет Ғайнанов Алматы облысындағы Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан майданға шақыру қағазын алып, 1942 жылдың 15 ақпанында Батысқа жол тартады. Алғашында, яғни 1942 жылдың ақпаны мен 1944 жылдың тамызы аралығында 2 Украина май­данының 572-ші атқыштар полкінің жауынгері ретінде кескілескен ұрыстарға қатысады. Одан кейін, 1944 жылдың тамызынан 1945 жылдың тамызына дейін 672-ші атқыштар полкінде болады. Ал 1945 жылдың тамызы мен қазан айы аралығында 190-шы атқыштар полкінің құрамында әскери жорық жолдарынан өтіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының 1945 жылдың 25 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес әскерден қайтарылады. Төрт жыл­ға созылған Ұлы Отан со­ғысында қарапайым қазақ жі­гіті Украинаны, Румынияны, Ав­с­трияны, Чехо­словакияны, Вен­­­грияны жаудан азат етуге қатысады. Жан беріп, жан алысқан қан майданда үш рет жараланады. Нақтырақ айтқанда, 1944 жылдың желтоқсан айында Венгрияда 2 рет белінен, ал 1945 жылдың мамырында Германия жерінде басының сол жағынан жарақат алып, сұрапыл соғыс зардабын тартады. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері лайықты бағаланып, майданнан омырауына тағып келген ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің қатарын бейбіт күнде Ұлы Жеңістің 50 жылдығы», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл» және «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдары толықтырды. Соғыстан кейін де құс ұйқылы қойлы ауылдың аптабына күйіп, суығына тоңа жүріп бұрынғы жауапты кәсібімен айналысты. 1950 жылы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын техникумды бітірді. Туған жердегі жарқын істері өзінің жақсы жалғасын тауып, облыс, аудан, кеңшар, кәсіп­одақ, еңбек ұжымдарының көптеген бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жағдайы жақсарып, тұр­мы­сы түзелді. Өмірлік жары Со­ным­бүбі Ғайнанова кешегі кеңестік кезеңде КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының атынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлықтарымен барлық дәреже­дегі «Ана даңқы» медалімен марапатталса, Тәуелсіз Қазақстан тұсында Елбасымыздың 1999 жылдың 5 наурызындағы Жар­лы­ғымен он бір бала тауып, тәр­биелегені үшін «Алтын алқа» иегері болды. Сонымбүбі апа екеуінен өрген өнегелі перзенттерінен қазіргі кезде 28 немере, 32 шөбере, 1 шөпшек бар. Сөйтіп, ауылдың ардақтысы атанған абзал жан Ұлы Отан соғысында жасаған ерліктерін бейбіт заманда ерлікке тән еңбек­терімен ұлықтап, құрметті ел ағасына айналды. 1945 жылғы Ұлы Жеңіс күніне жарты ғасыр толғанда, яғни 1995 жылдың 9  мамырында  Шаяхмет аға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне жолдаған құттықтау хатын алды. Мәтіні жүрегіңді тебірентетін ол құжатта мынадай жолдар бар: «Біздің елдеріміздің халықтары – жасымас жігерімен, қайтпас қаһармандығымен, берік бірлігімен, жалынды отаншылдығымен тұлғаланып көрінген сіздің ұрпақ жасаған ерліктің ұлылығын әрқашан қастерлеп жадында сақтайды. Сіздер небір ауыр сындарды – қанқұйлы дұшпанмен жан аямас шайқасты, жауынгер достардан айырылудың азасын, соғыстан кейінгі жанқиярлық еңбекті қайыспай бастан кештіңіздер. Сонда да сыр бермедіңіздер, сіз және сіздің достарыңыз бар ауыртпалықты мойымай арқа­лап шықты, сондықтан, біз өз өмі­рімізбен сіздерге қарыздармыз, сондықтан да, сіздер қазіргі ұрпақ үшін де, келер ұрпақ үшін де мәңгі-бақи жеңімпаздар болып қала бересіздер». Бұдан шығатын қорытынды, тұла бойы шежіреге тұнған Шаяхмет атамыз ел басына күн туғанда Отан үшін отқа түсіп, Ұлы Жеңіс таңы атқанда соғыстан кейінгі қиыншылықтарды жою жолында толарсақтан саз кешкен, сөйтіп, жарқын заманның, бақытты елдің негізін қалауға қосқан қомақты үлесі арқылы Елбасымызға дейінгі тұлғалардың назарын өзіне аудара білген жасампаз жан. Өзі өмір сүрген кезеңнің барлық тауқыметтерін жеңіп шыққан біртуар батыр бабалар бойындағы тектіліктің тамырын қаз-қалпында ұрпақтарына бере білген екі ғасыр арасындағы алтын көпір. Өкініштісі, өнегелі өмірінде өшпестей із қалдырған Шаяхмет атамыз 1997 жылдың 6 наурызында өмірден озды. «Орнында бар – оңалар» демекші, әке арманын ақиқатқа айналдырып, атамекендерінің одан әрі өркендеуіне аянбай атсалысып жүрген ұлағатты ұрпақтарының атсалысуымен 2010 жылдан бері, яғни ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановты еске алу жүлдесі үшін ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы бокс­тан өтетін облыстық турнир жыл са­йын жалғасын тауып келе жатыр. Бұл турнирді ұйымдастыруға Жамбыл ауданының әкімдігі, Көкөзек орта мектебінің директоры Хамит Есбаев пен «Медетбек батыр» қоғамдық қорының бас­шылығы ұйытқы болып жүр. Тур­нир  2013  жылы  Қырғызстаннан келген спортшылардың қаты­суы­мен төртінші рет өткізіліп, ха­­лық­аралық дәрежеге жетті. Ал биылғы жылы бесінші рет өткізілгелі отырған жасөспірімдер арасындағы халықаралық бокс турнирі «Қазақстан барысы» жобасымен ұйымдастырылатын қазақша күрес бәсекесімен толық­тырылып отыр. 80 килодан жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтетін бұл дүбірлі додаға Қырғызстан, Моңғолия, Ресейден келген түйе балуандар қатысады деп күтілуде. Шежірелі тарихымыздың бүгінгідей алтын кезеңге ұласуы жолында қас-дұшпанымен қасық қаны қалғанша аянбай айқасып, бейбіт заманда Отаны мен елінің одан әрі өркендеуіне бойындағы барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановтың құрметті есімі елімен бірге, тарихпен бірге жасай бермек. Ерік АМАНТАЕВ, журналист. Алматы облысы, Жамбыл ауданы.