Аймақтар • 29 Маусым, 2022

Малды асылдандыруға асығады

453 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Төрт түлігі түгел болса, төбедегі келетінін түсінген ауылдағы ағайын ауыл шаруа­шылығы саласына аяқ басудан қашқан емес. Жеке аулада бес сиыр, онға жуық ұсақ малды ұстайтындарды айтып отырғанымыз жоқ. Ебін тапқандар мем­лекеттік қолдауды пайдаланып, шаруашылық құрып, жеке кәсібін дөң­гелетіп отыр. Малдың санын арттыру былай тұрсын, асылдандыруға асығуда.

Малды асылдандыруға асығады

Жем-шөп жеткілікті болса...

Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға ден қойған елдер төрт түліктің санына емес, сапасына мән береді. Сәйкесінше, әлемдік нарықта ет және сүт өнімдерін молынан ұсынып отыр. Соңғы жылдары елімізде де түлікті асылдандыру ісіне зор қолдау көрсетіліп келеді. Ең әуелі өткенге көз салсақ. Межеге қол жеткізу үшін бұрынғының көрсеткіштерін тізіп, салыстырмалы түрде сараптама жасау – маңызды. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің пікіріне құлақ түріп көрдік.

Кеңес өкіметі кезеңінде мал шаруа­шылығы жаңа үлгіде дамыды. Мал етімен қатар, жүнге, сүтке деген сұраныс артты. Осыған байланысты салада селекциялық жұмыстар жүргізіліп, асылдандыру ісі жаппай сипат алды. Көптеген комбинат, фабрика салынды. Онда мал шаруашылығы өнімдері бастапқы өңдеуден өткізіліп, орталықтан түскен тапсырыс бойынша тұтыну орындарына жөнелтіліп отырды. Осылайша, жылына жүздеген мың тоннадан астам ет өнімдері өз тұтынушыларын табатын. Қазіргі жағдай басқаша. Малдың басым бөлігі жекеменшіктің қолында болғандықтан мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстары бұрынғы уақытпен салыстырғанда әжептәуір әлсіреді. Төрт түліктің саны да азайды. Мал өнімдері экспортын жолға қою үлкен проблемаға айналды. Біздегі мал шаруашылығының өндірістік деңгейі мен қуаты бұрынғыға қарағанда көп кемігені өз алдына, сыртқы нарықта ет экспортына қатысты талаптар күшейе түскенін атап өткен жөн. Мәселен, Ресейдегі ет комбинаттары малдың салмағымен қатар сойылу түріне де ерекше мән береді. Комбинаттар сатып алу үшін мал еті кесек күйінде сұрыпталуға тиіс. Қойылатын ветеринарлық талаптар және бар. Өкінішке қарай, аталған талаптарға сай келмей отырмыз. Себебі ірі қара мал ұсақталып кеткен. Тұқымдық қасиеті төмен. Елімізде осы уақытқа дейін мал шаруашылығын асылдандырудағы селекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмей келді. Оның ортақ бір жүйесі құ­рылмады. Мұндай жұмыстар жеке шаруашылықтар аясында ғана шектеліп қалып отырды. Ал оларға бөлін­ген қаржының тиімділігі тиісті бақылауға алынбады. Бөлінген қаржының сұраушысы болмады.

Екіншіден, малды өз төлінен өсіру ісінде жүйесіздік орын алды. Қазақстанда асыл тұқымды малдардың қандай түрлерін ұстау қажет деген мәселенің басы ашық күйінде қалды. Әркім өз білген жолымен жүрді. Үшінші мәселе – жем-шөп қорының жеткіліксіздігі. Қуантарлығы, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары бұл бағытта сең қозғалған сияқты. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде асыл тұқымды мал сатып алып жатқан шаруа көп. Қазір бұл іске ұсақ шаруашылықтар да белсенді араласуда. Мемлекеттік қолдау жүйелі жалғаса берсе, жаңа көрсеткіштерге қол жеткізетініміз анық, – дейді сала ардагері Ахмет Серкебаев.

Ұлыбританияның ар жағынан келген түлік

Иә, пандемия іргемізден алыстап, шекарадағы жағдай тұрақталғаннан бері павлодарлық шаруалар малды асылдандыру ісін жүйелі жалғастыруда. Мәселен, соңғы уақытта Успен ауданындағы «Галиц­кое» ЖШС-і басшылығы Венгриядан симментал тұқымды 213 бас ірі қара сатып алса, Ақсу қаласындағы «КронАгро» шаруа­шылығына да Австриядан симментал тұқымды 119 сиыр жеткізді. Ал Баян­ауыл ауданындағы «Асанәлі» шаруа қожалығы Ирландиядан (6 000 шақырым) 50 бас герефорд тұқымды сиыр алып келді.

Белгілі болғандай, қазір аймағы­мыздағы асыл тұқымды төрт түліктің саны 108 мыңға жақындап қалған. Айма­ғымызда қазақтың ақбас сиырын өсірумен 131-ден астам шаруашылық айналысады екен. Сондай-ақ 4 шаруашылық әулиекөл тұқымын, он екісі абердин-ангус тұқымын, 23 азамат герефорд тұқымын көбейтуге машықтанған. Олар – ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.

Ал сүт бағыты бойынша еңбектеніп жүрген 37 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың иелігінде 13 283 сиыр бар. Атап айтсақ, 2 шаруашылық қара шұбар сиыр­ды, 2 шаруашылық қырдың қызыл сиырын, 4 кәсіпкер голштин тұқымды сиырды, 29 азамат симментал тұқымды сиыр өсіріп отыр. Аймағымызда 16 448 бас асылтұқымды қой бар. Шаруалар қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы мен еділбай тұқымын өсірумен айналысуда. 16 шаруашылық жабы жылқысын көбейтуді қолға алыпты.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының бөлім басшысы Қайыр­болат Байсариновтің айтуынша, соңғы жылдары аймағымызда мал басын тұқым­дық түрлендіру жұмыстары жүйелі жүр­гізілуде. Бұл іске жыл сайын шамамен 60-63 мың сиыр тартылуда.

Мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамытудың негізгі алғышартының бірі – өндірістік бордақылау алаңдарын құру. Бүгінде облысымызда жалпы қуаты 14,7 мың басқа шақталған 5 ірі бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың санын арттыру бағытында нақты жоспарларымыз бар. Мәселен, қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 2,9 мың басқа арналған 3 бордақылау алаңы салынып жатыр. Былтыр бордақылау орындарына 18,1 мың бас бұқашық тапсырылды. Ал 1 592 тонна ет және ет өнімдері Ресейге экс­портталды, – дейді Қ.Байсаринов.

Қолдауға іліккендер қор болмайды

Өңірде мал шаруашылығын дамытуға жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Қаражаттың басым бөлігі асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алған шаруаларға субсидия ретінде үлес­тірілуде. Зор қолдаудың нәтижесінде айма­ғымыздағы асылтұқымды төрт түліктің саны жыл сайын 2-3 мың басқа артып отыр.

Қазір «Сыбаға» бағдарламасы өзге бағдарламаның құрамына енді ме, әйтеуір ол жайлы аз естіп жүрміз. Жасыратыны жоқ, түсінбеушіліктердің салдарынан бағдарламадан опық жегендер де болды. «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын сезініп отырғандар да аз емес. Солардың бірі – екібастұздық шаруалар. Алдыңғы жылдары Қоянды ауылдық округіндегі «Гранат» шаруа қожалығы Ресейдің Хакасия Республикасындағы шаруашылықтардың бірінен 45 бас асыл тұқымды симментал сиырын сатып алды. Ірі қараны сатып алуға шамамен 20 миллион теңге қаржы жұмсалған. Әлкей Марғұлан атындағы ауыл шаруалары Ақмола облысынан ангус тұқымды ірі қара малды әкелген. Бұған дейін Екібастұз өңірінде аталған мал тұқымын өсірумен бірде-бір шаруашылық айналыспаған екен. Төртқұдық ауылдық округіндегі «Үш ата» шаруа қожалығы да 500 қой сатып алған.

Қорыта айтсақ, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруа­шылығы саласында, оның ішінде малды асылдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын бөлін­ген қаражаттың мөлшерінен-ақ қолдау­дың зор екенін аңғаруға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, оң көрсеткіштерге қол жеткізілетініне сенім мол.

Дерек пен дәйек

- Павлодар облысында 108 мыңға жуық асылтұқымды төрт түлік бар.

- Қазақтың ақбас сиырын өсірумен 131-ден астам шаруашылық айналысады.

- Өңірде жалпы қуаты 14,7 мың басқа арналған 5 ірі бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр.

- 1 592 тонна ет және ет өнімдері Ресейге экспортталды.

 

Павлодар облысы