Спорт • 29 Маусым, 2022

Батырмұрзаевтың бағы жанды

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Қарағандыда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні біз тағы бес салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелерді тамашаладық. Бұл жолы жанкүйерлер алыптардың айқасын тағатсыздана күтті. Көпшілік жорамалдағандай, бас жүлдені еліміздің ең белді екі балуаны – Юсуп Батырмұрзаев пен Олег Болтин өзара сарапқа салды.

Батырмұрзаевтың бағы жанды

Даңқты Дәулет Шабанбай үлкен спорттан қол үзгеннен кейін аса ауыр салмақтың тізгінін Олег Болтин өз қолына алған еді. Ел­ішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай, халықаралық аренада да елеулі табыстарға қол жеткізді. Шамамен сол кездері Дағыстаннан Қазақстанға Юсуп Батырмұрзаев есімді балуа­н қоныс аударды. Қап тауы бөк­терінде туып-өскен ноғай жігіті де бірден жақсы нәтижелер көрсете бастады. Осылайша, жо­ғарыда есімдері аталған қос спортшы арасында ымырасыз бәсеке өрбіді. Халықаралық додаларда екеуі де тәуір күресті. 2020 жылы Юсуп Нью-Делиде Азия чемпионы атанса, Олег 2021 жылы Алматыда дәл сол атаққа қол жеткізді. Сол тұста ұлт­тық құрама бапкерлерінің «То­кио Олимпиадасына қайсысын апар­ғанымыз жөн?» деген сауалға біраз бас қатыруына тура келді. Со­дан олар рейтингтік турнирге Батыр­мұрзаевты қосты. Алма­тыда ол ел сенімін ақтап, алтын тұ­ғыр­ға кө­терілді. Нәтижесінде, Юсуп Олим­пия ойындарына ат­тан­са, Олег елде қалды.

Келесі олимпиялық циклде өз мүмкіндігін қалт жібермеуге бекінген Болтин Қарағандыда барын салды. Шығыс Қазақстан об­лысының өкілі барлық қарсы­ласын сыпыра ұтты. Финалда оны Батырмұрзаев күтіп тұрды. Екеуара тартыс тек тіресумен өтті. Алғашқы ұпайды Олег алса, екінші кезеңде Ақтөбеден келген алыптың асығы алшысынан түсті. Сөйтіп, Юсуп Батырмұрзаев өзінің мық­тылығын дәлелдеп, кезекті рет ел чемпионы атанды.

Майталман мамандар 92 кило салмақ дәрежесіндегі бәсекеге де айрықша назар аударды. Барлық қарсыласын қапы қалдырған Әділет Даулынбаев пен Нұрғали Нұрғайыпұлы финалда жолықты. Бұл кездесудің фавориті Алматы қаласының өкілі еді. Әділеттің Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері деген атақтары бар. Нұрғали Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреген. Бәсеке барысында 3:1 есебімен ұтып жатқан астаналық балуа­н бозкілемнің сыртына құлап, аяғын ауыртып алды. Сол кезде Дау­лын­баев таразы басын теңес­тір­ді. Десек те, жарақаты жанына батса да, жанкештілік танытқан Нұр­ғайыпұлы жеңісті атақты қар­­сыласының уысынан жұлып әкетті.

Өзге салмақ дәрежелерінің финалдық сайыстары да қызық­ты өтті. 65 кило салмақта қара­ғандылық Әділ Оспанов озды. Ақтық сайыста ол алматылық Әуез Сейітбаевтан айласын асырды.

70 кило салмақта атыраулық Сырбаз Талғатқа тең келер ешкім табылмады. Шешуші тұста Сырбаз жергілікті балуан Ғалымжан Иба­дул­ладан басым түсті. 86 кило сал­мақтың бас жүлдесі үшін ақ­төбелік Абылайхан Нұрсұл­танов пен оралдық Нұржат Исаға­лиев белдесті. Бұл тартыс алғаш­қы­сы­ның пайдасына шешілді.