Сұхбат • 29 Маусым, 2022

Саладағы реформалар жүйелілік пен сапаны талап етеді

262 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Конституцияның барлық нормаларына сәйкес келетін, қоғам әділ және теңгерімді деп таныған, сот төрелігінің тиімді іске асырылуын қамтамасыз ететін сот жүйесін құрудың жолы қандай? Сот реформасының бүгінгі шындығы неде? Даму перспективаларының алғышарттары қалай белгіленуі қажет? Елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаларға қатысты осы сұрақтарға «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірсерік Қожабаев жауап берді.

Саладағы реформалар жүйелілік пен сапаны талап етеді

– Өмірсерік Сағындықұлы, сіз бір сөзіңізде «Біз «реформалар үшін реформалар» қағидатын жақтамаймыз» деген екенсіз. Еліміздегі сот және құ­қық қорғау жүйелерін қайта құру мә­­се­­лесін түпкілікті шешім үшін не қажет?

– Сот саласындағы тәжірибесі бар мамандар ретінде біз кемшіліктер мен қателіктерді көрсете отырып, биліктің негізгі мемлекеттік институттарын ре­фор­малауға көмектесуге міндеттіміз. Шыны керек, 30 жылдық тұрақты реформалар көзге көрінетіндей нәтиже шығара алмады. Бұл жағдай мәңгілікке созыла алмайды. АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн айтқандай, «Аз топты өмір бойы алдауға болады. Бүкіл халықты аз уақыт алдауға болады. Ал бүкіл халықты өмір бойы алдауға болмайды».

Өкінішке қарай, өткен 30 жыл ішінде жаңадан тағайындалған басшылар­дың бірінші кезекте өздеріне сеніп тап­сырылған ведомствоны болсын-болмасын реформалайтын теріс тәжірибе қалыптасты. Біз реформалаудың шексіз процесіне олардың нақты өзектілігі мен қажеттілігін ескерместен, прогрессивті реформатордың бейнесін жасау үшін ғана қатыстық. Осындай алданыш жолмен жүріп қоғам үшін ең маңыздысы – туындаған құқықтық мәселені әділ шешу екенін ұмытып кеттік.

Жүргізіліп жатқан рефор­маларға ұдайы талдау жасап отыру қажет. Олардың аралық нәтижелері қан­дай? Сапасы сын көтере ме? Тірші­лік­ке қабілетті ме? Құрғақ формальды тәсілді жою қажет. Нақты нәтижелерге қол жеткізбейінше басшылардың жүргізіліп жатқан реформалар үшін жауапкершілігін күшейту керек.

Мәселен, соңғы 3 жылда Аза­маттық іс жүргізу кодексі екі рет қабыл­данды. Егер бірінші редакция сапасыз болса, онда неге мұндай сапасыз жұ­мысқа құқықтық баға берілмеді? Неліктен ешкім жауапкершілікке тартылмады? Екінші жобада түбегейлі не өзгерді? Сондай-ақ 2015 жылдан бас­тап жаңа Қылмыстық және Қылмыс­тық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Алайда, қолданысқа енгізілгенге дейін жарты жыл ішінде осы нормативтік-құқықтық актілерге бірнеше рет өзге­рістер енгізілді. Демек енгізілген ре­фор­малар институционалды емес, терми­но­логиялық сипатта болды. Ал бұл олар­­дың дайындығының сапасыздығын көрсетеді.

– Нормативтік-құқықтық акті­лердегі мұндай шикіліктер сотқа дейін­гі тергеп-тексеру процесіне де кедер­гісін келтіреді. Солай емес пе?

– Шындығын айтқанда, бұрынғы қылмыстық іс жүргізу тәртібі әлдеқайда түсінікті және тиімді болатын. «Жаңа» кодификацияланған актілердің мәтін­деріне істер бойынша сот-тергеу прак­ти­касын едәуір жақсартатын және қо­ғам­ның игілігі үшін қызмет ететін өзге­рістер енгізілмеген. Оны келіп Ұлы реформа деп атаймыз. Мұндай ре­фор­малардың соңы неге әкеліп соқ­ты? Кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиға­сына түрткі болған себептердің бірі осын­да жатыр. Жұмыс істемейтін консти­туциялық әділеттілік қағидасы – қаңтар трагедиясының триггерлерінің бірі. Ал ал­дағы уақытта осындай қанды оқиға­лар­дың қайталануына жол бермеу біздің ортақ азаматтық міндетіміз болып табылады.

Азаматтық қоғамның сот, құқық қор­­ғау органдарының жұмысына қояр үлкен талаптары бар екені түсінікті. Лауа­зымды тұлғалар мен азаматтарды заңсыз жауапкершілікке тарту, аза­маттық істер бойынша шешімдерді тап­сы­рыс­пен шығару фактілері сияқты келең­сіздіктерге жол бермейтін тетіктер қажет.

Адамдардың ерікті тобын қыл­мыс­тық процеске тартып, кейіннен олар­ды соттап, қылмыстық істерді қоз­ғай­тын сәт­сіз тәжірибені тоқтату керек. Ал қыл­мыс­тық қудалаудың бар­лық са­ты­сына қатысқан лауазымды адам­дар жауапқа тартылуы тиіс. Мұн­дай тәжірибе кеңестік кезеңде бол­ған. Ол кезде кінәсіз адамдарды қыл­мыстық жауапкершілікке тартқан адамдар, кем дегенде, қызметтерінен босатыла­тын. Ал қазіргі жүйе «әйдік істің әттеген-айлары болмай тұрмайды» деген қағи­дат бойынша жұмыс істеп келді. Осы­ның барлығы талай мансапты бұзып, тәл­кекке түскен тағдырлардың санын арттырып, осы салаларда жүрген маман­дардың беделіне нұқсан келтірді.

– Қазір адам құқығын қорғаудың жаңа үлгісі – үш буынды модельді енгізу кең көлемде жүргізіліп келеді. По­лиция, прокуратура мен сот өкі­лет­тіліктерінің ара-жігін нақты ажы­ратып беретін жаңа модельдің ерек­шелігі неде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында адам құқын қорғауға бірден-бір жауапты – үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деп оның негізгі бағыт-бағдарын да айқындап берді. Себебі Президент айтқандай, «Қылмыстық істегі қателік адам тағды­рын өзгертетінін естен шығармау керек». Бұл – заңдылық пен әділеттілікті толық қамтамасыз етуге ба­сым­дық берген мәселенің бірі.

Президент Әкімшілігі басшысының атына жолдаған хатында прокуратура органдарының ардагері С.Ерімбетов енгізіліп жатқан үш буынды модель прокуратураның міндеттері мен функцияларын түбегейлі өзгертетінін, алайда, бұл өзгерістерді пысықтай түсу керек екендігін айтады. Істі тергейтін, тергеу барысын қадағалайтын, іс бойынша негізгі шешімдерді келісетін прокурор әрқашан айыптау үкіміне ие болады. Бұл жерде бізде өткеннен алған сабақ бар. Прокуратурасы істі басқаратын және толыққанды тергеу жүргізетін неміс моделі біздің прокуратураның функцияларына сәйкес келмейді. Себебі, бұл модель сәтті жұмыс істейтін мемлекеттерде прокуратура атқарушы билік жүйесінде, айыптау органы болып табылады және қадағалау функциясынан айырылған.

Біздің прокуратура атқарушы би­лік жүйесіне кірмейді және елдегі заң­дылық режіміне жауап беретін негізгі мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан 90-жылдарда оны тергеу функциясынан босату орынды деп танылды. Мемлекет басшысының саясатын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде айқындай отырып, тек құқық қорғау функциясы ғана жүктелді. Конституция оған ел аумағында заңдардың орындалуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру функциясын берді. Сондықтан прокуратураға кең тергеу функциясын беру оның іс-әрекеттеріне айыптауды кері қайтару дегенді білдіреді.

– Сонда құқық қорғау және сот жүйесін реформалаудың тиімділігін арттыру үшін тағы нақты не істеу қажет деп санайсыз?

– Сот және құқық қорғау орган­дарындағы реформалардың тиімділігін, сол тиімділіктің төмен болу себептерін зерттей отырып, реформаларды әзірлеуге жауапты жаңадан құрылған органдарға тоқталғым келеді. Мәселен құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамына келейік. Бұқаралық ақпарат құралдарында, нақтырақ айтсақ, Turan Press ақпараттық агенттігінде бұл жұмыс тобына ғалымдар, сарапшылар, кәсіпкерлер құқықтары мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, үлкен тәжірибесі бар танымал ардагер­лер, атап айтқанда, құқық қорғау жүйе­сін реформалау жөніндегі жетекші заң­герлер, адвокаттар және азаматтық қо­ғам өкілдерін тарта отырып, кешенді жұмыс жүргізілгені туралы айтылды. Тіпті, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің ең жоғары жетістігі ретінде қылмыстық қудалау шеңберіне тартылмаған екі мыңнан астам адамның құқығы қорғалғаны жөнінде де жария­ланды. Алайда, бұл сандардың нақты қайдан алынғаны анық емес. Сондай-ақ біз жұмыс тобының сарапшылық құра­мын толықтыра түсу керек деп санаймыз. Өйткені оның құра­мында беделді ардагер-практиктер жоқ.

Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау мәселелерін терең пысықтау үшін жұмыс тобына енген әр адамның қажетті әрі жеткілікті тәжірибесі мен құзыреттілік деңгейі болуы керек. Әсі­ресе, көп жылдық жұмыс өтілі бар арда­герді көбірек тарту қажет.

Мемлекеттік аппаратта жұмыс іс­теп тұрған институттар бар. Олар өз бе­­йіні бойынша құқық қорғау, сот жү­йе­сін реформалау жөніндегі мін­дет­терді шеше алады. Мысалы, Пре­зидент Әкімшілігінің мемлекеттік-құқық­тық бөлімі, құқықтық саясат жө­нін­дегі кеңес. Осы институттардың кадр­лық құрамын бейінді мамандар­мен күшейтіп, іс жүзінде нақты пайда­лан­сақ та болады. Бұл өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдей алмаған түрлі органдардан әлдеқайда тиімдірек болар еді. Сондықтан біз «бас тарта отырып, ұсыныс жаса» деген қағидатты басшылыққа алып, судьялардың, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отставкадағы әлеуетін пайдалану қажет деп санаймыз.

– Жоғарғы соттағы реформалауға қатысты істерді іштей жақсы білесіз. Қарапайым тілмен айтқанда, осы са­ла­ның отымен кіріп, күлімен шық­қан бі­лікті маман, еліміздің Құрметті су­дьясы ретінде бұл институттың жұ­мыс бағыты жөнінде не айтар едіңіз?

– Мысалы, Жоғары Сот Кеңесі жа­нындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия Жоғарғы Сот судьяларының және соттар иерархиясы бойынша бір-біріне бағынышты басқа да адамдардың қатарынан құрылатыны белгілі. Бұл комиссияға мүшелік маңызды шешім­дер қабылдауда тәуелсіздікті көздейді. Алай­да егер онда әрекеттегі судьялар қатыстырылса, қандай тәуелсіздік туралы айтуға болады? Басқаша айтқанда бұл бос судья лауазымына үміткерлерді таңдау кезінде комиссияның объективті болмауының себептерінің бірі. Көбінесе кәсіби қасиеттері бар, шынымен лайық­ты судьяларға жол жабылып қалып жатады. Бұл мәселені комиссия құрамын отставкадағы судьяларға ауыстыру ар­қылы қисынды әрі оңай шешуге болады. Отставкадағы судьялар конъюнктураға тәуелді емес, үлкен кәсіби және адами тәжі­рибеге ие, сондай-ақ барынша көмек көр­сету мүмкіндігін ынта-жігермен қабыл­дайды.

Сондай-ақ Жоғарғы Соттың жанында судьяның жұмысына баға беретін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Яғни Жоғарғы Сот осылайша судьяға өзінің ықпалын қамтамасыз етеді, бұл Конституцияның 77-бабының 1-тармағында бекітілген судьялардың тәуелсіздігі қағидатын бұзады. Егер сот төрелігінің сапасы жөніндегі мұндай комиссия қажет болса, сот органы басшылығынан және жұмыс істеп жүрген судьялардан тәуелсіз бола отырып, оларға ешқандай тікелей ықпал етпей, мұндай бағалауды кім бере алады? «Судьялар одағы» немесе «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғам­­дық бірлестігі секілді ұйымдар сот төре­лігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамын неғұрлым тиімді қалыптастыру мәселесінде қызмет ете алар еді. Өйткені бұл қоғамдық ұйымдар сот төрелігінің сапасына шынайы объективті баға береді.

Жоғарғы Сот пен судьялар өздері­нің тікелей міндеттері – сот төрелігін жүзе­ге асырумен айналысуы тиіс. Олар Жоға­ры Сот Кеңесінің қарамағына беруге бо­латын әкімшілік функцияларға қатыспауы тиіс. Осы ойды растау үшін Еуропалық комиссияның Поль­ша­ның Жоғарғы Сотының тәртіптік пала­та­сын құрғаны үшін 100 миллион еуро айып­пұл салу туралы жақында қабыл­даған шешімін мысалға келтіруге бо­лады. Еуропалық комиссияның пікі­рін­ше, судьялардың кәсіби қызметі туралы шешім қабылдай алатын тәртіптік палатаның қызметі олардың тәуелсіздігі мен бейтараптығына қауіп төндіреді.

Сондай-ақ судьялардың сыныптылық институтын қайта жандандыру және сыныптарды беру мәселесін сот төрелігінің сапасы жөніндегі жаңартылған комис­сияның қарауына беру қажет деп санаймыз. Сыныптарды енгізу сот төрелігін іске асыру кезінде судьялардың уәжде­месін арттыруға және берілген сыныпқа сүйене отырып, олардың білім деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.

Сот, құқық қорғау жүйелерін жаңғыр­тудағы біз тізбелеп келтіріп отырған бұл мәселелер оларды реформалауда ескерілетін жайттардың аз бөлігі ғана. Ал Жаңа Қазақстанды құру ең алдымен оның барлық институттарын жүйелі, сапалы, ауқымды реформалауды көздейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»