Осындай келелі кездесулерде ата-бабаларымыз маңызды мәселелерді талқылап, ел үшін қажетті шешімдер шығарғаны тарихтан мәлім. Демек бабалар салған сара жолмен бүгінгі ұрпақтың да жүруі заңдылық. Осындай басқосуларда ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылау керек. Ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желіде талқылау бір бөлек те, ашық пікірталастың жөні басқа. Сондықтан Ұлытаудағы құрылтай тарихи жадымызды жаңғырта отырып, жаңа Қазақстанның іргетасын қалаудың бірегей бастамасы болды. Билік пен халықтың арасындағы сенімді нығайту, барлық заңның әділетті орындалуы, жаңа қоғамдық сана қалыптастыру арқылы бірлігімізді арттыру – бұл басқосудың басты қағидалары болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде оның жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екенін, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын айтқан болатын. Алаша, Жошы мен Тоқтамыс хандар, Едіге ер, өзге де тарихи тұлғалар жерленген қазақ тарихында өте үлкен және маңызды өлке Ұлытауда қазақ халқының маңызды мәселелері талқыланып, ұлттық руханияттың қанжары қайралып, тіл мен ділдің келбеті айшықталды.
Тарихқа көз жүгіртсек, ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Тарихшыларымыз Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болғанын, Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырғанын айтады. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Осы орайда Президент ел қолдауына ие болған ұсынысын Ұлытауда білдірді. «Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Иә, киелі Түркістанның түркі әлемі үшін орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстары туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойын осы Түркістанда бөліскен болатын. Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келген Президент көне қаланы еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмарына балады. Бұл қасиетті жерді көздің қарашығындай сақтап, дамыту қажеттігін айтты. Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған заң мен қаулылар қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы атап өткен Ордабасы мен Мәртөбенің де ел тарихындағы маңызы зор. Мысалы, Мәртөбе кешені – республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген тарихи әрі туристік нысанның бірі. Бұл кешен бүгінде танымал туристік бағыттардың біріне айналып отыр. Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан қалашықтың орны VІІ-ХІІ ғасырларға тән. Биіктігі 6-7 метр болады. Бұл аумақта әйгілі Дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» мөр басылған. Қолайлы климат, айналаның анық көрінісі, Ташкент пен Түркістан сияқты ірі қалалардың жақын орналасуы – қазақ билері жиналатын жерді таңдауда негізгі фактор болған. Ал ел тарихында ерекше маңызы бар басқосу 1726 жылғы көктемде Ордабасыда өткенін еске сала кетелік. Орда тігіліп, қазақтың Үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған жиын ел тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Ал 1997 жылы биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылып, онда ұлы бірліктің мұраттары, хандар мен билеріміздің, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленді.
Келесі құрылтайдың тарихы терең, көне Түркістанда өтуі өңір халқы үшін мақтаныш пен жауапкершілік жүгін арттырары анық. Бүгінде облыс орталығы, түркі әлемінің рухани орталығы ретінде дамып, құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан қалада өтетін басқосулардың маңызы арта түсері сөзсіз. Яғни елге танытарлық оң өзгеріс көп. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыру бағытында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамытуды негізге алып отыр. Ал құрылтайдың жалпыұлттық диалогтың жаңа үлгісі болатынына сенемін.
Байділдә ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Түркістан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы