Қазақстан • 30 Маусым, 2022

Бұл таңдаудың мәні тереңде

239 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан Республикасы Президенті жанынан құрылған Ұлттық құрылтайға мүше болдым. Жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға Ұлттық құрылтайдың Ұлытау облысында өткізілуінің екі айрықша мағынасы бар. Осы аймақтың тұрғыны ретінде бұл таңдаудың мәніне тоқталғым келеді.

Бұл таңдаудың мәні тереңде

Құрылтайдың Ұлытау өңірін­де өтуі – облыстың пробле­ма­лық мәселелеріне назар аударып, оларды күн тәртібіне енгізуге жол ашты. Облыс мәртебесінен айырылған жиырма жылда аумақтың экологиялық жағдайы нашарлады. Өңірді басып өтетін республикалық жолдар тозып кетті. Инженерлік коммуника­ция­­лар жүйесі ескірді. Әлеуметтік салада проблема көп. Президент Жезқазған қаласына барғанда облыстағы жағдаймен мұқият танысып, өңірді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сөзсіз, Президенттің бас­ты назарында. Үкімет пен об­лыс басшылығына жол саласын, экологияны, білім беруді жақ­сартуға күш салуды тапсырды.

Облыстың бас жұмыс беру­шісі – «Қазақмыс» компа­ния­сы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­мыс кор­порациясы» ЖШС бас­шы­лығына бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі туралы қатаң ескертті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі мыс өнеркәсіп нысаны биыл аумаққа 25,4 миллиард теңге бөлмек. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қаражаттың жеткіліксіз екенін атап көрсетіп, оны ұлғайтуды ұсынды. Өз кезегінде компания басшылығы медицинаға, білімге, спортқа ерекше назар аударуға уәде берді. Мысалы, келесі жылы Жезқазғанда балалар спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу жоспарлануда. Компания тұрғын үй құрылысын жаңа стандарттар бойынша бастауды жоспарлап отыр. Жаңа әкім Берік Әбдіғалидің мәліметі бойынша, Жезқазғанда тұрғын үй қорының 33 пайызы ескірген. Шынында да, кеншілер қаласында қираған үйлер көп. Бұл мәселені тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында шешу жоспарланған. Оның аясында 2023 жылдың соңына дейін 20 тұрғын үй салу көзделгені қуантты.

Өңір үшін екінші маңызды мәселе – Ұлытауда Ұлттық құ­рыл­тайды өткізу арқылы Мем­лекет басшысы мықты «марке­тинг­­тік қадам» жасады. Пре­зи­дент Қазақстан тарихын­дағы ірі оқиға құрылтайды Жошы хан ке­се­несі маңында өткізу ар­қы­лы әлем­нің назарын осы өңірге аудар­уды көздеді. Тарихи орын­­ды көру үшін отандық және шет­ел­дік туристер ағылуы мүмкін. Енді мұнда туризм қарқынды дами­ды деп ойлаймын.

Ұлттық құрылтай мүшесі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осылайша, Мемлекет басшысы көпбалалы аналарға да сенім білдірді деп санаймын.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Talbesik көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі