26 Сәуір, 2014

Қарақшылар құтылмады

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қала орталығында орналасқан букмекерлік кеңселердің біріне бетперде киген екі жігіт кіріп,  пышақтарын жалаңдатып жұртты қорқытып, кассадағы 60 мың теңге мен ұялы телефонды алып, тайып тұрған. Біраздан соң ес жиған букмекерлік кеңсенің қызметшісі ішкі істер органына хабар берген. Осыдан кейін барлық по­лиция нарядтарына тапсырма беріліп, іздестіру шаралары жүргізіледі. Жедел басқару орталығының бейне­бақылаушы-инспекторы полиция лейтенанты Руслан Дәулетов сол маңда орналасқан бейнебақылау камерасы арқылы шолу жұмыстарын жүргізіп, сезікті екі азаматты байқайды. Аталған екі жігітті тексеру үшін жол-патрульдік полиция нарядтарына нұсқау береді. Тексеру барысында екі азаматтың қарақ­шылық қылмысқа қатысы бар­лығы анықталады. Жиырмаға жаңа жеткен жас жігіттер тергеу барысында жасаған қыл­мыстарын толық мойындайды. Олардың үстінен  ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі бойынша қыл­мыстық  іс қозғалды. Жалпы, жедел басқару орта­лығының нақты іс-әрекетінің нәтижесінде 2014 жылдың 3 айында 71 қылмыс ашылып отыр. Олардың ішінде 30 бұзақылық қылмыс, 28  авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу, 7 ұрлық, 3 автокөлікті заңсыз иелену, 2 тонау, 1 қарақшылық бар. Сонымен қатар, әртүрлі бағыттағы 8131 құқық бұзу­шылық анықталған. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.