Тәуелсіздік жылдары елімізге 390 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен. Оның басым бөлігі соңғы 10 жылда салынған. Мәселен, былтыр инвестициялардың жалпы ағыны 24 млрд долларды құраған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ға артық көрсеткіш. Соның ішінде мұнай және газ саласына салынған салымдар 28%-ды ғана құраса, 2018-2019 жылдары олардың үлесі 50%-ға тең болған. Халықаралық жиынға қатысып, сөз сөйлеген Үкімет басшысы еліміздің әр саласына инвестицияның көбеюі ел экономикасын әртараптандыру белсенді жүріп жатқанын көрсететінін, енді энергетика мен ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерді көбірек зерделеу қажеттігін айтты.
Конференция барысында көптеген шетелдік инвесторлар өз жобаларын таныстырды. Мысалы, «Шеврон» компаниясы Тікелей инвестициялар қорын құрғанын жеткізді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында ашылған Chevron Direct Investment Fund компаниясы Энергетика министрлігімен жасалған меморандум аясында құрылып отыр. 2021 жылғы 11 қазанда министрлік пен компания 248,5 млн доллар сомасында инвестиция құю қорын құру туралы келісімге келген.
Енді міне, жаңа инвестор-компания Қазақстанның ақпараттық және цифрлық технологиялар, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ бен қызмет көрсету, тауар өндіру салаларындағы кәсіпорындарға инвестиция құю арқылы ел экономикасына қолдау көрсетпек. «Іріктеу барысында біз «Шеврон» компаниясының экономикалық жобаларға деген талаптары мен критерийлері тиімді ұйымдастырылғанын көрдік. Сондықтан олардың мол тәжірибесі қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетінің өсуіне ықпал етіп, экономиканы дамытуға арналған бизнес-жобалар да тартымды болады деген үміттеміз», дейді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Ал «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің Қаржы жөніндегі бас менеджері Дэймон Торнбергтің айтуынша, компания Қазақстанның стратегиялық жоспарларына сай келетін, экономиканың кірістілігін арттыратын жобаларға инвестиция құюды қарастырып жатыр. Егер кәсіпкерлер тарапынан барлық талапқа сай келетін тартымды бизнес жобалары болса, қаржыландыруға өтініш бере алады. Барлық ақпаратты www.cdif.kz сайтынан алып, осында өтінім қалдыруға болады.