Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Негізі осы жылдың 1 шілдесіне дейін ПИК-терден біржола құтылып, олардың орнына мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестіктер (ЖС) орнауы керек еді. Алайда тұрғын үйлер басқарудың жаңа формасына толық өтіп болған жоқ. Әсіресе өңірлердегі жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Сондықтан 16 маусымда Сенат депутаттары МИБ пен ЖС-ға көшу мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту туралы ұсыныс енгізілген заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Мұндай норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, МИБ пен ЖС-ға көшу мәселесі өңірлерде өзекті болып тұр. Бұған объективті жағдайлардан бөлек, ұйымдастыру жұмыстары кезінде жіберілген қателіктер себеп. Депутат бұл жерде объективті жағдай деп екі жылға созылған пандемияны айтып отыр. Өкінішке қарай, шектеу шараларының салдарынан тұрғын үйлерде жиналыстар өткізу қиынға түсті. Сол себепті бұл жұмыс бертін ғана нақты қолға алына бастады.
– Десе де, мәселенің дені ұйымдастырушылық жұмыстағы қателіктерден туындады. Үйлерді басқарудың қалыптасқан нысандарының, сондай-ақ тұрғындардың өздерінің реформаларға қарсы тұру күші дұрыс бағаланбады. Пәтер иелері кооперативтері жұмысының оң тәжірибесі де назарға алынбады. Реформаның заңға тәуелді нормативтік құқықтық базасы жүре қалыптасты. Соның салдарынан әрбір құжат жылдар бойы жинақталған күрделі мәселелерге толы болды. Цифрлы шешімдер мен әдістемелік орталықтар мәселе туындаған кезде ғана құрылып, қабылданды. «Е-Шаңырақ» жүйесі туралы айтылғанымен, ол іске қосылмады. Сонымен қатар оның виртуалдылығы лайықты цифрлы өнімдерді қалыптастырудың нарықтық процестерін баяулатты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығының жұмысы күн сайын емес, сағат сайын өзгерді. Жауапкершілік те бөліске түсті. Түптеп келгенде осының бәріне жергілікті жерлердегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары кінәлі болып шықты. Оларға нақты нұсқаулық берілмеген. Сондықтан оларға кінә артудың реті жоқ. Ең қызығы, реформаға жергілікті атқарушы органдар жауапты болып, басқарды. Ендеше мұны өзін-өзі басқару реформасы деп шулатудың не қажеті бар еді?! – дейді Екатерина Смышляева.
Енді мына қызықты қараңыз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол республикадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 90 пайыздан астамы үйді басқарудың жаңа формасына көшкенін айтты. Аталған дерек шындыққа сәйкес келсе, реформаны бір жылға созудың қажеті де жоқ еді ғой.
Бауыржан Қабдолдың айтуынша, республикадағы 46 522 көппәтерлі тұрғын үйдің 90,4 пайызы немесе 42 037-сі басқарудың жаңа нысанына көшкен. Оның ішінде 4 135 мүлік иелері бірлестігі, 37 902 жай серіктестік құрылған. Кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысанына толық көшу Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында қамтамасыз етіліпті.
– Кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір бірлестік» немесе «жай серіктестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істеуге арналған. Меншік иелерінің әрбір бірлестігі немесе жай серіктестік өзінің жинақ шотын ашады. Басқарудың бұл принципі пәтер иелері кооперативтерінің басым бөлігінің көп үйлерді басқара бастағанына және барлық үйге бір шот ашқанымен байланысты болды. Сонымен қатар олар күрделі жөндеу үшін жинақ шоттарын ашпаған. Нәтижесінде, пәтер иелері қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау мүмкін болмады. 2020 жылғы қаңтардан бастап реформаны іске асыру барысында оның тиімді іске асырылуына әсер ететін бірқатар мәселе болды. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына түзетулер топтамасын дайындады. Заң жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға бағытталған және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылайды, – деді Бауыржан Қабдол.
Сондай-ақ ол әр өңірде МИБ төрағалары үшін оқыту орталықтарын ашу жоспарланғанын жеткізді.
– Қазіргі уақытта МИБ төрағаларын, қарапайым серіктестіктердің сенімді тұлғаларын және осы саладағы басқа да мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттырумен 4 ұйым айналысады. Олар астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, елордадағы INVEST оқу орталығы және Алматы қаласындағы «ТКШ-Инфо» серіктестігі. Басқарудың жаңа формасына көшу реформасын іске асыру кезеңінде аталған оқу орталықтарында 780 тыңдаушы оқытылды, пәтер иелері кооперативтерінің 350-ден астам басқарушысы өз біліктілігін растады. Сонымен қатар республиканың барлық өңірінде осыларға ұқсас оқу орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Басқарудың ескі нысандары арасындағы шиеленісті төмендету және жаңаларының санын арттыру мақсатында Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығы қоғамдық ұйымымен диалог орнату бойынша жұмыс басталды, – деді ведомство өкілі.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов тұрғын үй саласындағы реформа басталғаннан бері біраз қиындық туындағанын мойындады.
– Көппәтерлі тұрғын үй нысандарын басқарудың ескі нысандарынан жаңасына көшкен кезде қажетті техникалық құжаттарды бұрынғы басқарушы компаниялар, басқарушы органдар беруден бас тартты. Бұл жаңа құрылған мүлік иелері бірлестіктерін сотқа жүгінуге итермеледі. Бұл жауапкершіліктің болмауынан орын алған мәселе. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігі атынан заңға қосымша өзгерістер дайындалды. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілетін өзгерістер әзірленді. Бүгінде уәкілетті орган Әділет министрлігі атынан заң жобасы дайындалып, регламент бойынша екі рет мүдделі мемлекеттік органдарда, Үкіметте қаралып, Президент әкімшілігіне ұсынылды. Одан әрі құжат Мәжілісте қабылданатын болса, онда бұрынғы басқарушы компания, басқарушы орган немесе ПИК әкімшілік жазаға тартылады. Сонымен қатар реформа жүргізіліп жатқан екі жылдың ішінде заңда да олқылықтар бары байқалды. Осыған орай министрлік атынан заң жобасына қосымша ұсыныстар жасалды, – деді Марғұлан Әбдікәрімов.
Орталық басшысы МИБ және ЖС құру бойынша ақпараттық жұмыс қарқынды жүріп жатыр деп сендірді.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының сайты жаңартылып, өзгерістер енгізілді. Оның ішінде МИБ картасы, өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар, инфографикалар, видеороликтер ұсынылған. Сайтта тұрғындарға қажетті барлық ақпарат бар. Сондай-ақ кез келген азамат Телеграм-бот арқылы сұрақ қойып, жауап ала алады. Сайтта тұрғын үйге қатысты заңдар, қаулылар, министрліктің бұйрықтары, МИБ құру үшін қажетті нысандар, шаблондар орналастырылған. Әр азамат керекті құжатты тауып, басып шығара алады. Бұдан бөлек, өңірлерде халықпен кездесулер өткізіледі. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп семинарлар ұйымдастырылады. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері оқытылды, – деді ол.
Өзін-өзі реттейтін Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығының президенті Қазыбек Шайхтың пікірінше, реформаның мақсаты – ПИК-тен МИБ-ке көшу емес. Мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау.
– Халыққа осыны жеткізу маңызды. Тұрғындар өз өмірінің қаншалықты жақсарғанын сезінуі керек. Халықтың жаппай шағымдары, орын алған үрдіске наразылығы осындай реформаның басталуына түрткі болды. Кондоминиумды басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімін ұзарту дұрыс қадам болды деп ойлаймын. Өйткені пандемия көп уақытты «ұрлап» алды. Халықпен кездесулер өткізу, жедел қарқынмен жұмыс істеу мүмкін болмады. Соған қарамастан, реформа тоқтаған жоқ. Халықпен үздіксіз байланыс орнатылды. Нарықта болып жатқан оқиғалар туралы, ел халқын алаңдатқан мәселелер, қызмет көрсету және басқару компанияларын мазалаған сұрақтар бойынша материалдар жиналды. Барлық өңір бұл процеске белсенді қатысты. Бірақ проблемалар да жоқ емес. Мәселен, үйді басқару саласындағы мамандарды қашықтан сертификаттау нысандарын енгізу қажет. Өйткені бұл процессіз біз нарықты қажетті мамандармен толтыра алмаймыз. Үйлерді сертификатталмаған, тиісті түрде оқытылмаған маман басқарса, бұл тұрғындарға тікелей қауіп төндіреді. Бұл ретте дамыған елдердегідей өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы мамандарды сертификаттаудың негізін қалау керек. Жұмысты кімнің орындай алатынын болмаса орындай алмайтынын кәсіби қауымдастық анықтай алады, – дейді Қазыбек Шайх.