Экономика • 01 Шілде, 2022

Ет өткізетін нарық керек

327 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда елдің ішкі нарығына төнетін қауіпке байланысты тірі тауарлық және асыл тұқымды малды экспорттауға тыйым салынған. Бірақ 8 млн ірі қара мал басы бар ел фермерлері үшін экспортқа тыйым салу қиынға соғып тұр. Бұл мәселені олар халықаралық форумда талқылап, саланың қордаланған мәселелерін алға тартты. Жиында Румыния, АҚШ, Чехия елдерінен келген халықаралық сарапшылар да пікір білдіріп, тәжірибесімен бөлісті.

Ет өткізетін нарық керек

Еліміздегі мемлекеттік реттеу саясаты фермерлердің қалтасына ауыр соққы болды. Қазақстан ет одағының деректері бойын­ша ішкі нарықта экспортқа ты­йым салынғаннан кейін фермер­лерден тірі малды сатып алу бағасы бір деңгейде қалып қой­ған (1 кило тірі салмақ үшін шама­мен 700 теңге). Алайда фер­мер­лердің пікірінше, ішкі нарық­ты экспортқа тыйым салу ар­қылы ет бағасының өсімін тоқ­тату мүмкін емес. Өйткені тірі ірі қара мал мен азық-түлік баға­сының өсуі – жаһандық тренд. Экспортқа салын­ған ты­йым фер­мерлерді өт­кізу нарық­тары­нан айырды, осы­лайша, сала табы­сы төмен­деп кетті, дей­ді маман­дар. «Біз күн­көріс қамы­мен жүрміз. Бізге әділ баға­­да­ғы өткізу нарықтары керек. Нар­ық­тарды ашыңыз немесе саланы субсидиялаңыз немесе басқа балама ұсыныңыз», дейді Kusto Group компаниясының өкілі Бей­біт Ерубаев. Ол жиын кезінде фер­­­­мерге арналған бұқаның өзін­дік құ­нын және жабық базарларда мал сату бағасын нақты есептеп, са­ланың іс жүзінде шығынға ұшырап жатқанын дәлелдеп шықты.

Саланы табысты етудің бір жолы субсидиялау екені белгілі. Алайда 2021 жылы ауыл шаруа­шылығын субсидиялаумен байланысты сыбайлас жемқорлық қылмыстары көптеп ашыла бас­тады. Мал шаруашылығын­дағы субсидиялаудың тым үлкен көлемі де мәселені шешпейтін еді. Себебі бұл саланы қолдауға бөлінетін қаржы тым аз. Оны шет мемлекеттермен салысты­рып та дәлелдеуге болады. Мысалы, Ангус Румыния қауым­дас­ты­ғы­ның деректері бойынша бұл елде жылына 1 ірі қара мал басына субсидиялау шамамен 220 еуроны құрайды (100 мың теңгеден астам), ал қазақстандық фермер жылына 1 басқа (селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс үшін) 10 мың теңге, яғни одан 10 есе аз кө­­мек алады. Демек субсидиялау мә­селесін шешу де өзекті болып тұр.

Жалпы, Қазақстан үшін асыл тұқымды малды жеткізуші елдер көп. Соның бірі – Румыния. Екі ел арасындағы мал шаруа­шылығының қалыптасуы қатар жүрді: екі елде де асыл тұқымды малдың алғашқы импорты 2008-2012 жылдары бас­та­лды. Ал асыл тұқымдық істердегі реттеуші функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға – мал тұқымдары жөніндегі қауымдастықтарға беру жөніндегі реформа 2012 жылы жүргізілді. Румыния Ангус тұқымы қауымдастығының мәлі­меттері бойынша сол кезде 40 мың бас импортталған. Соның нәти­жесінде, бүгін елде 111 мың бас асыл тұқымды ангус бар. Қазір­гі кезде Румыния өз малын шетелдік нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға бел­сенді экспорттап жатыр. Бұл туралы қауымдастық директоры, Румынияның бұрын­ғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, фермер Гочиман Иоанн өз презентациясында айтты.

Қазақстан фермерлері үшін асыл тұқымды малды жет­кізу­ші ел ретінде Чехия да та­ны­лып келеді. Чехияның етті мал шаруашы­лығы қауымдастығының ұсыныс­тары жайында қауымдастықтың атқарушы директоры Камил Малат айтып берді. Оның айтуынша, Чехияда 10 млн халыққа шаққанда асыл  тұқымды 600 мың бас болғанына қарамастан, чех фермерлері өз малын тиімді бағада экспорттауға мүдде танытып отыр. «Мал ішкі нарыққа жетпей қалады деп алаңдамайсыз ба?» деген сұраққа ол: «Жоқ, мал жетпей қалады деп қорықпаймыз. Егер тиімді бағада сұраныс болса, бұл жайт біздің фермерлеріміз үшін мал басын көбейтіп, табыс табуға стимул болады Мысалы, АҚШ жылына шамамен 92 млн ірі қара мал басын экспорттайды, шамамен осындай көлемде импорттайды. Бұл өз шикізатын шығару емес, ішкі нарықты қажетті өніммен толтыру үдерісі», деп жауап берді.

Ал Қазақстан ет одағының төрағасы А.Мамытбеков 19 млн халқы және 8 млн ірі қара мал басы бар Қазақстанда экспорт пен импорттан бас тарту – сала мүмкіндіктерін жете түсінбеу екенін айтты. Сондықтан фермерлерге қолдау білдіріп, мал шаруашылығын дамыту үшін ет шығаратын нарыққа тосқауыл болмау керек. Осы мәселені мемлекет қолға алса, дейді фермерлер.