Аймақтар • 03 Шілде, 2022

Зауыттың мәселесі «вагон-вагон»...

414 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Павлодардан шыққан алғашқы контейнерлік пойыз Түрікменстан мен Иран аумағын басып өтіп, Түркияға жетті. Пойыз Тегеранға аялдаған сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран президенті Ибрахим Раиси жобаның маңыздылығын айқындап, әріптестікті одан әрі күшейтуге уағдаласқан еді.

Зауыттың мәселесі «вагон-вагон»...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

«KTZ Express» компаниясы ұйым­дас­тырған қанатқақты контейнерлік пойыздың құрамында әрқайсысының салмағы 20 фут болатын 48 тіркеме болды. Пойыз 12 күнде 6 336 шақырым жолды басып өтті. Жүкті ауыстырып тиеуді қажет етпейтін жаңа трансұлттық қатынастың іске қосылуы балама бағдарларды әртараптандыруға және Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге салсақ, биыл сәуір айын­да Павлодар-Оңтүстік стансасынан Қытайдың Ланьчжоу қаласына 1 400 тоннадан астам күнбағыс тиелген 54 контейнерлі пойыз жөнелтілген еді. ҚХР тарапынан қазақстандық экс­порт­таушыларға жүктерді контейнерлермен тасымалдау қолайлы әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болып отыр.

Ең бастысы, жүктің барар жеріне дін аман жетуіне кепілдік мол. Тіпті темір­жолдан түсірілген жүкті автомобиль немесе теңіз көлігі арқылы әуре-сарсаңсыз одан әрі тасымалдауға болады.

Маңызды екі оқиға Павлодар облы­сындағы теміржол кластері жайлы әңгіме өрбітуге себеп болып отыр. Елімізде Индус­трияландыру нәтижесінде құрыл­ған теміржол көлігін жасау кластері өңір­дегі бірнеше кәсіпорынның жұмы­сына қан жүгірткенін атап өткен жөн. Мәселен, соңғы жылдары тапсырыстар болмай, жұмысы тұралап қалған екібастұздық бірнеше кәсіпорын теміржолға қажет өнімдерді шығаруға қайта кірісті. Тіпті кейбір компаниялар бұрын-соңды болмаған өнім түрлерін әзірлеуді қолға алды.

Шамамен 2,5 жыл уақыт бойы тұра­лап тұрған «Қазақстан вагон жасау ком­паниясы» жауапкершілігі шектеу­лі серік­тестігінің басшылығы ұжымды таратуға дейін барған-ды. Былтыр «Қазтеміртранс» АҚ 1 мың ашық вагонға тапсырыс беріп, соның нәти­жесінде кәсіпорынның жұ­мы­сы қайта жандана бас­тады. Вагон жасау ком­паниясының бас­шылығы қызмет­керлерді қайта жұмысқа тартып, жергілікті кәсіптік-техникалық оқу орындарымен байланыс орнату арқылы кадр мәселесін де шешуге кірісті.

Десе де, кәсіпорынның баянды тағдырына сенім жоқ. Оны басшылары да жасырмайды. Сұраныс артпаса, жұмыстың алға баспайтынын біліп отыр. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, «Қазтеміртранс» компаниясына 1 мың ашық вагон шығарғаннан кейін 2021 жылдың қазан айында зауыттың жұмысы тағы тоқтады. Содан бері ауқымды жиын­дарда ашық вагондар шығаратын «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС мәселесі жиі алдан шығады. Турасын айтайық, кәсіпорын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрамына кіретін компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарт жасасуда көмекке мұқтаж. Жоғарыда жазғанымыз­дай, өндірістік қызметті қалпына келтіру туралы мәселе Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі мен «Самұрық Қазы­на» ҰК» АҚ алдында бірнеше рет көтері­ліп, нәтижесінде 1 мың вагон өнді­рісін лизингтік қаржыландыру мәсе­лесі шешілген еді. Бірақ болашақта кәсіпорын­н­ың қайта тоқтап қалуының қаупі жойыл­мады. Нақты сұраныстар жоқ. Былтыр об­лыс басшылығымен кездесу­де компания басшылығы түйіні тарқама­ған мәсе­ле­лердің әлі де бар екенін бүгіп қалмады.

– Біз қазіргі кезде ашық вагон­дар­дың қажетті көлемін шығаруға дайынбыз. Десе де, алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен оның еншілес ком­панияларынан тапсырыс бол­мауы мүмкін. Бұл өндіріс­ке қайта­дан кері әсерін тигізуі ықти­мал. Сонымен қатар салық пен несие бойынша қарызымыз бар. Тығы­рық­тан шығу үшін салықты бөліп төлеу мүмкіндігі берілсе жақсы болатын еді. Қазіргі уақытта кәсіп­орынға инвестиция салуға дайын инвестор да, даму жоспары да бар, – деген еді компания басшылығы.

Облыс әкімі вагон жасау компаниясына қолдау көрсетуге уәде беріп, өндірісте қазақстандық құрамды арттыруға назар аудару керектігін айтқан болатын. Өз кезегінде Екібастұз қаласы­ның әкімдігіне тапсырыс берушілер­мен байланысты жандандыруға ұсыныс білдірген-ді.

Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлі­мінің басшысы Зейнеп Жақсы­баева­ның айтуынша, былтырдан бері тапсырыс берушілермен жүйелі жұмыс­тар жүргізілген. Нәтижесінде, 2022 жыл­дың ақпанында Алматы және Семей қалаларындағы жеке фирмалардың тапсырысы бойынша 80 ашық вагон шығарылған. Алматы және Түркістан қалаларындағы жеке фирмалардан тағы 110 ашық вагонға тапсырыс түсіпті. Бүгінде «Қазтеміртранс» АҚ-мен 2 мың ашық вагонды жеткізу шарты туралы келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұған да тәуба. Аталған компанияда 300-ден астам адам нәпақа айырып жүргенін ескерсек, кәсіпорынның тағдырын айқындап алған дұрыс сияқты.

Екібастұз қаласындағы темір­жол кластері бағытында еңбек­теніп жүрген өзге кәсіпорын­дардың ахуалы жаман емес сияқ­ты. Сырттан құрметті мейман келсе, жергілікті әкімдік «бізде мынадай бар, мынадай бар» деген мақтанышпен сол жаққа апарады. Соған қарағанда компаниялардың жағдайы тәуір-ау.

Иә, «Проммашкомплект» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінде өнімді жеткізуге қа­тысты жұмыстар оң жолға қо­йылған. Соңғы 1,5-2 жыл ішін­де мұнда 210 мыңнан астам дөңгелек шығарылып, отандық және шетелдік компанияларға жөнелтіліпті. Ал өнім дайындауға қажет шикізаттарды Ресей мен Украинадан сатып алады.

Теміржол осьтері мен дөңгелек жұп­тарын өндіретін «RWS Wheelset» ЖШС да өз жұмысын баянды жал­ғастыруда. Был­тыр аталған кәсіпорын Петропавлдағы «ЗИКСТО» АҚ үшін 10 мың дөң­ге­лек жұбы мен «Қазақстан вагон жасау компания­сына» 4 мың дөң­гелек дайындап берген еді.

Бағыттамалы бұрмаларға ар­нал­­ған керілген білек шығара­тын «RWS Concrete» ЖШС-ның жұмысы да біраз уақыт тұралап қалса да, өткен жылы «Қазақстан теміржолы» АҚ-нан тапсырыс алып, өндіріс қайта іске қосылды. Тіпті компания шпал шығаруды қолға алуда. Ал «Ферро Транс Трейд» ЖШС серпімді клемма жасап тұруға кірісті. Темір­жол рельс­терін бекітуге қажет бұл бөлшек елімізде әзірге шыға­рыл­майды. Жаңа өндірісте 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде өнімді сынау және сертификаттау үшін құжаттар әзірленуде. Алдын ала тапсырыстар алу бойынша келіссөздер жүргізілуде екен.

Қорыта айтсақ, Индус­трия­ландыру шеңберінде Павлодар облысында іске қо­сылған жобалар аз емес. Бірақ тағды­ры кү­мәнді. Ұзақ жылға жасалған келісім­шарт жоқ себебі. Содан болар, зауыт бас­шы­лары тапсырыс қай жақтан түсе­ді екен, болмай қала ма екен деп алаң­дап отырады. Қалталы басшылар далада қал­мас, қарапайым қызметкерлер жұмыс­сыз қала­мыз ба деп үреймен жүр. Алау­ла­тып-жа­лаулатып зауыт ашамыз да, кейін­гі тағ­ды­рына бей-жай қарайтынымыз өкінішті.

 

Павлодар облысы