Қоғам • 04 Шілде, 2022

Тұтылып тұрып, құтылып кеткені қалай?!

466 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қылмыстық топ құрып, халықтың малын ұрлап, 2015-2018 жылдары қаратөбеліктерді қан қақсатқан ұры 2019 жылы 8 жылға сотталғанымен, арада үш жыл өткенде бостандықта сайрандап жүргені қалай?

Тұтылып тұрып, құтылып кеткені қалай?!

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыдан тура үш жыл бұрын, 2019 жыл­дың 10 шілдесінде газетімізде «Мал ұрла­ған қылмыстық топ сотталды» атты мақала жариялаған едік. Мақалада Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы тұрғындарын бірнеше жыл бойы қан қақсатып, мал ұрлығымен айналысып келген ұйымдас­қан қылмыстық топ туралы айтылған. Бұл ­баукеспелер 2015-2018 жылдар аралығын­да ­40 үйден 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған екен. ­Бұл – тек тергеуде анықталған жайттар.

Мәселенің мән-жайын қысқаша айтар болсақ, Қаратөбе ауданы аумағында бірнеше жыл әрекет етіп, ұрлаған малдың етін Ақтөбе мен Атырау облысына асырып отырған ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі сот құжаттарында 24 эпизодтан тұрды. Мал иелеріне келтірілген залал мөлшері сол кездегі бағамен 27 миллион 295 мың теңге болды. Қылмыстық топ жетекшісі Ескендір Төлегенұлы бұған дейін де ұрлығы үшін сотталған екен. Топ мүшесі Сабыржан Бисембаев тергеу орындарымен келісімге келіп, ұрлықтың бүкіл оқиғасын баяндап берген. Топтың тағы бір мүшесі Оралбек Дәулетияров 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы істі қараған Сырым аудандық соты топ жетекшісі 1976 жылы туған Ескендір Төлегенұлына Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) 4-бөлігі 1, 3-тармақтары (Қыл­­мыстық топ құру және аса ірі мөлшерде ұрлық жасау) және 262-бабы (Ұйымдас­қан топ, қылмыстық ұйым құру және олар­ға басшылық ету, сол сияқты оларға қаты­су) 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қыл­мыс­тық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) бойынша айып тағып, 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті.

Айта кетейік, малын алдырған қара­төбеліктер бірнеше жыл бойы Қара­төбе аудандық полиция бөлімінің, проку­ра­ту­­раның, тіпті БАҚ редакцияларының та­бал­дырығын тоздырып, жүгенсіз кеткен ұрылардың жазалануын талап еткен еді. Қылмыскерлердің тұтылмауы, мал ұрлы­ғының тыйылмауы «ұрыларды полиция қызметкерлері қорғайды екен» деген алып-қашпа әңгіме де туғызған. Мәселе ушығып, қоғамдық дауға ұласқан кезде БҚО Полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы арнайы тексеру жүргізіп, Қаратөбе мен Сырым аудандық полиция бөлімдерінде қызмет еткен 23 (!) қызметкерді әртүрлі тәр­тіптік жауапкершілікке тартқан еді. Соның ішінде Қаратөбе аудандық поли­ция бөлімінің басшысымен бірге төрт қыз­меткер қызметтен қуылды. Полицияның ішкі қауіпсіздік қызметі анықтағандай, Қара­төбенің шенді полициясының біреуі бір айдың ішінде ұры Ескендірмен 360 рет телефон арқылы сөйлесіпті...

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, осы қылмыстық топтың іс-әрекетін жасыруға басқа да «көмекші» аз болмаған. Топ басшысы ұрланған малдың құжатын «реттеу» үшін Қаракөл ауылдық мал дәрігері Қ.Қуановтан өзінің 54 бас сиырынан бөлек тағы да 40 сиырдың құжаты мен сырғасын алып, ұрлаған малына әлгі сырғаларды тағып, жалған құжатпен қалаға емін-еркін апарып сатып отырған. 2015 жылы мамыр айында Тоқсейіт қыстағы маңынан ұрлаған сиырдың етін аудан орталығы Қаратөбедегі «Мерей» дүкенінде ашық­тан ашық саудаға салған. 2015 жылы маусымда Ғабит Байниязовтің ­12 бас ірі қарасын бір күнде жоқ қылған. Әб­ден дәніккен ұрылар сол жылы 28-30 қа­ра­ша күндері Құрсай қыстағы маңынан 17 бас ірі қараны айдап кеткен. Ұрланған мал­дың бәрі Е.Төлегенұлының Кіші Қоскөл деген жердегі жеке қорасына қамалып, сол жерде сойылатын болған. 2016 жылы қаратөбе­лік тағы бір шаруа Нұрбол Сақыпәденов ­те 6 бас ірі қарасынан айырылып, 1 млн 200 мың теңгеге шығынға батқан. 2016 жылы «Аялани» ЖҚ жетекшісі Ерболат Ситалиев – 18, Амангелді Баймашев – 4, Жанболат Батыров – 7, 2017 жылы Бисенғали Сағын­дықов – 13, Айман Әндирова 4-5 сиырынан айырылған.

Сонымен ұры Ескендір 8 жылға сотталды дедік. Рақымшылыққа жатпай­тын баппен түрмеге қамалды. Тергеу кезін­де оның есірткіге салынғаны анықталып, сот үкімінде «бас бостандығынан айыру мекемесінде нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу міндеттелсін» деп арнайы мін­деттелді. Ақадал малын ұрыға алдырған қаратөбелік 35 жәбірленуші ұрыдан бір тиын өндіріп ала алмай, сот пен прокуратура­ның табалдырығын тоздырып жүргеніне үш жылдан асты. Көңілге жалғыз медет қыла­ры – ұрының темір торда отырғаны еді. Ол да бекер болып шықты.

«Маусым айының 20-сы күні Қаратөбе ауданының Ақтайсай ауылында қайтыс бол­ған жігіттің садақасына бардым. Сол жиын­да ұры Ескендірді көріп, есімнен танып қала жаздадым! Бұдан бұрын ұзынқұлақ­тан «Ескендір өткен жылы қоныс колония­ға шығыпты. Ақтөбеде жүрген көрінеді. Біреулер көшеден көріпті, базардан көріпті» деген хабарды естісем де, өсек-аяң болар деп мән бермегенмін. Өйткені оның сотталған бабы рақымшылыққа жатпайды. Сонда қалай? Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, ірі мөлшерде ұрлық жасаған қылмыскер қалайша бостандықта тайраңдап жүр?! Өз көзіме өзім сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Есік алдында, адамдардың арасында тұрғанын сол бойда ұялы телефоныма түсіріп алдым. Үстінде тойда жүргендей ақ көйлек, қара шалбар. Айналасына шікіре­йіп, «Маған не істейсіңдер?» дегендей менсін­бей қарайды. Осыдан үш-ақ жыл бұрын 35 адамды қан қақсатып, кейбірінің жалғыз ­сиы­рын ұрлаған баукеспе сол жұрттың көзіне қа­лай көрінеді?» дейді қаратөбелік Ерболат Ситәлиев күйініп. Ескендір Төлеген­­ұлы бастаған ұрылар Ерболаттың 38 бас ірі қарасын қолды еткен еді.

...Өзін танып, фотоға түсіріп жатқанын байқап қалған Ескендір жүзін көлегейлеп, садақадан шыға қашыпты. Астында жол талғамайтын «джип» көрінеді. Ерболат Ситәлиев болған оқиғаны сол бойда поли­цияға хабарлаған.

«Көліктің нөмірін байқап қалған едім, сол бойда Қаратөбенің, Оралдың полициясына хабарладым. Полиция жедел қимылдап, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы аумағында дабыл көтеріп, жедел іздеу жариялаған. Сөйтіп, Ақтөбенің Қобда ауылының іргесінен ұстапты. Шамасы, біреулер «Сені полиция іздеп жатыр» деп хабарлап үлгерген сияқты. Көлігін тас­тап, ұзын жолдың бойында басқа көлік тоқтатпақшы болып тұр екен. Ұсталып, қамауға алынғаны жөнінде полициядан маған хабарлама келді», дейді Ерболат Ситәлиев.

Қазір бұл оқиға Парламент депутат­тарының да назарына іліккен. Жақында Мәжіліс депутаттары Мәлік Құлшар мен Аман­жан Жамалов Бас прокурор мен Ішкі істер министріне хат жолдады. Онда Қаратөбе ауданының тұрғыны Е.Сита­лиевтен Парламент Мәжілісіне арыз түс­кенін, онда «сотталушы Е.Төлеген­ұлының қоныс колониядан қалай шығып, көрші облыс аумағында жүргенін және осыған кінәлілерді жазалауды сұрағанын», сонымен қатар «ұрыдан жәбір көрген 34 адамның моральдық шығындарына қоса келтірілген залалдарын заңды жолмен мәжбүрлеп өндіруді талап еткені» айтылған. Депутаттар Бас прокурор мен Ішкі істер министрінен осы іске байланысты фактілерді тексеріп, тиісті шара қабылдауды сұраған.

P.S. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Жаңа Қазақстан – бұл шындығында Әділетті Қазақстан» деген болатын. Ендеше, ұйымдасқан ұрылар әділ жазасын алып, жәбірленуші халық шеккен залалдың орны тезірек толтырылуы керек.

 

Батыс Қазақстан облысы