Медицина • 04 Шілде, 2022

Дәрі мен сөз дәруі

745 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәрігерлер – қоғамдағы адамдардың денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір мамандық иелері. Дәрігерлік сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «дәрігер науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» талассыз ақиқат. Алайда кейбір науқастардың ақ халатты абзал жандардың салыңқы қабағы мен тұнжыр, немқұрайды көзқарасынан дертіне дерт қосып, көңілі жараланып жататынын да естиміз.

Дәрі мен сөз дәруі

Бұған не себеп? Мұның со­ңын­да кейбір дәрігерлердің қа­рым-қатынас әдебіне жөнді мән бермеуі жатса керек. Көне Иран даналығында «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ» деп айтылады. Бұл жердегі сөздің бірінші орынға қойылуы тегін­нен-тегін емес. Яғни «дәрігердің науқас психикасына, оның ойына, көңіл күйіне, ерік-жігеріне ықпал етуі – ең басты қаруы». Қайсыбір кезеңде де білікті дәрігерлер бұл қағидатты жадында ұстап, нау­қас­тармен тиісті дәрежеде сөй­лесіп, қарым-қатынас құра біл­ген. Конфуций айтқандай, «бір сөзбен адамды дана немесе ақы­мақ деу­ге болады. Сондықтан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн».

– Медицина мамандарын нау­қас­тармен қарым-қатынас жасау жайлы арнайы университет қабырғасында жүрген студент кезінен медициналық деонтология пәнімен таныстырады. Со­дан бастап университетті бітір­геннен кейін дәрігерлік қыз­­метке орналасқаннан соң да ме­ди­циналық деонтология және па­циентпен дұрыс қарым-қаты­­нас жасау туралы курстар бар. Ме­ди­цинаның қай саласы бо­лсын, бірінші сабақ барысынан ме­ди­циналық деонтология жайлы мәлімет беріледі. Кейде дәрігер­лер­дің агрессивті күйі көрініп жат­са, бұл мәселеге екіжақты қарау керек деп есептеймін. Тек қана дәрігерлердің тарапынан агрессивті мінез көрсетілуі мүм­кін емес. Өйткені өз басым дәрі­гер­лердің агрессивті мінезі жайлы пікір­лерді естіген жоқпын. «Ауыр­ған адам қыршаңқы» дегендей, көбіне бұл пациенттердің дұрыс қарым-қатынас жасамауы салдарынан туған пікірталас деп ойлаймын, – дейді №3 қалалық емхананың дәрігері Динагүл Аллабергенқызы.

Расында, мәселеге екіұшты қарар болсақ, емделушілердің бәрі бірдей этика талаптарын сақ­тай бермейтіні анық. Көбіне дерт­ке шалдыққаннан соңғы күй­зеліс жағдайында, әртүрлі ауру­ға тап болып, арып-ашып келе­тін науқастардың көңіл күйі­нен нақты бір темперамент күту де қиын. Ежелгі даналықтың бірін­де адамның шын бет-бейнесі үш жағдайда көрінетіні жайлы айтылады. Соның бірі – ауруға шал­дыққан сәтінде делінген. Мұн­дай аума-төкпе сәттерде ақылы мен сабырын серік етіп, қандай сөзге де шарасыз бас изейтін дәрігерлер қауымын кейде мақтан тұтасыз.

Осы орайда жоғары санатты педиатр Раушан Құлжабаева дәрі­гер мен науқастың қарым-қатынасы жөнінде әңгіме өрбітті.

– Аурудың жақсысы жоқ. Десе де, емі өте қиын жүретін, уақыт пен күтімді талап ететін аурулар кезінде науқастардың күйгелектікке ұрынатыны бел­гілі. Алайда бұл процесс әр нау­қаста әртүрлі байқала­ды. Себебі ол адамның өзінің пси­хикалық қабылдауына байланыс­ты. Аурудың қаншалықты жеңіл түрде өтетіні, науқастың қасын­да қолдайтын адамдарының бар-жоғы, әлеуметтік жағдайы – осының бәрі психикалық түр­де науқасқа әсер етеді. Мұн­дай науқастармен қарым-қаты­нас жасағанда ең бірінші сол науқастың дәрігерге деген сенімі артуы керек. Дәрігердің әрбір сөзі ем болуға тиіс. Яғни сол дәрігердің сенімділігін науқас сезінген кезде, ауруды жеңуіне көмек берген кезде ғана емделуші кез келген үрейді жеңе алады. Сенімділік деген дерттен жүз пайыз айығатынына кепілдік беру емес, сенімділік деген дәрігер мен науқастың арасындағы түсіністікті қалыптастыру. Міне, науқаспен ашық сөйлесу барысы мен дәрігердің сенімі жоғары болғанда ғана науқастың өзіне деген сенімі арта түседі. Кез келген пенденің жауапкершілікті басқаға артып, «бәрі жақсы болады» деген ғажайып сөзді күтіп жүретіні белгілі. Қажетті сөз­дерді айтып жүрегіне жеткізу – бұл дәрігердің басты борышы, – деді Р.Құлжабаева.

Шынында, адам ауырған шақта мінезі өзгеріп, эмоциясын басқара алмайтын халде болатынын жиі байқаймыз. Тіпті кейде мұның соңы ушығып, асқынып та кетіп жатады. Мамандар осындай күрделі жағдай көптеп кездесетінін айтады. Кез келген ауру түрін алсақ та, тіпті тұмау болсын адамның психикалық қабілетін өзгертеді. Мәселен, онда дене қызуы пайда болып, әлсіздік бойын басады және әрі-сәрі көңіл күйге түседі. Адам сау кезінде жылдам ойланып, әр затты жылдам таразылай білсе, ал оған вирустық инфекция жұққан кезде өзін жаман сезі­ніп, баяу ойлана бас­тай­ды. Көзқарасы өзгеріп, әртүр­лі кері ойға қамалады. Маман­дар жоғарыда айтылған ұйқы же­тіс­­­пеушілігі, өзіне деген көз­­қарастың төмендеуі сын­ды жағ­­дайлардан зардап шегіп, қа­лып­­тан тыс мінезбен науқас­тардың алдына келетінін айтады. Мұндай кезде өмір мен өлім арасында майданда жүрген сар­баздай арпалысқан дәрігерлер қауымына кінә тағу рабайсыз іс екені айқын. Керісінше, қай ортада да әркім мінез сауытына тиісті деңгейде бас-көз болып, кінәні өзінен ғана іздей білсе, қоғамның ертеңі жарқын болары сөзсіз.