«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Әуезов ауылының 64 жастағы тұрғыны Күлімхан Қонаеваның тізе буыны сырқаттанғанына 20 жыл болды. Ол кезде жас, күш-қуаты мол болған соң ауруға көп мән бермеген. Үй шаруашылығымен, бау-бақшамен айналысып, тыным таппайтын.
«Мен бір орында отырмайтынмын, үнемі қозғалыста болдым. Тізедегі ауырсыну бір күшейіп, бір басылатын. Сондықтан болар, дәрігерге баруға асықпадым. Жылдар өте тізем көбірек ауыра бастады, соңғы 5-6 жылда сол жақ тізем тіпті бүгілмей қалды. 2018 жылы дәрігерлер ота жасау қажет екенін айтып, порталға қойды. Бірақ ойланып-ойланып, жүрексініп жүрдім. Қазақша айтқанда «пышаққа түсуге» қатты қорықтым және соңғы сәтте отадан бас тарттым», деп есіне алады науқас.
Жүре келе аяқтың, тізенің ауыруы жанға бата бастады. Күлiмхан Құрманғалиқызына таяқпен жүруге тура келдi, ал көлiкпен жүру ол үшiн тіпті үлкен сынаққа айналды.
«Аяғым қақсап, жанға батып, маза бермеді. Бір орында тұрып, ұзақ жүре алмадым, отырған жерімнен тұру қиын болды. Оның үстіне, 93 кило салмағым бар, қозғалуым тіпті күрделене түсті. Менің бұл жағдайымды көрген балаларым ота жасатуға көндірді. Олардың барлығы елордада тұрады. Мұнда МӘМС бойынша тізеге тегін ота жасайтын ғылыми орталық барын айтты. Енді, міне, жарты жылдан кейін мен осы керемет дәрігерлердің қолына түстім. Операцияға келісім бергеніме өкінбеймін, бұрын көмек сұрамағаныма, сонша жыл қиналғаныма өкінемін», деді науқас.
№7 ортопедия бөлімшесінің емдеуші дәрігері Жандос Қалеловтің айтуынша, науқаста 3 дәрежелі екіжақты деформациялық гонартроз болған.
«Бұл ауру кезінде жіліншік пен сан сүйегінің бір бөлігін жабатын шеміршек тіндері зардап шегеді. Ауыр салмаққа, көп жүктемеге байланысты ауру дами береді, нәтижесінде буын бірте-бірте бұзылып, сүйектің зақымдануы, оның кейінгі патологиялық өсуі мен тығыздалуы байқалады. Жаяу жүргенде қатты ауырсынып, буындарда сұйықтық жиналады, ал кейінгі кезеңдерде аяққа тұру тіпті мүмкін болмай қалады», дейді дәрігер.
Күлімхан Құрманғалиқызының сол жақ тізе буынына эндопротез орнатылды. Операциядан соң бір аптадан кейін ауруханадан шықты. Ал бірнеше оңалту курсынан кейін бұрынғыша қалыпты еркін қозғалатын болады.