Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым көмек қолын созуға дайын. Облыстық кәсіпкерлік палатасының Ембі қаласындағы филиалының басшылығы үшінші топтағы мүгедек Қайрат Есекеновтің өз ісін ашуына көмектесетін болды. Филиал директоры Тілек Нақпаевтың айтуынша, ол өзінің шағын кәсіпкерлігін ашуға филиалға кеңес алуға жолыққан. Қайрат Есекенов кезінде дүкен ашу үшін ғимарат салған екен. Алайда, бір себептермен дүкенді ашып үлгермепті. Содан кейін мұнда пластик терезе жасайтын цех орналастыруды шешкен. Ол «Бизнес-кеңесші» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламасы бойынша екі апталық курс тізіміне енгізілген. Содан кейін оған қажетті қондырғылар сатып алу үшін несие алуға жол ашылады.
– Бұл қаржы оған қондырғы сатып алуға қажет. Жігерлі жанның мүгедектігіне қарамастан өз ісін ашуға құштарлығы мен ынталылығы тәнті етеді. Оның бизнесінде барлық отбасы мүшелері еңбек ететін болады, – дейді филиал басшысы Тілек Нақпаев.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы,
Мұғалжар ауданы.