Әдебиет • 05 Шілде, 2022

«Меценат» әдеби сыйлығының алғашқы жеңімпазы анықталды

762 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда «Меценат» әдеби сыйлығының алғашқы жеңімпазы анықталды. Ел патриоттары мен руханият жанашырларының азаматтық жобасы саналатын тәуелсіз бәйгеде топ жарған әдеби романның авторы өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы алып отыратын болады.

«Меценат» әдеби сыйлығының алғашқы жеңімпазы анықталды

Марапаттау рәсіміне қатысқан зиялы қауым қай елдің болса да әдебиеті қаржылай қолдауды қажет ететінін, мұндай іске мемлекетпен қоса бизнес өкілдерінің үн қосуы қуантарлық іс екенін ілтипатпен айтты. Мұндай оқиғалар тарихымызда қалыптасқан оң үрдіс деген Мәдениет және спорт министрлігінің  Құжаттарды басқару мен мұрағат ісі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ақтілек Тәжі салтанатты рәсімді аша отырып: Жетісу өңірінде жомарт жандар негізін қалаған әйгілі Мамания мектебі Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров секілді біртуар қаламгерлерді қанаттандырғанын, Арқада атақты Ақайдың Қасені, Қаражан Үкібаев сиқты жомарт жандар әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне сүбелі үлес қосқанын тілге тиек етті.

Сонымен, бәйгеде Қазақстан тақырыбын арқау еткен 61 роман бақ сынаған. Олардың арасынан үздік деп танылған 21 шығарма оқырманның дауыс беруі арқылы өзара сынға түсті. Байқау нәтижесіне сәйкес белгілі публицист Шархан Қазығұл «Күлпет» романы үшін айтулы жобаның тұңғыш лауреаты атанды.

– Әкем айтатын: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма! Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді. Қазықтың ұшы болсаң, жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды». Осыдан асқан пәлсапа жоқ. Шынында да, алтын аралықта жүргеннен асқан жұмақ болсайшы?! Аталмыш конкурсқа қатысқан барлық әріптестеріме өзімнің ризашылық сезімімді білдіремін. Сәттілік деген ұғымның құдіретіне тағы да иланып отырмын. Менің жеңісім барша қаламдастарыма жұғысты болсын. Сөз жоқ, «Меценат.кз» әдеби конкурсының мақсаты жеңімпаз анықтау емес. Керек десеңіз, хас жүйрікті өмірдің өзі аренаға алып шығады. Мәселе басқада. Меніңше, бұл әдеби байқаудың маңызы әріде жатыр. Қазақстанда роман жанрын дамыту, сол арқылы елден әлемдік деңгейдегі жазушыны шығару. Биылғы конкурс өз дегеніне жетті. Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанда жүздің айналасында роман жарық көрсе, конкурс жарты жылдың ішінде жетпіске жуық шығарманың басын жинай білді. Бұл – үлкен сандық көрсеткіш. Бұл ірі жоба келесі жылдары сандық көрсеткіштен сапалық көрсеткішке көтерілетініне де шүбә келтірмеймін. Егер осы конкурс жыл сайын өтетін болса, Қазақстан жазушылары шын қамқорлықты сезінетіні даусыз. Әрине, бүгін әдебиет туралы айтпай кету мүмкін емес. Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті қандай болуы керек деген сұрақтың маңайында аз-кем ойымызды айта кеткеніміз жөн болар. Көркем шығарма қалай жазылуы тиіс? Кез келген қаламгер ең алдымен  осы сұраққа жауап іздеуі керек. Мына жалған дүниеде мен кіммін? Бұл туралы «Қылмыс пен жаза» романының авторы Федор Достоевский де өз кейіпкері Раскольниковтің аузымен айтып кеткен: «Тварь ли я дрожащая или право имею...». Иә, адам мына өмірге не үшін келеді? Миссиясы не? Бейшара болып өмір сүру үшін бе? Әлде Құдайдың сыйлаған өміріне лайықты жауап беру үшін бе? Адам жанын зерттегісі келген кез келген жазушы осы философиялық постулатқа жауап іздеуі керек деп ойлаймын. Қазақ жазушысы енді өз орбитасынан шығып, бүкіл адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтардың жауабын іздеуі керек. Бірақ біз тек өз тамырымыздан үзілмегенде ғана өркениеттің биігіне жете аламыз. Сондықтан да қазақ жазушысы өз ұлтының идентикасын жоғалтпай отырып, басқа ұлттарды мойындата алатынын ешқашан естен шығармауы тиіс, – дейді Шархан Қазығұл.

Байқау барысында ақтық сынға дейін жетіп оқырман сүйіспеншілігіне бөленген 10 автор марапаттау рәсіміне қатысып, баспагерлермен бірге бүгінгі әдебиеттің өрісі төңірегінде әңгіме өрбітті. Отандық әдебиетті қолдауға арналған бірегей жоба жыл сайын жалғасын табатын болады.

– Біздің байқауда енді ғана төлқұжатын алған 18 жастағы қаламгер де, тіпті 80-ге келген қарт та жеңімпаз атана алады. Қатысушылардың жасына, аймағына ешқандай шектеу жоқ. Қазақстан азаматы болса болғаны.  Соңғы 120 жылда біздің тарих алуан түрлі трагедиялық және комедиялық оқиғаларды бастан кешірді. Қазақстанда XX  ғасырдың аласапыран кезіндегі әжеміз бен атамыздың естеліктері қалмаған этнос, отбасы жоқ. Ал, біз 1970-80 жылдары туғандар қайта құру кезеңі мен аласапыран 90-жылдарды есімізде сақтап өстік. Жердің барлық тұрғындарына біздің өзгешелігімізді, біз жайлы түсіндіріп беретін тарихи романдар жазуға болады, – дейді жоба авторы Ерлан Асқарбеков.

Салтанатты шараға келген әдебиет жанашырлары мен қаламгерлер байқау төңірегінде ғана емес, қазақ руханиятының бүгінгі өзекті мәселелері туралы ой бөлісті.

– Қазіргі кезде, жалған сезімдерді, жасандылықты насихаттайтын фильмдер, спектакльдер, бейнебаяндар, қысқа бейнероликтер, музыкалар, кітаптар қаптап кеткен сыңайлы. Адам жанына терең үңілмейтін, клиптік ойлау жүйесіне икемделген шаблонды түсініктер кеңінен таралуда. Оны өмірдің шынайылығы деп қабылдап алғандар махабатын да, досын да, қасын да, Отанын да, ата-бабасын да танымайды. Өйткені олар өмірден тым алыс, тым арзан түсініктердің қалқасында адасып қалған. Бұл халықтың рухани қауіпсіздік мәселесі десек, асыра айтқандық емес. Заман нағыз өнерді жекпе-жекке шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Кез келген адамның қолында жеткілікті ақпарат бар. Шынайы өмірмен бірге күнде мыңдаған сериалдар мен шаблонды фильмдер, инстаграм мен тик-токтағы видеолар бәсекеге түседі. Солардың арасынан нағыз таланттың даусы жарып шыға ала ма? Бәсекеге қабілетті ме? Міне сол сұрақ. Сол үшін де өнер адамдары күресуі керек деп санаймын. Өйткені пафос фильмдер адамның жанын, ішкі әлемін қоқысқа толтырып тастайды. Қоғам шынайы өмірден ажырап қалады. Шын өмірден қол үзіп қалу деген – түгел қоғамның дертке ұшырауы. Ненің өтірік, ненің рас екенін айырудан қалады. Кім қаттырақ сөйлесе соны тыңдайтын болады. Ал бұл жағдайды біздің елімізде ара-тұра кездестіріп қалатынымыз белгілі. Ал бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Адамзатты жалған түсініктерден арашалап қалу үшін өнер майталмандары, жазушылар талмай еңбектенуі қажет деп санаймын. Романдар көптеп жазылып, олар барынша насихатталған сайын, аудитория кеңейе түспек, сәйкесінше, автор тек шығармашылықпен күн көретін дәрежеге жетеді. Яғни, кәсіби жазушы болуға бір табан жақындайды. Ал «Меценаттың» жүлдесі – өмір бойына жазушы үшін таптырмас мүмкіндік. 500 АҚШ доллары орташа айлық жалақы. Ол бүкіл өмірін жазуға арнай алатын мүмкіндікке ие болады, –  дейді жазушы, драматург Әлішер Рахат.