Аймақтар • 06 Шілде, 2022

Сапа нарығында бәсекелестікке жол ашылады

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде ғаламдық технологиялық үдерістердің нәтижесі білікті мамандар көрсеткішіне байланысты айқындалуда. Осы орайда ел экономикасындағы сапалық көрсеткіштерді арттыруда стандарттау және метрология мамандарына қойылатын талаптар күшейіп келеді. Сәтбаев университетінде ашылған KazStandard Academy халықаралық талаптар үдесінен шыға отырып, ел нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлау ісіне басымдық беріп отыр.

Сапа нарығында бәсекелестікке жол ашылады

Соңғы жылдарда техникалық білім берудің маңызы артуда. Бұл бағытқа Президент Қ.Тоқаев аса мән бере отырып, білімге деген көзқарасты өзгерту қажеттігін үнемі қаперде ұстап келеді. Яғни инженер-өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлаудың кезі келді. Өндірілетін және импортталатын өнімнің сапасына қойылатын талаптардың күшеюіне байланыс­ты бәсекеге қабілетті мамандар көрсеткішін арттыру уақыт талабына айналды.

KazStandard Academy-ның ашылу салтанатында сапа саласында көшбасшы болып табылатын Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Satbayev University арасында меморандумға қол қойылып, қатысушылар екі жақты ынтымақтастыққа сәйкес кадр мәселесіне назар аударды.

Академияның ашылу салтанатында Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Әбенов, Қазақ­стан стандарттау және метрология институтының бас директоры Ғабит Мұхамбетов, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, KazStandard Academy жетекшісі Қасым Елемесов және тағы басқалар KazStandard Academy дамытудағы іс-шараларға қатысты міндеттерді талқылады.

Қазақстан стандарттау және метрология институтының бас директоры Ғабит Мұхамбетов өз сөзінде: «Біздің мақсатымыз – экономиканың барлық салаларын стандарттау және метрология саласындағы мамандармен қамтамасыз етуге көмек көрсету, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін өндірістік алаң құру. Satbayev University-де қос тарапты білім беруді енгізуге басымдық берілуде», деп атап өтті. Сонымен бірге тәуелсіз мемлекетіміздің дамуында айрықша рөлге ие жоғары оқу орындарының бірі ретінде Satbayev University еліміздің тау-кен, мұнай-газ саласына бірнеше буын білікті мамандар даярлап, бүгінде олар белгілі ғалымдар, инженерлер, басқару жүйесінде беделді мамандар ретінде таныл­ғанына тоқталды. Бүгінде Satbayev University Орталық Азия өңіріндегі ірі ғылыми зерттеу хабына айналу мүмкіндігіне ие. Ғ.Мұхамбетовтың айтуынша, пандемиядан кейінгі және қазіргі геосаяси жағдайларға сергек қарай отырып, бүгінгі нарық талаптарына сай білікті мамандар даярлау мәселесіне назар аудару еліміздің білім беру саласы­ның алдында тұрған маңызды міндет. Осы орайда Қазақстан стандарттау және метрология институты Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, бірқатар ауқымды істерді жүзеге асырды. Ендігі кезекте барлық беделді құрылымдардың мүшесі ретінде білікті мамандар даярлау ісіне белсенді атсалысатын болады. Осы орайда Ғ.Мұхамбетов оқытушы-профессорлық құрамды, ғалымдар мен студенттерді осы жобаға қатысуға шақыра отырып, халықаралық кеңістікте бәсе­ке­лестікті арттыруда теория, білі­к­тілік, тәжірибе жинау үшін тех­ни­калық базалық мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті. Нақты айтқанда, «Стандарттау және сертификаттау» және «Метрология және метрологиялық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша магис­тратура мен докторантура ашу, профессорлық-оқытушылық құрам құзыретін арттыру, R&D, стан­­дарттау, метрология және сер­ти­фикаттау жөніндегі оқулық­тар­ды, оқу құралдарын қолдана оты­рып, қолданыстағы білім беру бағдар­ламаларын дамыту және жаңартуға басымдық берілетін болады.

Қазақстанда өндірілген тауар­лар­дың әлемдік нарықтағы бәсеке­лес­тігіне жағдай жасау өнді­ріс­тегі үрдістердің оңтайлануы және дәлдігімен тығыз байланысты. KazStandard Academy мақсаты стандарттар сапасын арттыруда мамандар жұмысының нәтижелі болуына ықпал ете отырып, кәсіби жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін білім алаңына айналуды көздейді. Ол үшін халықаралық талаптарды еліміз нарығына икемдей отырып, магистратура, докто­рантура, сонымен бірге стандарттау мен метрология саласындағы инновациялық қызметті де дамыту қажеттігіне назар аударатын болады.

 

АЛМАТЫ