Қала күні қарсанында астана архивіне бас сұққан болатынбыз. Заманауи цифрлық технологиямен жабдықталған мұрағат ордасы жылдан жылға жақсы жаңалықтарымен қуантып келеді. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, жаңа құрылғы NSM мұрағаттық оптикалық жетегі бұрынғы жабдыққа қарағанда әлдеқайда тиімді жұмыс атқаруда. Ақпаратты сақтауда және жазу процесінде өзін толық дәлелдеген.
Мәселен, құжаттарды таспалап, кез келген уақытта сақтауға және пайдалануға болады. Тіпті қауіпсіз CD дискілерге көшіре аласыз. Сондай-ақ RFID технологиясын пайдалану тиімділігі жоғары. Әсіресе автоматты түрде объектіні анықтау барысында көмегі зор. Радиосигналдар RFID тегтерінде сақталған деректерді оқиды әрі жазады. Бұл тегтер қағаздағы әріптерді түгендеп, есепке алады. Қазір архивте RFID технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев ол үшін ЭЛАР компаниясының арнайы бағдарламалық жасақтамасы орнатылғанын жеткізді.
«Біз енгізген автоматтандырылған ақпараттық жүйе электронды қор құру арқылы қағаз түпнұсқалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл процесс тозығы жеткен қағаз құжаттарды айналымнан шығаруға мүмкіндік берді. Біздің реставрациялық зертхана бірегей және Қазақстанда баламасы жоқ лаборатория. Бүгінде оның көмегімен 8 мыңнан астам парақты, яки аса құнды тозығы жеткен мұрағаттық құжаттарды қалпына келтірдік. Әрбір материалды біздің мамандар мұқият «емдеуде». Атап айтқанда, қалпына келтірудің соңғы әдісі бойынша зиянкестермен күрес инертті газбен жүргізіледі. Бұрын бұл ретте формалин, тимол және басқа да бактерияға қарсы заттар қолданылған. Арнайы үтіктің көмегімен жабық полиэтилен жастықшасы жасалады, оған зиянкестермен күресуге арналған құжаттар орналастырылады. Өңделген құжаттар төңкеріліп, тазалау машинасында (шаң жинағыш) тазартылады. Бұл құрал өте маңызды, әсіресе ескірген құжаттар үшін. Толығымен тазартылған құжат қалпына келтіруге жіберіледі», дейді М.Бектембаев.
Архивтің негізгі міндеті – қорлардың сақталуын қамтамасыз ету. Мәселен, ұрлыққа қарсы «электронды қақпаларды» орнату арқылы қоймалардағы құнды ақпараттарды қорғауы шарт. RFID технологиясына негізделген жүйелер құжатты бөгде біреу рұқсатсыз алып жатқанда сигнал беріп қана қоймайды, қандайда бір маңызды мәтіннің ұрланып жатқанын хабарлайды екен. Осылайша, RFID технологиялары архив файлдарының қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Барлық белгіленген құжатты компьютер басқарады.
Бір әттеген-айы – заманауи құрылғылармен жұмыс істейтін мамандардың жеткіліксіздігі. Тәжірибеде көрсеткендей, озық технологияларды меңгеру оңай шаруа емес. Архив мамандары заманауи қалпына келтіру әдістерін толық білуге тиіс.
«Шынында, біздегі өзекті мәселенің бірі – жаңа құрылғының тілін білетін маманның жетіспеушілігі. Елімізде бірде-бір жоғары оқу орны реставрация жұмысын жүргізетін маман даярламайды, соның салдарынан кадр тапшылығы қол байлау болып отыр. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві кітапханашыларға, сақтаушыларға сондай-ақ кітапхана, музей және архив қорларының сақталуына жауапты басқа тұлғаларға арналған реставрациялау жұмыстары бойынша біліктілігін арттыру курсын өткізеді. Нәтиже жаман емес», дейді М.Бектембаев.
Архив құжаттарынан 1915 жылдан бастап елорданың тарихын көруге болады. Қазіргі сәтте архивтің сақтауында 725-тен астам қор бар, оларда 390 020-дан астам сақтау бірлігі жинақталған, түстеп айтсақ: тарихи қорлар (революцияға дейінгі), басқарушылық құжаттама, жеке құрам бойынша құжаттар, жеке тектік құжаттар (жеке қорлар), фотоқұжаттар. Олардың ішінде Абылай сұлтанның және сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің император Екатеринамен хат алмасуы, Абылай ханның патша өкіметіне ант қабылдағаны туралы хаты, Сенаттың жарлықтары оқырманның ерекше қызығушылығын тудырады.
Архив мекемесінде электронды оқу залы бар, онда зерттеушілер тізімдемелермен танысып, қажетті файлдарды таңдай алады. Содан кейін шетелдіктерге архив құжаттарының электронды көшірмелері беріледі. Мәселен, жуырда архивтің оқу залында француз ғалымы, Орталық Еуропа тарихы орталығының аға ғылыми қызметкері Марк Эли келген. Ол Целиноград облыстық атқару комитеті және Қазақ КСР Совхоздар министрлігі жинақтарының сандық көшірмелеріне тапсырыс беріпті. Ғалым астаналық архивтің жаңа технологиясына тамсанып кеткен.
Биыл қалалық архив «Архивтер мен кітапханалар» жобасы аясында Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылынан қашықтан оқу залын ашқан. Онда елордалықтарға архив құжаттарымен жұмыс істеуге бар жағдай жасалған. Архив желісі кітапхана желісімен VPN туннелі арқылы қосылған. Енді ғылыми қызметкерлер кітапхананың оқу залында кітаптармен де, мұрағат құжаттарымен де жұмыс істей алады. Архив саласына цифрландыру дәуірі келді деген осы.