Бүгінде инновациялық даму барлық салада таңсық емес дүниеге айналғалы қашан. Ал осы инновацияның ғылыммен байланысы аса түсіндіруді қажет етпесе керек-ті. Себебі, инновация жаңа, жаңару сөздерінің ұғымын береді. Олай болса сөз еткен ғылым да жаңарып, жетіліп отыратын сала. Міне, осыны негізге алған Астана қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі «Тұран-Астана» университеті жуырда «Ғылыми-инновациялық даму – жоғары білімді жетілдіру факторы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өткізді.
Конференция Қазақстан жоғары оқу орындарын аккредиттеудің және академиялық саралаудың әдіснамалық негізі, пәнаралық байланыстарды кіріктіру жағдайында болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, қазіргі кезеңде мамандарды даярлаудағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Қазақстан экономикасының инновациялық-индустриялық дамуын есепке ала отырып, модульдік білім бағдарламаларын құру мәселелерін қамтыды.
Профессор Джем Танова (Солтүстік Кипрден), ресейлік ғалым Василий Чекмарев, Қытай Халық Республикасынан Нұрбай Әбдісалих, Эстониядан келген профессор Ханон Барабанер, әзербайжандық ғалым Орхан Хасаноглу және Швейцария мен бізге көрші елдерден келген басқа да көптеген оқымыстылар сөз алып, ақпараттық технологиялар жедел дамып келе жатқан қазіргі заманда білім берудің жаңа жолдары қалыптасқандығын атап өтті.
Ғалымдардың айтуынша, қазіргі күні ғылыми-инновациялық даму мәселесі бүкіл әлем бойынша аса өзекті бола түсуде. Жаңалықтар күн сайын ашыла бастады. Міне, осындай жағдайда білім беру ісінің заман талабына сай жедел дамуының өзі оңай емес. Оқытушы ғалымдар осы мәселені жан-жақты талқылады.
Нұрлан МАНСҰРОВ.
АСТАНА.