Елорда • 06 Шілде, 2022

Ақжайнақ астана

487 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Егер әр қаланы жеке адам ретінде қарасақ, онда елорда жас мөлшерімен бозбала болып танылар еді. Қаншама ұрпақ мойнына бұршақ салып тілеген, әрбір тамыры үшін бабалары шаһит кешіп жаннан түңілген шежірелі бозбала. Рухында үміт пен сенімнің, мехнат пен арпалыс жолдың табы қалып ерте есейген бозбала.

Ақжайнақ астана

Елорда асу-асу тарихтың, айбынды ғасырлардың қасиетті нүктесі іспетті. Иә, тарих өткенімен емес, бүгінімен бағаланатыны шындық. Қазақ халқы аңғал, албырт ниетімен, досқа адал, дұшпанға қатал батыр болмысымен бүгінгі арайлы таңға жетті. Аппақ таңның көз қарықтыратын әсемдігін көргісі келген жан бас қала, бағаналы ордамызға назар салсын.

Елорда аз жыл ішінде зәулім сарайлар мен биік тұғырларға толы шаһарға айналды. Еуразияның төрі мен Сарыарқаның жүрегі Алаш баласының бас қосатын ақбоз шатырына ұласты. Төрткүл дүниенің көзі бізге тіктеліп, қадау-қадау тұлға қазақ ордасында бас қосты, лебізін білдірді. Ұлы далада Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Отырар, Түркістан, Тараз, Орынбор, Ақмешіт, Алматы сынды алып халыққа астана болған қалалардың күмбезі тік шаншылғаны белгілі.

Алайда елордамыз кеше мен бүгіннің бағаналы көпірі бола білді. Еңсесі биік шаһарда тұрғызылған ғимараттар мен ма­ңызды кешендердің саны мол. Биіктігі 97 метр «Астана-Бәйтерек» кешені, «Ата­мекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды ке­ше­ні, «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы, «Бей­бітшілік пен келісім сарайы», «Қазақ елі» мемориалды ке­шені, «Отан Ана» кешені сынды жо­балар пікірімізге дәлел, сөзі­мізге тұздық. Көшпенділік дүние­таным мен ұлттық тамыр­ға бай­ланған «Бәйтерек» мону­мен­ті­нің тарихы шұңғыл тереңде. Негізгі идеясы – бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған бүкіл Алаш баласының ғұмырлық мұ­ратын білдіреді. Бәйтеректің негізгі ұстыны Бейбітшілік да­ра­ғы болып саналады. Ежелгі, астарлы ұғымында «бәйтерек» сөзі­нің өзегі «өмір ағашы» деген мағынаға жуық. Міне, осы жа­пы­рақ жайған алып ағашқа ерте­дегі ертегілерде кездесетін қасиетті құс – Самұрық айқара жазылған кең қанаттарымен айналасын тұтас жауып ұшып келеді. Ол өмірдің қойнауын өркендетіп, ғасырлар бойы қа­ланған алтын жұмыртқасы бар өмір ағашына, Бәйтерекке қо­нады. Кейбір аңыз бойынша мифо­логиялық Бәйтерек «о дү­ние» мен «бұл дүние» арасын жалғаушы жол ретінде саналады. Алып теректің ерекше қасиеті сол, оны айнала ән салып, сұ­раған адамдардың тілегі қабыл болып, жақсылыққа өзгереді екен. Елорданың бас жоспары аясын­да салынған нысанның сыз­ба-жобасын әлемдік сәулет өне­рінің шеберлері жасап, Ресей ака­демиясының сәулетшілері, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава және «Ақорда» қазақ­стандық жобалау-құрылыс компаниясы орнатқан болатын.

Иә, елорда жайлы әртүрлі аңыз мен көл-көсір жыр бұдан әрі де дүниеге келе бе­рері сөзсіз. Ұлттың ұйытқысы мен бей­бітшілігіне орасан зор сер­пін беріп, кеудеге сенім мен мақ­таныш ұялатқан ақжайнақ қаланың тағдыры толағай оқиға­ларға суарылмақ. Елорда төсінде қан­шама жаңа ұрпақ туған, соны қадамдарға, ерен істерге бастамақ. Білім мен ғылымға шөлдеген зерделі жастар азаттық аспаны аясында көкірегін нұрға, ішін санаға толтырмақ.

«Ассақ та кіл шыңдардан;

Үкілеп Үмітімді —

Тау талып, күрсінді орман. 

Күн бұлтқа тығылардай

Көркіңнен қымсынғаннан.

Астанам — Құбыламдай,

Кеудемнен бүршік

жарған!»

деп Айт-Ман ақын жырға қос­қандай, әр қазақтың кеудесінде бүршік жарған алып қалаға деген адуын сезім ғасырлар бойы лаулай бергей.