Неге екен, астана десе, үнемі ойымызға жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның: «...Иероглиф әлі ешқандай белгі түспеген таза параққа келісті түседі», деп қазақтың кіндік қаласы турасында айтқан тосын ойы орала береді. Расымен де, сол сонылығы, сол жастығы һәм сол жаңашылдығымен де бүгінде елордамыз әлем тамсана қарайтын ірі мегаполиске айналды. Күн сайын бой көтеріп, елорда келбетін кемелдендіріп келе жатқан сұлу ғимараттар да бас қаланың сұлулығына сұлулық үстеп, архитектуралық һәм тарихи мазмұнын байытып келеді. Соның ішінде, әсіресе, көркін күн сүйген сұлу шаһарға сән беріп қана қоймай, тұрғындарының рухани кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан мәдени ошақтардың – театрлар мен мұражайлардың орны тіптен айрықша.
* * *
Бүгінде бас қаланың мәдени брендіне айналған сондай өнер ошағының бірі де бірегейі – Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылған Орталық Азиядағы осынау ірі өнер ордасы әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріле отырып салынған ғаламдық архитектураның айшықты үлгісі саналады. Техникалық жабдықталуы жағынан да дамыған, мәдениетті елдердің біразын артқа тастайды. Театр тарихындағы талай ғасырға созылған тәжірибенің тек озық жетістіктерін негіз еткен мәдени мекен бүгінде әлемдік стандарттарға толықтай жауап береді. Үлкен залы 1250 көрерменге, камералық залы 250 орынға есептелген театрда қай кезде де аншлаг.
Astana Opera репертуарында атақты ұлттық композиторлар шығармалары – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Ғ.Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті қамтылған. Сондай-ақ әлемдік классикадан – Дж.Вердидің «Аида», «Травиата», «Дон Карлос», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», «Жібек саты» опера-фарсы, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы мен «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Щелкунчик» балеттері, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», А.Хачатурянның «Спартак», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Минкустың «Баядерка», «Дон Кихот», А.Аданның «Корсар»,«Жизель», Л.Делибтың «Коппелия», М.Фокиннің «Шопениана» мен «Шехерезада», Б.Эйфманның «Роден», Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы», К.Макмилланның «Манон» және тағы да басқа қойылымдары көрермен назарына ұсынылған. Театрдың бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Театр спектакльдері сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның қатысуымен Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Джанкарло дель Монако, Алан Бөрібаев бастаған атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымында театрсүйер қауыммен қауышты. Astana Оpera сахнасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева және тағы да басқа әйгілі қазақстандық әртістермен бірге әлемдік музыка өнерінің жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Ильдар Абдразаков бастаған мәдениет майталмандары өнер көрсетті. 10 жылдық тарихында Astana Оpera театры екі мәрте лауреат атанып, А.Жұбанов және Л.Хамидидің «Абай» операсы үшін мәдениет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы (2018) мен «Жылдың театрлық алаңы» аталымы бойынша классикалық өнер саласындағы BraVo халықаралық сыйлығына ие болды (Мәскеу, Ресейдің Үлкен театры, 2019).
* * *
Еңселі елордамыздың келбетін одан әрі көріктендірген тағы бір әсем мекен – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының жақында бой көтерген су жаңа ғимараты. Бас шаһар төрінде қазақ драма театры ғимаратының салынуы – айтулы оқиға, асқақ арман, тарихи сәт. 1991 жылдың қарашасында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың тікелей бастамасымен тақыр жерден ту көтерген тағылымды орда бүгінде елдігімізбен егіз жасасып, жасампаздықтың жарқын рухымен жүректерді жігерлендіріп, көңілдерді кемелдендіріп, көрерменін әманда тек рухани байытып келе жатыр.
Театр құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталып, 2020 жылы күзде аяқталды. Жоба авторы – Беджет Пацолли, бас инженері – Мұстафа Ибраһим. Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынұлы және Сарыкөл көшелерінің қиылысындағы ғимараттың жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асады. Заманауи заңдылықтарды сақтай отырып ұлттық колоритте салынған үш қабатты нысанның ішінде өнер ұжымына қажетті дүниенің бәрі ескерілген. 645 орындық үлкен зал мен 202 орындық камералық зал, сонымен қатар рухани азық алатын ғимаратта көркем галерея, мейрамхана мен мәжіліс залы да қоса қамтылған.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңаша қойылымдармен толықтырып келеді. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай», «Қорғансыздың күні», «Айман-Шолпан», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», «Аққудың көз жасы», С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали», «Шәмші», А.Дударевтің «Кеш», Дж.Патриктің «Қымбатты Памела», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы», Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма», Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние», А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген», В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар», М.Әуезов пен Қ.Ысқақтың «Қараш-Қараш», О.Жанайдаровтың «Жұт», А.Чеховтің «Шие», У.Шекспирдің «Отелло», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Ф.Болоньяның «Байланыс аясы», И.Кальманнің «Кабаре жұлдызы», Р.Кунидің «Туған күн», К.Кизидің «7+1»,
Ұ.Есдәулеттің «Зере», Т.Әсемқұловтың «Құнанбай», Р.Мұқанованың «Бопай», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ғ.Мүсіреповтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш», Э.Шмиттің «Хат» спектакльдері елорданың мәдени өміріне нәр беруде.
Иә, Қаллеки театрының астананың рухани-мәдени өмірінен алатын орны айрықша. Себебі бұл ғимаратты театрдың негізін қалаған Жақып Омаров, қалыптасу жылдарын жасаған Қадыр Жетпісбаев, мұхиттай шексіз талантын метафораға сыйдырып, кішкентай сахнадан үлкен өнер жасап, әртістерді тұлғалық жолға салған Әзірбайжан Мәмбетовтер арман етті. Бұл ғимарат сәулетімен ғана емес, тарихымен, шығармашылық әлеуетімен де құнды. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып, өнеріне бас иіп жатса, ол да талантты ұжым ізденісінің нәтижесі, бас қаламыздың мерейлі мәртебесі деп білеміз.
* * *
Астана тамырына тыныс сыйлап, бағытына бағдар берген тағы бір іргелі өнер ошағы – Астана қаласы Жастар театры. Осыдан тура 15 жыл бұрын бой көтерген жасампаз театрдың тағылымды тарихын елорда тағдырымен тең өруіміз тегін емес. 2007 жылдың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармаларының желісі бойынша қойылған «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түрген театрдың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді.
Жастар театры – сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Өзінің 15 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 14 Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем. Бүгінде театр репертуарында 50-ден аса спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық қызықты қойылымдар.
Күні кеше ХV мерейтойлық театр маусымының шымылдығын түрген Жастар театрының ізінен ере елорда төрінде еңсе тіктеген тағы да бірнеше жас театрдың аяқ алысы мен шығармашылық қарымы да көңіл қуантады. Атап айтсақ, «Астана мюзикл», Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры мен Жас көрермендердің музыкалық театры да бүгінде елордалық талғампаз қауымның көңілінен шығып, көзайымына айналған үздік өнер ұжымдары ретінде бас қаламыздың рухани кемелденуі жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.
* * *
Бас қаламыздың ұлағат ұясындай болған Ұлттық музейдің де елордамыздың мәдени өмірінен алар орны ерек. Аумағы 14 мың шаршы метрді құрайтын Ұлттық музей ғимараты дүние жүзіндегі ең үлкен мұражайлардың қатарына кіреді. Әртүрлі тақырып бойынша жүйеленіп бөлінген 8 көрме залының халқымыздың ғасырдан-ғасырға тамыр тартатын өткенін, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда рөлі ерекше. Ежелгі дәуірлерден басталып, бүгінгі жарқын заманмен жалғасқан төл тарихымызды танытатын мәдени мекенде түйсігі бар жанға түрлі ой салар қаншама құнды дүниелер жетерлік. Жиналған жәдігерлердің еліміздің өткені мен бүгінгісі туралы ой салып, жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде ықпалы зор. Себебі музей – ғылым мен білімнің ортасы. Ол әрбір мемлекеттің ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын, рухын асқақтататын құдірет.
Күллі түркінің киелісі саналатын Күлтегін ескерткішінен бастап, жыл санауымызға дейінгі уақытта өмір сүрген адамдар жасаған тас құралдар мен кейбірі жер бетінен мүлдем құрып кеткен жануарлардың қураған сүйектерін шашауын шығармай сақтап, көне мен бүгінді жалғап отырған ұлттық музейдің, шын мәнінде, ұлттық руханиятымызға сіңірер тағылымы мол. Музейдің тәуелсіздігімізге, астанамызға арналған бөлімдері де құнды құжаттар мен сирек фотосуреттерге бай. Онда қарышты Қазақстанның әр саладағы сәтті қадамдары барынша айшықты көрініс тапқан. Ұлттық музей – ұлттық құндылықтардың жаршысы.